Accessibility links

ЕҚЫҰ Қазақстан үкіметін Интернет парақшаларының тіркеуге қатысты жаңа ережелерден бас тартуға шақырды


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанның билік орындарын Интернет парақшаларының тіркелуіне қатысты жаңа ережелерден бас тартуға шақырды. Аталған ұйымның мәлімдеуінше, үкімет тарапынан енгізілейін деп жатқан ережелер Қазақстанда сөз бостандығын тұншықтыруы мүмкін. Ал бұл бастаманы Қазақстандағы бірқатар аталған сала мамандары құптап отыр.

31 қазанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ-ның еркіндігі жөніндегі өкілі Миклош Харасти Қазақстан үкіметінің жақында қабылдаған Интернет парақшаларының тіркелуіне қатысты жаңа ережелерді тоқтату қажеттігі турасында өтініш білдірді. Онда елдегі аталған салаға әлгі ережелер бойынша мемлекеттің бақылауы күшейіп, ақпарат тарату мен баспасөз еркіндігі мәселелеріне қайшы келген делінген. Сондықтан да бұл қадам әлі жүзеге аса қоймағандықтан және ел парламентінен талқылаудан өтпегендіктен Қазақстан үкіметіне сөз бостандығын сақтау міндеттемесін орындау барысында аталған бастамадан бас тарту қиын соға қоймайтындығы айтылған. Бұған қоса Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ-ның еркіндігі жөніндегі өкілі Қазақстанның Интернет парақшаларын үкіметтік емес ұйымдар бақылағаны дұрыс, ал тіркеу мәселесінде техникалық жағына мән беріліп, мазмұнына шектеу қойылмауға тиіс және әлемдегі тәжірибе бойынша Интернет парақшасының иесіне бұл мәселедегі өз құқығына ешкім қол сұға алмау қажеттігіне баса мән берген. Енді осы мәселеге орай қазақстандық мамандардың пікірін білген едік.

«Қазақстан үкіметінің жаңа ережесі сөз бостандығына жасалған қысым, мұндай техникалық шектеуді Интернетке пайдалану дұрыс емес» - дейді, Қазақстандағы «Навигатор» интернет газетінің негізін қалаған редакторы Юрий Мизинов.

Ал «Арқа ақпарат» интернет газетінің шығарушысы Мейрамхан Жәпек өздерінің тіркелмей-ақ жұмыс істеп жатқандары пайдалырақ көрінгенін айтады. Сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ-ның еркіндігі жөніндегі өкілінің аталған ұсынысына қолдау білдірген қазақстандық сөз бостандығын қорғайтын үкіметтік емес ұйым - «Әділ сөз» қорының сарапшысы Ғалия Әженова бұл бастаманы Қазақстан үкіметі қабыл алуы қажет дейді.

«Және де, әсіресе қазақ тіліндегі Интернет парақшаларына шектеу емес, қолдау қажеттігін шетел қазақтары жақсы сезініп отыр», - дейді атажұртына оралған Ермұрат Зейіпхан.

Сонымен, біз тілдескен мамандар Қазақстан 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету ниеті болса, ол жақтан келген аталған ұсынысты үкімет орындауы қажет деп санайды.
XS
SM
MD
LG