Accessibility links

Оппозиция өкілдері сайлау заңдылығының сақталмауын айтуда.


Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының Қазақстандағы президент сайлауын бақылау өкілдігінің басшысы Одри Гловер жұма күні ел президенттігінен үміткер ретінде тіркелген «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбаймен кездесті.

ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының Қазақстандағы президент сайлауын бақылау өкілдігінің басшысы Одри Гловер осы аптадан бастап президенттікке үміткерлер мен олардың сайлау штабы өкілдерімен кездесулер өткізе бастаған болатын. Бейсенбі күні президенттікке үміткер ретінде тіркелген Қазақстанның қазіргі басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабы жетекшілерімен жолыққан ол жұма күні ел президенттігіне оппозициялық күштерден ортақ үміткер ретінде ресми тіркелген «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбаймен және оның сайлау штабы басшыларымен жүздесті. Одри Гловер ханым бұл екі жақты пікір алмасу мақсатындағы кездесулер болғандығын білдірді.

«Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі әрі президенттіктен үміткер Жармахан Тұяқбайдың сайлау штабының басшысы Төлен Тоқтасынов ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының Қазақстандағы президент сайлауын бақылау өкілдігінің басшысы Одри Гловермен кездесу барысында негізінен өздері билік тарапынан кетіп жатыр деген заңсыз әрекеттерді алға тартқандарын жеткізді.

Сондай-ақ, президенттіктен және бір үміткер - «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтің сайлау штабының Ақтөбе облысындағы өкілі Бөлек Садықұлы билік тарапынан өздеріне қысым көрсетіліп отырғандығын айтады. Әлихан Бәйменовты қолдап қол қойған азаматтар түрліше кедергілер мен қоқан-лоқыларға тап болуда дейді ол.

Ал Одри Гловер ханыммен өз әріптестерімен бірге тілдескен саясаткер, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының мүшесі Әміржан Қосанов ЕҚЫҰ-ның барлық талабын Қазақстан басшысы елде сақтауға уәде бергендіктен өздерінің аталған ұйым атынан алдағы сайлауды бақылауға келген өкілдеріне жүгініп отырғандарын және олардан тек бір ғана мәселені - елдегі президент сайлауының әділетті өтуін бақылауды сұрайтындықтарын айтады.

Сондай-ақ бұл кездесулер турасында әзірге Одри Гловер ханымның ешқандай пікір білдірмеуінен барлық жан-жақты деректерді жинап барып, қорытынды шығару үрдісі байқалады дейді, саясаткер Әміржан Қосанов.
XS
SM
MD
LG