Accessibility links

17 қазан - дүниежүзілік кедейшілікке қарсы күрес күні


Қазақстан Орта Азия елдеріндегі шикізат қоры мол мемлекеттердің бірі болып табылады. Кейбір сарапшылардың айтуынша, осыған қарамастан Қазақстанда кедейшілік жойылмай, керісінше күн өткен сайын қатты белең алып барады. Мұның себебі неліктен?

Қазақстанда кедейшілік туралы әңгіме қозғалғанда, ресми билік мемлекеттегі тұрмыс-тіршілікті Орта Азиядағы өзге елдермен салыстыруды үрдіске айналдырды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та өз баяндамаларында, Қазақстанның өзге елдермен салыстырғанда экономикалық тұрғыдан көтеріліп келе жатқандығын жиі мысалға келтіріп жүр. Ал, Алматыдағы Сейфуллин көшесіндегі көптеген жұмыссыздардың бірі Қанат есімді азамат Қазақстанда кедейшілікке қарсы күрестің жүргізіліп жатқандығына сенімсіздікпен қарайды. Ол Сейфуллин көшесіне кедейшілікке ұшырап, күнделікті нәпақасын табу үшін келетін жұмыссыздар санының азайғандығын емес, керісінше көбейіп бара жатқандығын байқапты. Қанаттың күні де ауылында тұратын шешесінің зейнетақсына ғана қарап қалғандықтан Алматы қаласына келіп, күнін көруге мәжбүр болыпты.

Алматыдағы Бостандық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығының бөлім меңгерушісі Нұргүл Қырғызбаева дүйсенбі күні “Азаттық” радиосына, жаңа жылдан бастап тұрмысы нашар азаматтарға көрсетілетін көмек көлемінің ұлғайтылатындығын хабарлады. Жасы тоқсанға келген Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмет ақсақалдың айтуынша, соңғы уақыттарда базардағы бағаның аспандап кетуі, Қазақстандағы кедейшіліктің онан сайын белең алуына ықпалын тигізген. Осыған дәлел ретінде ол үкімет тарапынан қосылған ақшаның түкке жарамай қалғандығын сөз қылып, ең қажетті азық-түлік тауарлар бағасының қатты көтеріліп кеткендігін мысалға келтірді.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда кедейлердің саны 10 процентке де жетпейді. Алайда саясаткер Сейдахмет Құттықадам бұл деректің шынайылығына күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, Қазақстанда шикізат қоры мол болғандығына қарамастан, халықтың жартысы кедейшілік тұрмысты басынан кешіріп отыр. Халықтың басым көпшілігі жұмыссыз, ауылдың ауыр ахаулы да түзеле қоймаған.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда кедейшілік, әсіресе, ауылды жерлерде қатты белең алған. Бұл туралы кезінде көп сөз болғанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев

- «Ойбай, ауылда тұратын біздің қазақтар құрып жатыр, өліп жатыр, аштан қырылып жатыр, тозды, құрыды» деген біздің азаматтарымыз, барсын енді. Көрейікші, бәріміз осы жерде отырған. Шыныменен олар, ауылды, қазақты сүйетін азаматтар болса, барсын. Жазушылар барып, сол жердегі мектептерге өзінің білімін көрсетсін. Ғалымдар барып мектептердегі балаларды оқытсын. Егер де білімді дәрігерлер болса, ауылына барсын да, сол ауылының халқын емдесін. Көшсін ауылына. Тағы, тағы, тағы. Барсын да көмектессін. Ауылды, қазақты көтеретін, көмектесетін жағдай келді», - деп, сын айтқан еді.
XS
SM
MD
LG