Accessibility links

Қазақстандықтардың 20 пайызы кедейлерге жатқызылса, кедей болуға жақын тұрған адамдар 50 пайызды құрайды


Қазанның 26-күні Астанада жергілікті журналистерді әлемдік банктің экономикалық өсім талдауы жөніндегі баяндамасымен таныстырған аталмыш банк өкілдері, өздері келтірген деректерге сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызы кедейлерге жатқызылса, кедей болуға жақын тұрған адамдар 50 пайызды құрайтынын айтты. Әлемдік банктің Қазақстандағы өкілі Лу Брефордың айтуынша, әсіресе денсаулық сақтау саласында Қазақстан балалар өлімі, әйелдер өлімі және анемия көрсеткіштері бойынша Африканың кейбір елдерімен пара-пар.

Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы кедейшілікпен күрес бағдарламасының үйлестірушісі Малин Бергрен, қазақстандықтардың 20 пайызы кедейлер, ал, кедейлікке жақын тұрғандар бұдан екі есе көп деген пікірін білдірген болатын.

«Осы мәселені реттеу үшін, Үкіметтің шикізат саласынан басқа да салаларға көңіл бөлуі керек. Өйткені, мұнай және шикізат салаларында жұмыс орындары шектеулі», - дейді Малин Бергрен.

Әлемдік банктің экономикалық өсім талдауы жөніндегі баяндама авторларының бірі Руслан Немцовтың айтуынша, Қазақстандағы статистика кеңсесі келтірген мәлімет бойынша, кедейлер саны барлық тұрғындардың 30-40 пайызына жетеді. Немцовтың айтуынша, Қазақстанда әлі күнге дейін тек СПИД-қана емес, туберкулез де тез өсіп келеді.

Ал, кәсіподақ өкілдері жұмыссыздық мәселесі шешілсе, кедейлер санын күрт азайтуға болады деген пікірде. Нарық реформалары еңбек адамының жағдайын нашарлатып жіберді, дейді кәсіподақ мүшелері. Себеп - тауарлар мен қызметтер құны әлемдік бағаға жақындап барады. Ал еңбекақы көлемі айтарлықтай өзгермеген дейді кәсіподақ өкілдері. Олардың пікірінше, реформалардың арқасында еңбекақыны едәуір көтеруге, ең төменгі мөлшердегі мемлекет кепілдік беретін әлеуметтік нормативтерді заңдастыруға болады. Сараптай келе еңбекақы мөлшері ұлғайса, одан түсетін салық мөлшері де қомақтырақ болады, дейді олар. Халықаралық сарапшылар болса, материалдық емес құндылықтарды да есептеу керек деген пікірде.

Әлемдік банктің Қазақстандағы өкілі Лу Брефордың айтуынша, кейбір статистика мәліметтері бойынша, Қазақстандағы қайсібір медициналық қызметтердің және судың сапасы мен деңгейі ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткіші 434 долларға жететін елдегідей емес. Брефордың айтуынша, әсіресе, денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер бойынша Қазақстан балалар өлімі, әйелдер өлімі және анемия көрсеткіштері жағынан Африканың кейбір елдерімен пара-пар болып отырған көрінеді.

Елдің Еңбек министрлігі керісінше, Қазақстандағы еңбекақы өсіп келеді және жұмыссыздар саны азайып бара жатыр деген мәлімет келтіреді. Алайда, халықаралық ұйым өкілдерінің пікірінше, Қазақстанда көптеген адамдардың айлық табысы ең төменгі күнкөріс шегіне жеткенімен тамағынан артылмайды. Билік өкілдері болса Қазақстанда ішкі жалпы өнім өсуінің көрсеткіштері жақсы деген пікірде. Ал Қазақстан тұрғындарының бұл мәселеге қатысты көзқарастары әртүрлі.

- Біз өзіміз еріншектеу адамбыз, әйтпесе халымыз жақсы, тақыр кедей жоқ. Жұмыс бар, бәрі өзімізге байланысты.

- Ауылда қимылдамай отырған адамдар кедей, ол шын. Ал, қимылдап жатқан, еті тірі адамдар күн көріп отыр.

- Байларға қарағанда ауылда кедейлер көп. Олар еркін ішіп, еркін жей алмайды кейде. Кей жерде су тапшылығынан лай су, тұзды су, тоспа су ішіп жатыр. Ол денсаулыққа зиян. Бай болса, бала-шағасын тастап, әйелдер ала сөмке көтеріп қаңғып жүре ме?

Әлемдік банктің экономикалық өсім талдауы жөніндегі баяндама авторлары Қазақстанға кәсіпорындарды қайта құруға, елді мекендердің экономикасын қолдауға және әлеуметтік көмектің сапасын арттыруға шақырып отыр.
XS
SM
MD
LG