Accessibility links

Қазақстан үш жылдың ішінде ғарыштық державалар қатарына қосылуды мақсат етіп отыр


Қазанның 23-і күні Қазақстан премьер-министрі Даниял Ахметов Ақмола облысының Ақкөл қаласында ғарыш аппаратын жерүсті басқару кешенінің құрылысымен және осы орталықтан бақыланатын «ҚазСат» жасанды жер серігі жобасымен танысты. Мамандардың айтуынша, кешен аумағында құрылыс жұмыстары іс жүзінде аяқталған. Қазіргі кезде ол орбиталық сынақ жүргізу үшін дайын. Орталық өкілдерінің айтуынша, Жерүсті басқару кешеніне 33 маман таңдап алыныпты. Қазір 12 қызметкер Астанада білім алып жатыр.

Ғарышты игеру саласындағы Қазақстан мамандары Ресейде, Францияда және Үндістанда дайындалады. Бұл елдерде ғарыш саласына орасан қаражат бөлінеді, дейді қазақстандық ғалымдар. Мысалы, Үндістанның өзінде жыл сайын ғарыш саласына 1 миллиард доллар бөлінеді. Ал, Қазақстанның ғарыш саласын дамытудың 3 жылдық бағдарламасына 47 миллиард теңге сұралған. Бұл 360 миллион доллардан сәл көбірек. Әйтседе, Қазақстанның ұлттық аэроғарыш комитетінің маманы Нұрлан Өтембаевтің пікірінше, ғарышты игеру жұмыстарында Қазақстанның болашағы мол:

- Ғарыш инфрақұрылымын салу үшін, маман керек. Мамандар Қазақстанда бар, бірақ, көп емес.

Жаңа мамандар басқару орталығынан «ҚазСат» жасанды жер серігінің ғарыштағы жұмысын бақылап отыруға тиіс болады. Қазір жасанды жер серігінң техникалық жарақтандырылуы, қазіргі заманғы талаптарға толық сәйкес келеді деп хабарланған. Мамандардың айтуынша, аздаған жұмыстарды ескермегенде, серікті ғарышқада ұшыруға болады. Жорамал бойынша, «ҚазСат» Орталық Азия, Қапқаз, Молдова, Украина тіпті Мәскеу облысында қамти алады. Жасанды жер серігі байланыс, теледидар, жердің экологиялық бақылауы, радиациялық қауіпсіздік, карта жасау саласын дамыту және тағы бірнеше мақсаттарға қол жеткізуге септігін тигізеді деп хабарланған. Оның сыртында, қазақстандық жасанды жер серігінің көмегімен жасалатын байланыс, қазіргі операторлардың қызметтерімен салыстырғанда сәл арзанырақ болады, дейді мамандар. Ионосфера институтының директоры Виктор Дробжевтың сөзіне қарағанда, қазақстандық операторлар «К-мобайл», «К-сел» желілеріне басқа жер серіктерін пайдаланғаны үшін, жыл сайын 30-40 миллион доллар төлеуге мәжбүр.

Теледидар және байланыс саласын дамытуға қажет «ҚазСат» жобасына 9 миллиард теңге ескерілген. Ғарыштық байланыс орталығынының вице-президенті Ғабдуллатиф Мырзақұловтың айтуынша, қазақстандық тұңғыш жер серігінің іске қосылуы республика үшін үлкен жетістік болмақ:

- Қазақстан территориясында кем дегенде 36 арналық телевизиондық хабарлар тарайтын болады. Бүкіл Қазақстанның түпкір-түпкіріне байланыс баратын болады.

«ҚазСат» жасанды жер серігі 10-12 жыл қызмет етіп, жұмсалған қаражатты 3 жылда өтейді, деген болжам жасалған. Ал, Қазақстанның ұлттық аэроғарыш комитетінің маманы Нұрлан Өтембаевтің пікірінше, қаржы өтелуінің мерзімі ұзарып кетуі мүмкін:

- 3 жылдан көбірек, бірақ, салған барлық қаржы қайтіп келеді.

Ғалымдардың пікірінше, Қазақстан бұл жасанды жер серігін Ресей мамандарына жасатып шығындалған, дегенмен бұл коммерциялық жоба емес, Қазақстан үкіметінің жаңадан қолға алынған ғарыш саласына жасаған қолдауы, дейді ғалымдар. Үкімет өкілдерінің пікірінше, бұл жобаның іске асырылуы телекоммуникация әсіресе интернет саласын дамытуға себін тигізеді. Ал, Алматыдағы астрофизикалық зерттеулер орталығының маманы Есмаханбет Исмаилдің пайымдауынша, жер серігінің пайдасы мұнымен шектелмейді:

- Мұнай, энергетика, тау-кен, телемедицина салаларын дамыту.

Ал, Қазақстан премьер-министрі Даниал Ахметов ғарыштық жобаға биыл және келесі жылдары едәуір қаржы қарастырылғанын айтты. Өйткені, Қазақстан үш жылдың ішінде ғарыштық державалар қатарына қосылуды мақсат етіп отыр деп хабарланған. Экономика министрінің мәліметінше, ғарыш бағдарламасына қажет қаражат 2006 жылдың бюджетіне енгізіліп те қойған. Тек ғылыми-зерттеу, тәжірибе және құрастыру жұмыстарына жұмсалатын қаражаттың көлемі 5 жарым миллиард теңге деп көрсетілген. Бұл шамамен 41 миллион доллар.
XS
SM
MD
LG