БАҒДАД. Кеше Бағдадтың орталығында болған қуатты 3 жарылыстан талай адам қаза болды немесе жарақат алды. Ирақ полициясы негізінен шетелдік журналистер тұратын “Палестина” қонақ үйінің алдында бомба орнатылған бетон тасушы жүк мәшинесі жарылғанын хабарлады. Тағы басқа екі жарылыс та біріншісімен бір мезгілде іске асырылды. Қаза болғандар саны жайында түрлі хабар бар. Ирақ үкіметінің кеңесшісі Муафақ Әр-Рубаидің хабарлауынша, 3 жарылыстан 20 адам қаза болса, АҚШ армиясы өкілінің мәліметіне сәйкес, 6 кісі құрбан болып, 15 адам жараланды. Бұл шабуылдар ораза ұстаған халықтың “ауызашарға” қайта бастаған кезінде болды.