Accessibility links

АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд Қытай елінің әскери мүмкіндіктерін жақсарту ісінде барынша айқындықты ұстануына шақырды


АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд Қытай елінің әскери мүмкіндіктерін жақсарту ісінде барынша айқындықты ұстануына шақырды. Ресми Бежіннің бұл саладағы құпия қадамдары әлемдік дәрежеде күдік туындатады, деді Рамсфельд. Қытай астанасына сапармен келген АҚШ Қорғаныс министрі Қытайдың экономикалық жағынан өркендеуін ресми Уашингтон қызу қуаттайды деді.

АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд өзінің Қытайға сапарын екі ел арасындағы қарым-қатынасты қияли ұғымдардан ада ету мақсатындағы ұмтылыстардың бір бөлігі деп түсіндіруде. Бежіңдегі Орталық партия мектебінде, сәрсенбі күні ол сөз сөйледі. АҚШ-тың сипаттауында Қытай елі өз әскери мүмкіндіктерін жақсарту мақсатында құпиялылыққа жол беріп отыр, деді АҚШ Қорғаныс министрі.

«Қытай әскери күшінің өсе түсуі өзге елдердің ресми Бежің мақсаты жөнінде ойлануына жетелейтіні және соған сәйкес әрекеттерге икемделетіндігі түсінікті де. Біздің бағамдауымызша, шұғыл және құпия түрде әскери мүмкіндікті жақсарту сенімсіздікті үстей түседі», - деді Рамсфельд мырза.

Рамсфельд сапарының алдында ғана Қытайдың ұшырған, ішінде адамы бар екінші ғарыш кемесі өз міндетін сәтті аятап, жерге оралған еді. Мұның өзі бұл елдің технологиялық мүмкіндіктерінің өсе түскендігін көрсеткен болатын. Атомдық физика мен экономикалық мүмкіндіктерінің қарыштап өсуі Қытайдың көршілері, АҚШ-тың одақтастары боп табылатын Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты елдердің мазасыздануына әкелуде.

Қытай басшылығын айқындық жолында жұмыс тындыруға шақырған Дональд Рамсфельдтің сөзіне орай оның қытайлық әріптесі Као Гаңчуан сәрсенбі күні баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Қытайдың әскери мүмкіндіктері арта түсуде деген пікірді жоққа шығаруға тырысты.

«Елдің басты мақсаты - экономикалық дамулар мен халықтың өмір сүру деңгейін көтеру. Қазіргі кезде Қытай қауіпсіздік саласына көп ақша бөле алмайды. Биылғы жылы елдің қорғанысына бөлініп отырған шынайы қаржы 30 миллиард долларды құрауда. Мұның өзі АҚШ-тың қорғаныс саласына бөліп отырған 500 миллиард долларлық бюджетінің бір бөлігі ғана сияқты көрінеді», - деді Као мырза.

Қытайдың қорғаныс саласына бөлетін қаржысына байланысты мұндай дерекке батыстық сарапшылар күмәнмен қарауда. Солардың бірі - Лондонда орналасқан тәуелсіз әскери кеңесші Александра Ашборн.

«Тіпті, Британия сияқты шағын елдің өзі қорғаныс ісіне жыл сайын 40 миллиард доллар бөледі. Мұның өзі қытайлық көрсеткіштен 10 миллиардқа көп болып отыр», - дейді Ашборн ханым.

Оның айтуынша, Қытай өзінің әскери күштерін шынында да жақсарта түскенге ұқсайды. Бірақ, бұл үдеріс сандық үстемдікке ұмтылу емес. Қытайлықтар батыс технологиясына шын мәнінде көп қызығушылық танытып отыр.

«Олар, шынтуайтына келгенде, өздерінің әскери мүмкіндіктерін арттырғысы келеді. Қытай дәстүрлі түрде жаулап алушы ел емес. Ол негізінен өз шекарасы ішінде өмір сүріп келеді. Олар өздерінің нашар техникалық мүмкіндіктерін заманауи техникалармен жаңашаландырып, жақсарта түскісі келетіндігі айқын болса керек», - дейді сарапшы Ашборн ханым.
XS
SM
MD
LG