Accessibility links

Қарағанды облысында жазасын өтеп жатқан бір топ адам өз денелерін жарақаттады


Қарағанды облысындағы түзеу мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан бір топ адам өз денелеріне қасақана жарақат салды. Бұл туралы сотталғандардың туыстары хабарлаған ақпаратты ҚР Әділет министрлігі растап отыр. Оқиға Қарағанды облысындағы Долинка елді мекеніндегі қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде болған. Әділет министрлігі келтірген ақпарат бойынша, 10 адам өздеріне жеңіл жара салған. Алайда, тұтқында отырғандадың туыстары келтіріп отырған мәліметтері бойынша зардап шеккендер саны 20 адам.

Сотталғандардың туыстары: «Жазасын өтеп жатқандар түзеу мекемесінің басшылығына наразы болып, өз қарындарын жарған», - дейді. Ал Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі басқармасының өкілі Марат Абдулиннің айтуынша, денелеріне жарақат жасағандардың ешқайсысы ауруханаға жатқызылмаған. Олардың барлығына медициналық көмек түзеу мекемесіндегі дәрігерлердің күшімен жүргізіліпті.

- Сотталғандардың жарақаттары ауыр емес, - дейді Марат Абдулин.

Бұған дейін жазасын өтеп шыққан, өз аты-жөнін айтқысы келмеген 30 жастағы жігіттің айтуынша, Қазақстандағы түзеу мекемелеріндегі тұтқындардың жағдайы нашар:

- Бұл жағдайлар бұрын болған, қазір де болып тұрады, болашақта да болады деп ойлаймын. Өйткені, түрмедегі жағдай қиын. Тамағының сапасы нашар, басқа жағдайы нашар. Оған камерада отырған адамар шыдамайды. Бірақ, наразы болғандар карцерге қамалады.

Әділет министрлігінің ақпаратына сәйкес, сотталғандар іштерін кескенімен барлығында бұл жарақатты бір жерінен жасаған. Және қарындарын жарғандары жоқ деп отыр.

- Сотталғандарда бір мәрте қолданатын қырыну құралдары болған және жарақат жасауға кез-келген затты жаратуға болады, - дейді Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі басқармасының өкілі Марат Абдулин.

Тіпті, еденге қағылған шегемен де дене кесуге болады дейді ол. Ал, «Түрмедегі реформалар» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Вера Ткаченконың айтуынша, мұндай оқиғалар Қазақстанның қамау мекемелерінде жиі болып тұрады.

- Сондықтан, түрмелер мен колониялар қоғам үшін ашық болғаны жөн, - дейді ол.

Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі басқармасының өкілі Марат Абдулиннің айтуынша, жазасын өтеп жатқандар режимді жұмсартуды талап еткен.

- Мысалы, сотталғандардың біреуі көрші отрядта отырған жерлесіне барғысы келеді. Ал қатаң режимдегі колонияда кез-келген қозғалыс тек мекеме басшылығының рұқсатымен жасалады. Мысалы, кітапхана немесе дәрігерге бару үшін осындай рұқсат керек. Және бастысы - сотталғандар сот шешіміне наразы екендіктерін білдірген. Біз мекеме ретінде тек айыптыларды жазалауға міндеттіміз. Өйткені, сотталғандардың барлығында сот шешіміне наразы болып, істі қайта қарауға өтініш жазуға уақыттары және құқықтары болған, - дейді Марат Абдулин.

«Түрмедегі реформалар» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Вера Ткаченконың айтуынша, қылмыстық атқару кодексінде бәрі нақты айтылған.

- Жалпы режимнен қатаң режимнің бірнеше айырмашылығы бар, ол - кездесу саны, хат саны және тағы басқалар. Ал кітапханаға баруға рұқсат сұрау керек деген шектеулер заңда жоқ, - дейді ол.

Ал Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі басқармасының өкілі Марат Абдулиннің айтуынша, Долинка елді мекеніндегі қатаң тәртіптегі колонияда аса ауыр қылмыс істегендер және бірнеше рет сотталғандар көп. ҚР Әділет министрі Зағипа Балиева қазір түрмеде жазасын өтеп жатқан адамдардың 80 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандары үшін сотталғандар деген болатын. Министр Балиеваның айтуынша, бұлай жалғаса берсе, түрмелерде көп ұзамай аса ауыр қылмыс жасағандар саны көбейеді. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда соңғы 5 жылда адам өлтіргендер саны 13 пайыздан 48 пайызға көтерілген.
XS
SM
MD
LG