Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.21.2005 жыл


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдардың басым көпшілігі алдағы президент сайлауына қатысты сараптама мақалалар мен сарапшылар пікірлерін назарға ұсыныпты.

«Айқын» басылымы жұмалық санында Қазақстан президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Мұрат Лаумуллиннің сайлауға қатысты пікірін беріпті. Оның пікірінше қазіргі президент Н.Назарбаев сайлаудың бірінші кезегінде-ақ 60-70 процент дауыс жинамақ. Сондықтан да сайлауда әкімшілік ресурстарын пайдаланудың еш қажеті жоқ деп ойлаймын деген ол «Айқынға» берген сұхбатында.

Ал осы басылымда жарық көрген тағы бір сараптама мақала ол «Екінші орын үшін таласта «тұяқбайшылардың» «бәйменовшілер» болып кетуі мүмкін бе?» деп аталады. Газет тілшісі Еркін Қалданның жазуынша, бүгінде сайлау науқаны қарсаңында президенттік таққа үміткерлер арасында Н.Назарбаевқа бәсекелес бола алатын басты адам кім болуы мүмкін деген заңды сұрақ туып отыр. Бір жағынан президент пен оның қарамағындағы адамдар алдағы сайлау әділ өтеді десе, екінші жағынан жергілікті жердегі шенеуніктер оппозицияға қарсы түрлі проблемаларды туындатып жатыр. Ж.Тұяқбайдың жақтастары егер әділ сайлау өтсе, екінші орын біздікі деп отыр. Ал, бүгінгі күннің электораттық рейтингі болжамының нәтижесі бойынша Ә.Бәйменов Назарбаевтан кейінгі екінші орында егер компроматтар соғысы осылай жалғаса берсе сайлаушылардың тұяқбайшылар болып жүргені тез арада бәйменовшылар болып өзгеруі ғажап емес» дейді газет тілшісі өзінің мақаласында.

«Жас қазақ» басылымы жұмалық санында осы сайлау тақырыбын көтеріпті. Үкіметтің сайлау алдында отставкаға кетуі мәселесіне қатысты мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов қазіргі үкімет басшысы Д.Ахметов арызын жазып өз еркімен отставкаға кетуі керек десе, Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан дәл қазір үкіметті отставкаға жіберудің қажеті де ешқандай себеп-салдары жоқ. Жалпы ішкі өнімде жоспарланған мәселелердің бәрі ойдағыдай орындалуда. Сондықтан да президент сайлауы өтсін, елбасы сайланған соң үкімет онсыз да міндетті түрде отставкаға кетеді деген пікір айтқан. «Жас қазақ» басылымында жарық көрген тағы бір мақала тілші Еренғайып Қуатайұлының «Сайлау алдындағы ауыс-түйіс үлкен өзгерістердің басы болуы мүмкін» деп аталады. Мемлекет басшысының жарлығымен ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков қызметтен босатылып, оның орнына Бауыржан Мұқамеджанов келді. Ал З.Тұрысбеков өзінің бұрынғы орнына мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттігінің төрағасы болып қайта барды. Осы ауыс-түйістен соң аз күн өтпей жатып Ұлттық қауіпсіздік комитеті кадрлар жөніндегі департамент бастығы генерал Қайрат Сатыбалды «Қазақстан темір жолы» ҰК акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті болып тағайындалды. Ал Қайрат Сатыбалды жаңа жұмысқа орналасқан күні Р.Әлиевтің құдасы Берік Имашев жаңадан ішкі істер министрі болып тағайындалған Бауыржан Мұқамеджановтың бос қалған орны - президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне барды. Бұл - алдағы үлкен өзгерістердің басы болуы мүмкін деп ой толғайды газет тілшісі Е. Қуатайұлы.

«Алма-Ата Инфо» басылымы алдағы сайлауға байланысты «Ақ Жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтің пікірін беріпті. Оның айтуынша, алдағы сайлаудың әділ өтетіндігіне сену қиын, себебі, Орталық сайлау комиссиясынан бастап барлық коммисиялардың құрамы жаңарған жоқ, яғни бұрынғы жағдайда, ал оппозиция өкілдерін осы құрамға енгізу жөніндегі ұсыныс ескерусіз қалып отыр. Орталық сайлау комиссиясы парламент бақылауында емес өзі биліктің орындаушысы болып отырған жағдайда сайлаудың әділ өтетіне сене қою қиынырақ, бірақ Н.Назарбаев болсын, Ж.Тұяқбай болсын бұрынғы жүйеден келе жатқан ескі кадрлер, сондықтан ел тізгінін ұстайтын жаңашыл саясаткерлер үшін жаңа мүмкіндік туып келеді» деген Ә.Бәйменов.
XS
SM
MD
LG