Accessibility links

Аргентина саммиті қақтығыс бен бүліктен басталды


Аргентина аймақтық саммиті үлкен ереуіл мен қақтығыстардан басталды. Мер Дел Плата қаласындағы саммитке АҚШ президенті Джордж Буш және басқа көршілес елдердің басшылары қатысты. Бейбіт түрде басталған демонстрацияда Ирақ соғысына наразылық танытылды, президент Буш мұрындық болған аймақтық еркін сауда ұсыныстарына қарсылық айтылды. Алайда бірнеше сағаттан кейін бейбіт демонстрацияның соңы қақтығыс бен бүлікке айналып кетті.

Бейбіт жиналыс Мер Дел Плата қаласының футбол стадионында орын алды. Мұнда Буштың сыртқы саясатына және экономикалық саясатына қатты сын айтылды. Жұрт Бушты қатты сынайтын белгілі тұлғалар - Венесуела президенті Хьюго Чавез бен Аргентина футбол жұлдызы Диего Марадоналарды көріп, қошеметтейміз деп жиналған. Жиынға ондаған мың адам жиналды. Алайда бірнеше сағаттан соң бейбіт жиын қақтығыстарға ұласып кетті. Жүздеген демонстрант жақын маңдағы дүкендерді тонап, өртеді. Демонстранттар полициямен қақтығысты. Полиция жас ағызатын газ қолданды, резина оқтарды атты.

Наразылық шаралары жайында президент Буштың үнсіз қалуына еш қисыны келмеді. Буш және оның адамдары отырған мәшинелер ереуілшілердің жанында бірнеше метрде өткен болатын. Буш жұма күні Аргентина президенті Нестор Кирхнермен кездескен. Сондықтан да АҚШ президенті Буш саммит күрделі жағдайда өтіп жатқанын мойындады, Аргентина президентіне алғысын білдірді:

- Қонақтарыңызды жақсы күтіп жатқаныңызға рахмет айтамын. Осыншама барлық елдердің өкілдерін қонақ қылу оңай емес. Бәлкім олардың ішінде мені қонақ қылу оңай болмас. Көрсетіп жатқан қызметіңізге рахмет. Қызметіңізді жақсы атқарып жатырсыз.

Жалпы Аргентина саммитінде негізгі дау туғызатын мәселе – Америка құрлығында еркін сауда аймағын орнату ұсынысы болатыны бірден байқалды. Буш Америка құрлығында экономикалық реформаларды іске асыруға шақырды. Америка еркін сауда аймағын құруды Бразилия, Аргентина және Венесуела сияқты кейбір латынамерикалық елдер қабылдамайды. Олар еркін сауда тәртібі Америка Құрама Штаттарына басымдылық беріп қояды деп қорқады. Венесуела президенті Хьюго Чавез саммитке келе салысымен Америка еркін сауда аймағы бастамасы - өлі бастама, саммит жетекшілері бастаманы жер қойнауына тапсырады деп мәлімдеді. Дегенмен, басқа елдердің басшылары осыншалықты дәрежеде ашық қарсы емес.

Аргентина президенті Нестор Кирхнер Американың бай елдері мен кедей елдерінің арасында алшақтық үлкен екені сауда келісімдерінде ескерілу керек деді. Алшақтық расында да үлкен. Америка Құрама Штаттары - әлемдегі ең бай елдердің қатарында. Ал 512 миллион адамы бар жалпы Латын Америка халқының жартысына жуығы кедей тұрады. Саммит соңында қандай қортынды мәлімдеме қабылданатыны сенбі күні жұмыс барысында анық болған жоқ. "Америка еркін сауда аймағы" деген сөзтіркестің өзі түсіп қалуы мүмкін деген күмән айтылды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG