Accessibility links

АҚШ вице-президентінің көмекшісі істі болып табылған соң қызметінен кетті


АҚШ вице-президенті Дик Чейнидің көмекшісі Льюис Леви істі болып табылған соң жұма күні қолма-қол қызметінен кетті. АҚШ Федералды Үлкен жюри мекемесі Льюис Леви тергеуге жалған мәлімет берді деген айыпты кеше ғана жариялады. Іс бойынша тергеуге тартылған басқа жоғары ресми қызметкер, АҚШ президентінің көмекшісі Карл Роувқа айып тағылған жоқ. Бұл жердегі ең үлкен саяси мәселе – Ирақ соғысына түрткі болған Саддамның жойқын қаруы бар деген сылтау неден шықты деген жағдай қайта көтеріліп тұр.

Дау басына үңілетін болсақ – 2003 жылы жазда америкалық газетте Орталық барлау агенттігінің тыңшысы Валери Плеймнің есімі ашылған болатын. Құпия мәлімет қайдан шықты деген тергеу екі жыл жалғасты, тергеуді арнайы прокурор Петрик Фицджеральд бастады. Тергеушілер бара-бара Льюис Леви және Карл Роувқа шықты, барлаушы Валери Плеймнің есімін журналистерге осылар ашуы мүмкін деген тұжырымға келді. Льюис Леви Федералды Үлкен жюри мекемесіне ант айтып берген жауаптарында журналиске тек басқа журналистен телефон арқылы естігенімді айттым деп көрсетті. Арнайы прокурор Петрик Фицджеральд бұл өтірік, Льюис Леви арнайы агенттің есімін ресми өкілдердің арасынан бірінші болып ашқан, Льюис Леви Федералды Үлкен жюриге саналы түрде жалған мәлімет айтты деп айып тағып отыр.

Осы шатақтың келесі бір астары – есімі ашылып қалған барлаушы Валери Плеймнің күйеуі Джозеф Уилсон – Ирақ соғысын сынаушылардың бірі. Бұрынғы елші Джозеф Уилсон президент Буштың әкімшілігі Ирақ соғысын бастатқызғанда шала-пала барлау мәліметтерді алға тартты, соғыс сылтауы жөнсіз болды деп сын айтқан. Джозеф Уилсон Саддам Хұсейннің үкіметі Нигер елінен уран алды деген мәліметті 2002 жылы жоққа шығарған болатын. 2003 жылы шілде айында Джозеф Уилсон АҚШ әкімшілігі Ирақ соғысын ашқанда қате мәліметтердің жетегінде кетті деп сын айтқан еді. Сондықтан АҚШ әкімшілігінің қызметкерлері Джозеф Уилсонның абыройына нұқсан келтіруге мүдделі болды деген жорамал айтылып отыр.

Тергеу басшысы Петрик Фицджеральд жұма күні жасалған мәлімдемесінде Ирақ соғысының саяси мәселелеріне бармады, бастапқы мәселе – Орталық барлау агенттігі тыңшыларының есімдері ашылмау керек, ұлттық қауіпсіздік құпияларын ашу – үлкен мәселе болып табылады деп көрсетті. Прокурор Петрик Фицджеральд тергеу негізінен аяқталса да әлі жалғаса түседі деді. Буштың көмекшісі Карл Роувқа айып тағыла ма, жоқ па – ол жайында Петрик Фицджеральд әңгіме қозғаған жоқ.

Ақ үйдің жоғары өкілі Льюис Левиге айып тағылғанын президент Джордж Буш жұма күнгі сөзінде үлкен мәселе деп сипаттады. Президент Буш Льюис Левиге әзірше айып тағылғанын, оның кінәсі сот арқылы әлі дәлелденбегенін атап көрсетті:

- Арнайы прокурор Фицджеральд жүргізген тергеу мен қазіргі заң шараларын үлкен мәселе деп қабылдаймын. Іс қазір жаңа сатысына көтерілді. Біздің жүйемізде айып тергеу және әділ сот арқылы дәлелденгенше кез-келген азамат кінәсіз деп табылады.

Сонымен, АҚШ вице-президенті Дик Чейнидің көмекшісі Льюис Левидің ісі енді сотта қаралады. Әзірше оған айып тағылып отыр. Льюис Леви құпия мәліметті ашты, тергеу орындарына жалған мәлімет берді деп табылса – 30 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін және бір миллион доллардан аса айып төлеуге кесілуі ықтимал.
XS
SM
MD
LG