Accessibility links

ТМД елдерінің бақылаушылары Қазақстандағы сайлау алдындағы жағдай жөніндегі аралық есептерін жария етті


Бұрынғы кеңес одағы құрамында болған, қазіргі тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше болып кіретін елдердегі сайлауды бақылайтын CIS-EMO атты халықаралық ұйымның бақылаушылары қазанның 25-інен қарашаның 5-і аралығында Қазақстанның барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларындағы сайлау алды жағдайды бақылаған өздерінің аралық есеп баяндамаларын қарашының 9-күні күні Алматыда жұртшылыққа таныстырды.

2003 жылы құрылған CIS-EMO ұйымы содан бері Украина, Молдова және Әзірбайжанда өткен сайлауларды бақылап, осы елдердегі сайлаудың қалай өткендігі жөнінде өз қортындысын жариялап келеді. Қазақстанда өтетін президент сайлауын бақылау үшін осы халықаралық ұйымның 20 кісілік бақылаушылар тобын Беларусь азаматшасы Марина Богданович басқарып келіп отыр. Оның айтуынша, ұйымның ұзақ мерзімді бақылаушылары деп аталатын бұл 20 кісіден басқа 300-дей қысқа мерзімді бақылаушылар алдағы желтоқсанның 2-сі мен 5-і аралығында Қазақстандағы президент сайлауының қалай өтетіндігіне бақылау жасамақшы.

CIS-EMO ұйымының бақылаушылары өз жұмыстарын жүргізгенде үш негізгі принципті, талапты ұстанады. Ол оқиғаны дәлме-дәл сол қалпында, нағыз шындық жағдайында үлкен жауапкершілікпен қабылдап, тіркеу болмақ.

Ұйым өкілінің айтуынша, олар Қазақстандағы болсын, басқа бір елдегі саяси жағдай немесе экономикалық жағдайға баға, қортынды бермейді және тартысқа түсуші кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларына да онша назар аудармайды екен.

«Тек қана сайлау заң шеңберінде өтті ме, жоқ па дегенді ғана бақылайды», - дейді М.Богданович.

CIS-EMO бақылаушылар тобының мүшесі Стефан Новосельчанның айтуынша бақылаушылар президентіктен үміткер 5 кандидаттың да сайлау штабтарында болып, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары барыстарымен танысқан.

«Алайда, президентіктен үміткер кандидаттардың қазіргі үгіт-насихат жұмыстары мен сайлау компанияларының көп жағдайда сайлау заңына сай емес жағдайда өтіп жатқандығының куәсі болдық», - дейді С.Новосельчан.

Оның айтуынша, мысалы, президентіктен үміткер Ж.Тұяқбайдың портреті мен үгіт-насихат парақшалары Алматы қаласының кез-келген жерлерінде ілініп, жапсырылыпты.

«Бұл үшін арнайы орын берілуі керек, бұл - сайлау заңын бұзушылық болып табылады. Ал Алматы көшелері мен алаңдарында бір ғана кандидатқа, яғни қазіргі президент Н.Назарбаевқа ерекше жағдай жасалған. Оның портреттері мен үгіт парақшалары басқа кандидаттарға қарағанда тым көп ілінгендігі байқалады. Бұл - сайлау алдында кандидаттарға бірдей, тең жағдай жасалуы керек деген талапқа сай емес, ал осындай жағдай ақпарат құралдарында да орын алып отыр, бұл дағы заң бұзушылық болып табылады», - дейді CIS-EMO ұйымының бақылаушысы.

CIS-EMO ұйымы өзінің аралық есеп баяндамасында Қазақстандағы барлық облыстарда орын алып отырған осындай заң бұзушылық фактілерін тіркепті.
XS
SM
MD
LG