Accessibility links

Қазақстанның егемендік декларациясын қабылдағанына 15 жыл толды


1990 жылдың 25-інші қазанында Қазақстанның егемендегі туралы декларацияға қол қойылды. Бүгінде Қазақстанның декларация қабылданған 15 жылына қандай баға беруге болады? Осы өткен мерзім ішінде Қазақстан неден ұтылды? Неден ұтты? Бұл сауалдарға қазақстандық саясаткерлер жауап береді.

“Осыдан 15 жыл бұрын Кеңес Одағының тұсында болған бұл оқиға, айтуға тұрарлық үлкен оқиға еді. Өйткені, дәл қазанның 25-і күні Кеңес Одағы ыдырамай тұрып, Қазақстан өзінің жеке дербестігі жөніндегі декларацияны дүние жүзіне жариялаған болатын”, - дейді сол кезде Жоғарғы Кеңестің төрағасы болған, ал қазірде ресми билікке оппозициядағы саясаткер Серікболсын Әбділдин. Оның айтуынша, Қазақстан 1991 жылы желтоқсанның 16-сында жеке, дербес мемлекет болып құрылды. Әлемдік саяси картаға Қазақстан жеке мемлекет болып енді.

“Нені ұттық, неден ұтылдық?” деген келелі сұрақ. Айтатын бір мәселе - 15 жыл ішінде халықтың жағдайы жақсара қойған жоқ. Бай да, кедей де бар. Осы мәселені шешуге атсалысуымыз керек. Ұтқанымыз - дербес ел болдық. Ұтылғанымыз – экономикамыз құлдырап, әлеуметтік жағдайымыз кеміп кетті. Осының бәрінің орнын қайта толтыруға міндеттіміз”, - дейді Серікболсын Әбділдин.

Қазақстан парламентінің төменгі палатасы - Мәжілістің депутаты Нұртай Сәбилянов: “Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан өзіне дұрыс жолды таңдап алды. Дәл қазір Қазақстанды басқа ТМД мемлекеттерімен салыстырсақ, шындығында экономикамыз алға кетті. Әрине, ел болғасын, қоғам болғасын кемшіліктер де болады. Қазіргі басты кемшілік – сыбайласқан жемқорлықтың кең етек алуы болып отыр. Қоғамның дамуына, халықтың ашу-ызасына тиіп отырған мәселе осы”, дейді.

“15 жыл ішінде Қазақстан пәлендей жетістікке қол жеткізді деп айта алмаймын. Ата-баба тарихында болмаған жерді сатуға әкелдік. Орман, су, басқа да табиғат байлықтарын 49 жылға дейін кімнің қолына болсын беріп жатырмыз. Мұның бәрі халқымызды қиын жағдайға алып келіп отыр. Сондықтан біздің еліміздің тапқанынан жоғалтқаны көп. Ең бірінші алғаны, әрине, бостандық. Ол жағын өз басым қолдаймын”, - дейді саясаткер Серікбай Әлібаев.

Ал “Айбат” жастар қозғалысының белсендісі Ғаділбек Әкімов: “15 жыл ішінде бірқатар маңызды мәселелерді шешуге болатын еді. Алайда, біз - жастар ондай шешілген мәселелерді көріп тұрғанымыз жоқ. Неғұрлым демократия Қазақстанда жақсы дамыса декларация баптарының орындалғаны деп білеміз. Тіл, дін және басқа да мәселелерде сол қалпында отырмыз. 14 жыл ішінде еш өзгеріс болған жоқ. Экономикамыз қарқынды дамыды дейміз. Бірақ, экономиканың дамығандығын біз көріп тұрғанымыз жоқ”, дейді.

Алматы қаласының тұрғыны Біржан Хамитов жоғарыдағы пікірмен келіспейтіндігін айтады. Ол: “Басымызға бостандық алдық. Ең беделді деген БҰҰ-ның мүшесі болдық. Ұрыс-жанжал жоқ. Басты нәрсе осы. Жарық күнді көру адам баласы үшін зор қуаныш. Бұрынғылар: “Жоғарыға қарап пікір ет, төменге қарап шүкір ет”, дейді. Бізден де төмен күндерін көре алмай отырған елдер бар. 15 жылда ілгерілемесек, кейін кеткен жоқпыз. Осыған шүкір”, дейді.

“Билік басындағылар өздеріне ғана тәуелсіздік берген. Олар халықтан тәуелсіз. Өз айтқандарымен жүреді, өз айтқандарын істейді. Халықтың күнделікті тұрмысын қарасақ, ештеңе де білінбейді”, дейді Жангелді есімді азамат. Оның пікірінше, соңғы 15 жылда тәуелсіздіктің жемісі де, экономиканың көтерілгендігі де көрінбейді.
XS
SM
MD
LG