Accessibility links

Қазақстанда СПИД/ВИЧ дерттерінің алдын алу мақсатында арнайы шара басталды


Орта Азия елдері арасында Қазақстан СПИД/ВИЧ дертіне шалдыққан азаматтарының саны бойынша бірінші орынға шығып отыр. Бұл туралы қарашының 4-күні «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары жөніндегі орталық» мамандары жариялады. СПИД/ВИЧ дертінің алдын алу үшін мамандар қарашаның 1-інен бастап арнайы айлық шараларын өткізуді бастады. Бұл уақытта олар түрлі кездесулер өткізіп, насихат жұмыстарын жүргізеді. Соңғы 12 жылда Алматы облысының өзінде 5 адам СПИД ауруынан көз жұмса, 182 адам ВИЧ дертін жұқтырған дейді мамандар.

Асқар Сейтов алдағы бір-екі жылда жақын досынан айырылып қалатынын біледі. Себебі, ол білместіктен СПИД дертін жұқтырып алыпты.

- Әңгіме арасында біліп қалдым, ол жігіттің сондай дертке ұшырағанын. Негізінен, ол бұл ауру туралы айтарлықтай білмеген болып шықты, осының салдарынан ол ауырып қалды. Енді ол дәрігерлердің бақылауында.

Бүгінгі таңда Асқардың досы секілді азаматтардың саны бойынша, Қазақстан Орта Азия елдері арасында бірінші орынға шығып отыр, ал ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында төртінші орынға ие дейді ресми деректер. Әйткенмен, Қазақстандағы республикалық СПИД орталығының директоры Исидора Ерасылова өзінің бұл дерекке сенбейтінін айтады:

- Себебі, біз осы салада бар шындықты айтып, тіркеудегі науқас жандардың санын нақты айтатын болғандықтан болар, біздің елде аурулардың саны көп болып көрінеді. Әйтпеген жағдайда қазіргі кезде СПИД/ВИЧ дертіне шалдыққандар саны Өзбекстан немесе басқа елдерде бізден аз деп айту қиын.

ВИЧ/СПИД дертін зерттеумен шұғылданатын мамандар бұл аурудан адамзат баласы шошынбауы керек, ең алдымен олар бұл дерттің алдын алу ережелерін сақтауы тиіс дегенді айтады. Осы мақсатта қазақстандық мамандар арнайы айлық шара өткізуді бастады. Үстіміздегі жылы бұл шара «СПИД-ты тоқтатыңдар, уәделеріңді орындаңдар!» деген шартты атаумен өткізіліп отыр. «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары» жөніндегі ұлттық орталықтың маманы Венера Байсүгірованың айтуынша, қазіргі кезде олар насихат жұмыстарын жүргізуге көңіл бөліп отыр екен.

- Сарашылардың айтуы бойынша, қазіргі кезде бізде ВИЧ дертіне шалдыққандардың саны 20 мыңай адам болады. Бұл ауруға шалдыққандардың санын азайту үшін біз бар күшімізді салып, насихат жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі кезде жасөспірім балалар бұл жөнінде хабардар, - дейді «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары» жөніндегі ұлттық орталықтың маманы Венера Байсүгірова.

Айдана Кеңесбаева мектепте оқитын үздік оқушылардың бірі. Ол сабақты жақсы оқитын болғандықтан көп нәрседен хабардар екенін айтады. Мәселен, Айдана Кеңесбаева жыл сайын желтоқсан айы жақындағанда СПИД/ВИЧ туралы жиі айтыла бастайтынын біледі.

- Бұл жыныстық қатынас арқылы, қан арқылы жұғатын ауру. Оның алдын алу үшін бар ережелерді сақтап жүру керек.

Айдана Кеңесбаева сияқты қала мектептерінде оқитын балалар ВИЧ/CПИД-тың алдын алатын арнайы көрмеге де қатысады.

- Ары-бері көшіп жүретін бұл көрменің арқасында соңғы бір жылда мектепте оқитын балалардың 30 пайызы бұл дерт туралы хабардар болып шықты, - дейді «Қауіпсіздік бағыты» жобасының үйлестірушісі Жанна Қалматаева.

Арнайы мамандар өткізетін көрмелерге қатыспаса да Еркін Жетпісбаев СПИД/ВИЧ ауруларынан толығымен хабардар екенін айтады:

- Бізге бұл ауру туралы егжей-тегжейлі айтып береді. Бірақ, біз бұл жөнінде ашық айта алмаймыз, себебі СПИД/ВИЧ жыныстық қатынас арқылы жұғады. Бұл жөнінде бізге ашық айтқаны дұрыс деп есептеймін, себебі, біз кәмелетке толмас бұрын бар ақпаратты білуіміз керек.

Еркін, Айдана сияқты балалармен салыстырғанда Жәмила Мансұрова СПИД/ВИЧ-тың алдын алу шаралары туралы тек қалаға оқуға келгенде ғана естіген.

- Мектепте бізге бұл жөнінде ашық айтпайтын, сол себептен мен оның қалай жұғатынын білмейтінмін. Үйде де ата-анамыз көп айтпайтын. Ал менің пікірімше бұл дұрыс емес. Салт-дәстүрге бөлмей барлығын ашық айту керек, сонда болашақ ұрпақтың денсаулығы да жақсы болады, олар осындай қауіпті дерттен аман болады.

Ауылда туып-өскен балалардан бұрын қалада тұратын балалар СПИД/ВИЧ туралы ақпаратты аз алатынын айтады. Сол себептен, Еркебұлан Алпысбаевтың ойынша, бұл жөнінде хабарлар көп болуы тиіс. Қарашаның бірі күні басталған насихат шара желтоқсанның 1-күні аяқталады. Осы аралықта мамандар мүмкіндігінше, түрлі кездесулер өткізіп, балаларға қауіпті дерттің алдын-алу жолдарын айтады.
XS
SM
MD
LG