Accessibility links

Алматыда түрік мәдениет орталығы ашылды


Қарашаның 9-ы күні Қазақстанда Түркия мәдениеті күндері басталды. Осы шараға орай ұлттық кітапханада түрік мәдени орталығы ашылды. Мәдени орталықтың ашылуына Түрік Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Танер Сабен ұлттық кітапханаға 1300-ге жуық түрік әдебиетін сыйға тартты.

Түрік мәдени орталығының ашылуында сөз алған мәдениеттанушы Мұрат Әуезов:

“Кітапханадағы Қытай, Иран, Үндістан мәдени орталықтарының қатарына түрік мәдени орталығының қосылуы игі дәстүр. Өзгелердің қазақ жерінде өз мәдени орталықтарын ашуға ықылас танытқаны – олардың қазақ халқының мәдени-рухани қазынаны бағалай білетіндігіне сенім артқаны”, - деді.

Оның айтуынша, мәдениетті өткеннен бөлуге болмайды. Өткен тарихқа көз тастасақ түркі тілдес халықтардың тілі, ділі бір деуге болады. Түркиямен қарым-қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтеруіміз керек.

Түрік Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Танер Сабен:

“Түркияның Қазақстандағы күндерінің басталуы түрік мәдени орталығының ашылуына тұспа-тұс келгендігі рухани құндылықтарымыздың ортақтығының дәлелі”, - деді.

Елші мырза рухани орталықты ашуға әсер еткен ұлттық кітапханаға 1300-ге жуық түрік әдебиетін сыйға тартты.

“Тіліміз, дініміз бір бауырлас елміз. Қазір барыс-келіс жолға қойылды. Олардың мәдениеті мен әдебиетін танып жатсақ, одан ұтылмаймыз, қайта екі халықты жақындастыра түсетін мұндай шаралардың берері мол”, - дейді түрік мәдени орталығын тамашалуға келген ақын Мыңбай Рәш.

Ал академик Кеңес Нұрпейісов:

“Түркия Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып таныған ел. Экономикалық байланыс әр елмен бар. Қалай болғанда да түбіміз бір бұлар ән салғанда, би билегенде жүрегіміз елжіреп тұрады. Мұндай шаралар көп болсын деген ойдамыз”, - дейді.

“Біріншіден - түрік күндері деген апталықтың осы жақта өтіп жатқандығы, екіншіден – бұл жиынға келіп отырған қазақ ағайындардың санының көптігі мені қуантады. Бізге де керегі осы. Неге? Ашылып отырған кітаптарымыз бен қолөнеріміз, ұлттық аспаптарымызды қазақ ағайындарымыз көріп: “о, мынау біздікіне ұқсайды екен”, деп жатыр. Яғни, бұл біздің түбіміздің бір екендігін білдіреді. Сондықтан мұндай шаралар екі елге де керек. Кеңейтілген түрлерін Түркияда да жасап, қазақ өнерін ол жақтада көрсетуіміз керек. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі жандандырудың бірнеше жолы бар. Ол үшін халықтық дипломатияны қалыптастыру керек. Халық бірімен бірі емін-еркін араласатын жағдайда болу керек. Мұны сауда-саттық, өнер жолымен жүзеге асыруға болды" дейді, “Қазақстан-Zaman” апталығының директоры Ахмет Аляз.

Түркия мәдени күндері аясында алдағы үш күн ішінде Алматы жұртшылығына түрік фильмдері көрсетіліп, дәстүрлі және бүгінгі заманғы түрік әуендерінен концерттер қойылмақ.
XS
SM
MD
LG