Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.29.2005 жыл


29-қазанда жарық көрген басылымдарда Орталық Азиядағы қауіпсіздік және лаңкестік мәселелерімен қатар елдегі мемлекеттік тілдің дамуына кедергі болып отырған жайттар туралы мақалалар жарияланыпты.

Сенбі күні жарық көрген «Жас алаш» газетіндегі журналист Ерік Рахымның «Қауіп қайдан» атты мақаласында Орталық Азия мемлекеттеріне ішкі кикілжіңдермен қатар, сырттан төнетін қауіптердің де зорайып келе жатқаны айтылыпты. Автор мамандардың сараптамаларына сүйене отырып, Қазақстанға болашақта қауіп төндіретін ең басты мәселелер Өзбекстанның оңтүстік өңірге жетпей қалып жатқан табиғи газы мен қырғыз тауларынан ағып келетін ауыз судың күрт азайып кетуі екендігін алға тартады. «Бұған Қазақстанға заңсыз келіп жатқан мыңдаған, дәлірек айтқанда, миллиондаған босқынды қосыңыз. Қазірдің өзінде Өзбекстан мен Қырғызстаннан толассыз ағылып жатқан еңбек эмигранттары Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне зор қауіп төндіре бастады» деп ой қорытады автор. Енді осы Қазақстанда газ да, су да, мұнай да жеткілікті бола тұрып көршілерге көз сүзудің сырын автор Қазақстанның табиғи байлығының қызығын қара халық емес, жекелеген адамдардың ғана көріп отырғандығымен түсіндіреді. «Кезінде сол халыққа тиесілі байлық жаппай сатылып жатқанда үндемегендер, енді болары болған соң ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төнді деулері сайлаудың алдында саяси ұпай жинау емес пе» дейді автор.

Алайда «Экспресс К» газетінің қазанның 29-күнгі санындағы «Салдарымен емес, себебімен күрес» атты сараптамалық мақалада Қазақстанды әзірге ешқандай қауіптің мазалай қоймағандығы ондағы орныққан кәсіби биліктің саяси мықтылығында екендігімен түсіндіріледі. Орта Азияның басқа мемлекеттеріндегі лаңкестік пен экстремизмнің бой алуына ол елдердегі биліктің әлсіздігі, саяси жүйенің салмақсыздығы басты себеп болып отыр делінген.

Ал «Дала мен Қала» газетінің соңғы санында Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың саяси портретін жасауға тырысқан Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінің қызметкері Виталий Портников АҚШ-тағы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Өзбекстанның ойламаған жерден радикалды исламшылардың Орталық Азияға өтетін қақпасына айналып шыға келуіне Ислам Кәрімов көп еңбек сіңіре отырып, аймақтағы қатігез диктатор басшыға айналды деп ой түйеді.

Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінің қазанның 29-ындағы санында басылымның халықаралық шолушысы Мамадияр Жақып бүгінгі Әзірбайжан тақырыбына да тоқталып өтіпті. Қазіргі уақыттағы сырттан емес, іштен төнген қауіппен бетпе-бет қалған Әзірбайжанда мемлекеттік төңкерістің исі шыға ма деген сұраққа жауап іздеген автор бұл мәселенің аталған ел үшін әлі де қиын түйінге айналып отырғанын айтады. Мұндағы басты мәселе қазіргі президент Ильхам Әлиевтің өз әкесімен жақын болған адамдарға тиісе бастауы – жаңаша ойлау сол әкесінің маңына топтасқан адамдардың жетегімен жүруге қайшы келген сияқты деген байлам жасайды автор.

Және де Орталық Азия аймағындағы елдердің ішкі жағдайларына үңілген «Жас қазақ» газетінің соңғы санында журналист Ержан Әбдіраман Қырғызстандағы қазіргі оқиғаларға орай Бакиев-Құлов одағының болашағын елдегі қылмыстық құрылымдар шешуі мүмкін деген болжам жасайды. Соңғы уақыттағы аталған елдегі оқиғалар ондағы саяси ахуалға қырғыз криминалының ықпалы өте күшті екенін, оларға бір шара қолдануға биліктің шарасыз болып отырғанын көрсетеді дейді автор.

Сонымен қатар аталған басылымда Бауыржан Жанұзақов есімді азамат Ұлттық идеяның негізі ана тілі емес екендігіне оқырманның көзін жеткізуге тырысыпты.

Дегенменде осы мемлекеттік тіл мәселесіне өзінің соңғы санында кеңірек тоқталған «Апта kz» газетінде жарық көрген «Неліктен неміс азаматы Б.Брауер қазақ тілін Қазақстанның сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевтан артық біледі!» атты мақалада ана тілі биліктің тілі болмағандықтан бүгінгі ұлттық идеяның құрамдас бөлігінен алынып тасталып отыр деген пікір білдірілген.
XS
SM
MD
LG