Accessibility links

Қазақстанға құс тұмауы тағы жақындап қалған тәрізді


Ресейдің “Интерфакс” жаңалық орталығының қазанның 22-сі күні хабарлауынша, Ресейдің Челябі облысы Троицк ауданының Суналы елді мекенінде құс тұмауының жаңа ошағы білінген. Бұған дейін Румыния, Грекия және Түркия секілді елдерде құс тұмауының белгісі байқалғаны еуропалықтарды қатты алдаңдатып отыр. Алайда, Ресейдің Қазақстанмен көршілес жатқан Челябі облысында құс тұмауы дертінің сыр беруі Қазақстанның ветеринария саласы мамандарын да біраз абыржытып отырған түрі бар.

Биылғы жылдың шілде айының соңында және тамыз айының ішінде Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарында құс тұмауына шалдыққан үй құстарының жаппай қырылған болатын.

“Алайда, үкімет тарапынан оған қарсы жүргізілген тиісті шаралар нәтижесінде сол жолы мамандар Қазақстан жерінде бұл қауіптің бетін қайтарған болатын” – дейді Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық қызмет департаментінің бастығы Асылбек Қожамұратов.

Енді құс тұмауы Қазақстанмен жапсарлас Ресейдің Челябі облысында шыққан болса, бұл тұмаудың Қазақстанға жететіндігіне күмән келтіру қиын дейді ол. Оның айтуынша, құс тұмауы негізінен жабайы құстардан тарайтын көрінеді. Олар алыс оңтүстіктен құс тұмауы вирусын өздерімен бірге ала келіп оны үй құстарына жұқтырады. Әзірге бір ғана шара - қауіпті вирусты жұқтырған құстарды түгелдей өртеп жіберіп, құс тұмауы ошағы білінген жерді карантинге алу жүргізіліп келеді.

“Қазақстанның ветеринариялық қызметі қазір Қазақстанға ұшып келіп жатқан жабайы құстарды бақылауға алып, оларды зертханада тексеру жұмыстарын жүргізуде және үй құстарын өсіретін фермалар да тұрақты тексеріліп отыр”, - дейді Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі А.Қожамұратов.

Оның айтуынша құс тұмауын қоздырғыш вирус өзгеріп барып адамға да жұғуы мүмкін көрінеді. Дәрігерлер оның адам организмі үшін аса қауіпті екенін айтады. Алайда, осы уақытқа дейін Қазақстанда құс тұмауы адамға жұқты деген оқиға тіркелмеген. Қазақстан бүгінгі күні Қытайдан және Ресейдің құс тұмауы шыққан облыстарынан құс етін сатып алуға шектеу енгізген. Ал Қазақстанның өзінде өткен жазда құс тұмауы шыққан себепті Еуропа елдері Қазақстаннан құс етін сатып алуға тиым салған болатын.
XS
SM
MD
LG