Accessibility links

Қазақстанда «Теңізшевройл» компаниясына қарсы қылмыстық іс қозғалды


Мұнай табатын елдер тізімінде Қазақстан 23-інші орында. Ал, мұнай қоры жағынан 12-інші орында. Қазір жыл сайын елде табылатын мұнай көлемі өсіп отыр. Ертеректе мұнай тек құрлықтан алынса, енді бұл жұмыстар теңізде де жүргізіліп келеді. Бірақ, мұнайдан түскен табыстың кесірі де бар, дейді мамандар, ол – мұнайды өндіру кезінде жер қабатынан босатылып шығатын газдың ауаны ластауы. Көмірдің бағасы газға қарағанда арзан болғандықтан, бұл газ іске аспай келеді, дейді экономистер. Соңғы мәлімет бойынша, осы газдың көптігінен, «Теңізшевройл» серіктестігінде 200-ге жуық адам газбен уланған.

Атырау облыстық табиғат прокуратурасы «Теңізшевройл» серіктестігіне қарсы қылмыстық іс қозғады. Тергеу мәліметтері бойынша, Қазақстанның батысындағы «Теңіз» кенішін игеруші ірі мұнай өндіруші компания адамдардың денсаулығына зиян келтірді деп айыпталған. Іс шілденің 2-сінде болған апаттың себептерін тексеру аяқталғаннан кейін қозғалды. Электр қуатының кенеттен азайып кетуінен турбина тоқтап, ауаға ондаған тонна улы заттар шыққан. Тергеу мәліметтері бойынша, серіктестік пен мердігер кәсіпорынның 13 жұмыскері ауруханаға түскен және 200-ге жуық адам дәрігерлерге қаралған. Қазір денсаулықтарына зақым келген адамдар қайтадан қызметтеріне оралған деп хабарланады. Ал, Атырау облыстық табиғат прокуроры Батыр Жазбаевтың айтуынша, 4 адамға қылмыстық іс қозғалған:

- 2 баппен қозғалды, ауаны ластағаны үшін. Олардың ішінде екеуі шетелдік менеджерлер.

Қазір мұнай тауып жатқан компаниялардың көбі босатылып шығатын газды өртеп жатыр. Ал, бұл жағдайда ауаға көмір қышқыл газымен азот қышқылы шығады. Экономикасы дамыған мемлекеттерде мұндай газдың 90 пайызы игеріледі. Қазақстандағы жағдай өзгеше. Жыл сайын 14 миллиард текше метр газ жағылып ауаны ластайды, дейді экологтар. Айта кететін жайт, сұйытылған газдың тоннасы 160 доллар тұрады, осылайша, экономистердің есебіне қарағанда, Қазақстан 230 миллион долларға бағаланатын газды еш пайдасын көрместен өртеп жатыр. Ал, компаниялар газды игеретін қымбат жабдықты алғысы келмейді, деген ақпарат бар. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстандағы 34 компанияның тек бесеуі ғана мұнай табылған кезде босатылып шығатын газды өртемейді екен. Ал, Атырау облыстық табиғат прокуроры Батыр Жазбаевтың айтуынша, «Теңізшевройл» серіктестігіндегі апаттың себебінеде компания құрамындағы кәсіпорын кінәлі болған:

- Оларда электр қуатын беретін генераторлары бар, былтыр 22 рет апат болып зауыт тоқтап тұрған, ал, газ сол кәсіпорын тоқтап тұрған кезде жағылады.

Дәрігерлердің айтуынша «Теңізшевройл» серіктестігіне жақын жатқан елді мекендердегі тұрғындардың барлығында дерлік денсаулықтары нашар. Ал «Теңізшевройл» серіктестігі бұл туралы ақпаратты құпияда ұстап отыр. Ресми мәлімет бойынша, бұл кәсіпорында 1993 жылдан бері 250 жұмыскер қаза болған, ал, жұмыскерлердің өздері бұл тек ресми көрсеткіш, деген пікірлерін білдірген. Олардың кейбіреуі жүрегіміз қысылып жадымызда сақтау қабілетіміз төмендейді, деп дәрігерлерге шағымданған. Бірақ, еңбекақы жоғары болғандықтан қызметтен кететіндер кемде кем, дейді дәрігерлер. Атырау облыстық денсаулық сақтау департаментінің маманы Зямзям Бостыбаеваның айтуынша, мұнай шыққан кезде босатылатын газ адамның миына кері әсерін тигізеді:

- Бұл газ адамның ақыл ойының дамуына, психикасына кесірін тигізеді.

Атырау облыстық экология басқармасының маманы Құралай Шанкиеваның айтуынша, «Теңізшевройл» серіктестігіне 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған, қазір оның жартысы төленген. Және одан түскен қаражат бюджетке түскен соң қайтадан табиғатты қорғау шараларына жұмсалады, дейді ол. Бастысы «Теңізшевройл» серіктестігі болашақта бұл проблеманы шешетіндігін жеткізген, дейді эколог:

- Бұл бір күнде шешілмейді, қазір кәсіпорын газды өңдейтін зауыт саламыз деп бағдарлама жасаған.

Атырау облыстық табиғат прокуроры Батыр Жазбаевтың айтуынша, «Теңізшевройл» серіктестігінің басшылығы болашақта мұндай оқиғалар қайталанбайды, деп уәде берген . Бірақ, қылмысты іс қозғалып отырған соңғы апаттан кейін, осы компанияда электр қуатының жоқтығына байланысты, тура сол себептермен тағы 4 апат болды, деп хабарланады. Әзірге Қазақстанда ауаны ластаумен күрес айыппұл арқылы немесе газды игеретін компанияларға жеңілдіктер жасау арқылы жүргізіліп келеді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG