Accessibility links

"Борат Сағдиев" Қазақстанды неге келемеждейді екен?


Қарашаның 3-і күні МТВ телекомпаниясы өзінің жыл сайынғы "Еуропа музыкасының жүлдегерлеріне сыйлық тапсыру" рәсімін өткізді. Осымен 12 жыл қатарынан орын алған шараны осы жолы Саша Барон Коуэн деген британиялық комедия актері өткізді және осы тікелей толқын хабарын "Борат Сағдиев" деген қарама-қайшы бейнені ойнап жүргізді. "Борат Сағдиев" деген кім сонда?

МТВ телекомпаниясының жүйесінде жиі шығатын "Борат Сағдиев" Қазақстанның атын жамылып "Еуропа музыкасының жүлдегерлеріне сыйлық тапсыру" рәсімін тікелей толқында өткізді. Шара Португалия астанасы Лиссабонда өтті. МТВ телекомпаниясы "Борат Сағдиевты" Қазақстанда ең танымал алтыншы адам деп таныстырады әдетте. "Борат Сағдиевты" ойнайтын британиялық актер Саша Коуэн осы жолы да бұқараға келемеж бен келекелерін үйіп-төкті.

Жалпы, "Борат Сағдиев" деген кім? Оның бейнесіне Қазақстанның Британия мен АҚШ-тағы елшіліктері неге ресми наразылық танытты? "Борат Сағдиев" жайында алып-қашпа мәлімет Қазақстан баспасөзіне анда-санда көрініп тұрады. Бірақ, "Борат Сағдиевтың" бейнесі нақты қандай екені көпшілікке беймәлім. Актер Саша Коуэн алдымен "Дей Али Джи Шоу" британиялық музыка журналисінің сайқымазақ бейнесін жасап халықаралық дәрежеде танымал болған. Ал "Борат Сағдиевтың" бет-пішімі, сырт көзбен қарағанда, қазаққа еш ұқсамайды және қазақша деп сөйлегінінің өзінде поляк сөздері көбірек айтылады.

"Борат Сағдиев" деген парасаты төмендеу қазақстандық тележурналистің бейнесі Қазақстан ресми өкілдерінің шамдарына бірден тиді. "Дей Али Джи Шоу" хабары Британия мен Америка Құрама Штаттарында шығады, "Борат Сағдиевтың" бейнесі осы хабарда беріледі. "Борат Сағдиевтың" сахналық әдістемесі қарабайыр – ол өзін Қазақстаннан келген журналист ретінде таныстырып, түрлі адамдардан өтірік сұхбат алады, әңгімелесіп отырған адамдарына Қазақстан туралы өзі ойлап шығарған сайқымазақ мысалдарды айтады. Оклахома қаласында жергілікті ресми өкілдермен кездескенде "Борат Сағдиев" олардың басын былай деп қатырды:

- Әр адам білетіндей, бүгін "Тишниек қырғынына" 14 жыл толып отыр. Сондықтан сіздерден сұрайтыным, орындарыңыздан тұрып, қырғын құрбандарын еске алайық. Біз қазір он минут үнсіз тұрамыз, өтінемін сіздерден.

"Тишниек қырғынын" ойлап шығарған актер Саша Коуэнді бірнеше мәдениет сарапшысы сынаған болатын, мұндай дүниелер Орталық Азия туралы аз білетін не болмаса түк білмейтін батыс елдерінің азаматтарын арзан күлкіге жетектеп, адастырады делінді. Лондонда зиялы қауым өкілдерінің алдына шыққан "Борат Сағдиев" Қазақстан болмысын былай деп суреттеді, мәселен:

- Қазақстанда біз жануарларды өлтіргенді жақсы көреміз. Аңшылық ермек үшін. Бұл өте күлкілі. Жануарды өлтіріп жатқаныңызда ерекше сезімде боласыз. Біз иттерді атып өлтіргенді ұнатамыз. Қазақстанда бұл есі дұрыс емес адамның ісі деп аталады. Көңіл бөлгендеріңізге көп рахмет!

"Борат Сағдиевтың" Қазақстан бейнесін жасап жүргеніне Қазақстан билік өкілдері ресми түрде бірнеше рет наразылық танытқан. "Борат Сағдиевтың" бейнесі жайында "Жала жабудан қорғау лигасы" деген қоғамдық ұйымда наразылық танытты. Себебі, "Борат Сағдиевтың" бір өлеңінде еврейлерді Қазақстаннан лақтырып жіберу керек деп айтылды. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Мұхтар Кәрібай "Азаттық" радиосына мынадай сипаттама айтты:

- Сол адамның психикалық сау емес екендігі анықталды ғой деймін. Мәселе сонымен жабылған. Қазақстанға ешқандай қатысы болмағаннан кейін, психикалық ауытқулары бар болғанынан кейін ол мәселеге бүкіл министрліктің атынан мән берудің орны жоқ.

"Азаттық" радиосының тілшілері "Борат Сағдиев" жайында Алматыда бірнеше адамнан сұхбат алғанда көпшілік ол туралы түк білмейтіні анықталды. Сыртқы қатынастармен айналыспайтын үкімет орындарының өкілдері де "Борат Сағдиев" туралы өте аз естіген екен. Ақпарат министрінің орынбасары Ардақ Досжан радиомызға, мәселен, былай деді:

- Көрген жоқпын ол адамды. Америка телевидениясын қарамаймын. Ол кісіні мен білмеймін, өкінішке қарай.

Қазақстан ресми өкілдері "Борат Сағдиевтың" бейнесіне негізінен қатты сын айтады. Қазақстан қоғамдық қайраткерлерінің пікірі әрқилы. Қазақстан адам құқықтары жөніндегі бюросының жетекшісі Евгений Жовтис, мәселен, жеке бір адамның айтқаны кез-келген мемлекетке маңызды емес, Қазақстан алып, кең-қанатты мемлекет болып табылады дейді:

- Егерде қайсыбір мемлекеттің қуаты мен күші жеткілікті болса, оның имиджі айтарлықтай жақсы болса – ол туралы кім не айтатыны маңызды емес. Қазақстан билік орындары жеке тараптан айтылған кез-келген сынды, не болмаса олар өздері дұрыс емес деп қабылдаған жеке пікірлерді тым ауыр қабылдайтын сияқты маған кей-кезде. Саша Коуэн бола ма, басқа біреу бола ма – олардың не айтқанына үлкен мемлекет несіне көңіл бұрады? Халықаралық демократиялық ұйымдар тарапынан сын айтылса, міне, сонда мазасызданған жөн.

Радиомызға сұхбат берген жастар өкілдерінің арасында "Борат Сағдиевтың" бейнесі туралы көбірек білетіндер де табылды. Бұлар негізінен АҚШ пен Британияда оқып келгендер, не болмаса сол жақта оқыған достарынан естігендер екен. "Борат Сағдиевтың" бейнесі арқылы, жалпы, тек Қазақстан емес, Өзбекстан мен Тәжікстандағы тұрмыстық жағдай келемеждеп көрсетіледі. Әйелдердің мәртебесі жылқы мен иттің дәрежелерінен төмен, не болмаса бизнесмендер жиналып алып порнографиялық киноларды тамашалауды ұнатады делінеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG