Accessibility links

Қазақстанда Адам құқығы саласында халықаралық маңызы бар екі заң қабылданды


Қарашаның 3-күні парламент сенатының пленарлық отырысында депутаттар “Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіні бекіту” мен “Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні бекіту” туралы қос заңды қабылдады. Бұл саяси құжатттардың қабылдануы Қазақстанда елеулі оқиға ретінде бағаланғанымен, кейбір сарапшылар республика бұл құжатты әлдеқайда бұрын қабылдауға болар еді деген ой айтып отыр.

Осындай пікірдегі сарапшылардың бірі - Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтистің айтуынша, Қазақстан бұл құжатты ең соңынан қабылдаған елдердің бірі болып отыр.

«Қазақстан пактілердің өздерін ғана қабылдағанымен, оған қосымша болып табылатын екі маңызды хаттаманы қабылдамады. Ол - өлім жазасын алып тастау, сонымен қатар, қазақстандық азаматтардың жеке басына қатысты мәселелерге орай Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы комитетіне шағымдануға мүмкіндік беретін маңызды хаттамалар. Өкінішке қарай, қазақстандық адам құқығын қорғау және халықаралық ұйымдардың бұл маңызды екі құжатты та қабылдау қажеттілігі туралы айтқан өтініштерін билік қанағаттандырмай тастады”, - дейді Е.Жовтис.

Ал ҚР парламент мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов бұл екі заңның қабылдануын Қазақстанның саяси өміріндегі елеулі оқиға ретінде бағалайды. Оның айтуынша, бұл саяси маңызы бар құжаттың қабылдануы Қазақстанның 2009 жылы Еуропадағы Ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымында төрағалық етуіне мүмкіндік туғызады.

Алайда, тәуелсіз журналист Андрей Свиридов болса, бұл құжаттың қабылдануының Қазақстанның саяси өміріне елеулі өзгеріс әкелетіндігіне күмәнмен қарайды.

«Қазақстанның мұндай құжатты қабылдауы ешқандай да нәтиже бермейді. Оның ең басты себебі - Қазақстандағы заң орындарының бәрі де бұл құжатпен санаса қоймайды. Дәл қазір олар адам құқығының бұзылуына қалай жол берсе, келешекте де олар оны жалғастыра береді. Өкінішке қарай, бұл құжатта көрсетілген нормалардың жүзеге асуын қадағалайтын жолдарды қоғам да, халықаралық ұйымдар да білмейді», - дейді журналист А.Свиридов.

Алматыдағы Хелсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина осы құжаттың қабылдануына орай Қазақстан мемлекеті өз заңдарын оған сәйкестендіріп жасайды деп үміттенеді. Сондай-ақ, Н.Фокина ханым өз сөзінде, бұл құжаттардың қабылдануы елдегі адам құқығы мәселелерінің шешілуі үшін зор ықпал тигізетіндігін атап өтті.
XS
SM
MD
LG