Accessibility links

Алматыда «Үкілі домбыра» байқау-бәйгесі өтті


Қазанның 28-29-күндері Алматыда домбыра жасаушы шеберлердің VI республикалық «Үкілі домбыра» байқау-бәйгесі өтті.

Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі мен Алматы қалалық әкімшілігі, «Иман» республикалық қорының ұйымдастыруымен өткен байқау-бәйгенің мақсаты туралы Алматы қаласы мәдениет департаментінің директоры Қыдырәлі Болман былай дейді:

«1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Үкілі домбыра» байқауының мақсаты - домбыраның жасалу сапасына, үніне, оның сыртқы пішініне, кескінінің келісімділігіне, қолданылатын ағашы мен оның кептірілуіне көңіл бөлу, әрі ата-бабалар аманатын бүгінгі буынға табыстау».

Сондай-ақ «Иман» республикалық қорының директоры Өтеген Махмұт биылғы байқауға шеберлер үлкен дайындықпен келгенін, ал қазылар алқасы домбыраның санына емес, сапасына мән бергенін атап өтті.

«Биылғы бәйгеге түскен домбыралардың артықшылығы, басымыдылығы домбыра ағашының мықтылығында болды. Домбыралардың 70-80 пайызының бұйра үйеңкімен келуі қуантарлық жайт. Бұл бұйра үйеңкі - бүкіл әлемге танылған музыкалық аспаптардың ағашы», - деді Өтеген Махмұт.

«Үкілі домбыра» байқауына алты жыл қатарынан қазылық жасап келе жатқан Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, күйші Қаршыға Ахмедияров өз ойымен бөлісті:

«Байқауға қатысушы шеберлер ең қымбат ағаштарды Италия, Канада мемлекеттерінен алып келген. Біздің жерде өспейтін ағаштардан домбыра жасаған, бірінен-бірі өтеді. Әлі де біз жетілсек, әлі де ізденсек. Бұл менің жеке ойым емес, бұл әділ қазылардың ойы».

VI республикалық «Үкілі домбыра» байқауының бірінші орын иегері Тежекенов Айтмұхамбеттің домбыра жасаумен айналысқанына 23 жылдың жүзі болыпты.

«Бәріміздің илеп отырғанымыз бір терінің пұшпағы. Бір қара домбыраның дәрежесін көтеру. Бұрынан өтіп келе жатқан «Үкілі домбыра» байқауы мен биылғы байқаудың арасы жер мен көктей. Бастапқыда шеберлер домбыраны қарағайдан жасап әкелсе, биыл тек қана үйеңкі мен қызыл ағаштан жасапты. Өте сапалы. Байқау жақсы өтті. Келешекте тағы да қатысу ойымда бар», - дейді Айтмұхамбет Тежекенов өз қуанышын жасырма алмай.

VI республикалық «Үкілі домбыра» байқауы қортындысы бойынша 3–ші Мағауия Қамзин атындағы жүлдені Едіге Надиев, Азат Үзеңбаев, Амангелді Смағұлов, Ердос Әкімбеков сынды азаматтар иеленсе, 2-ші орын иегерлеріне тағайындалған Зейнолла Смағұлов атындағы жүлдені Төлеген Қапезов, Әсима Иманғалиева, Құтымдар Қасенов қанжығасына байлады. Ал 1-ші орынға тағайындалған Ахмет Жұбанов, Қамбар Қасымов атындағы жүлделі орындарға Хангелді Жақыпов пен Айтмұхамбет Тежекенов ие болды.
XS
SM
MD
LG