Ал кезінде желтоқсан көтерлісіне қатысты деп айыпталып 7 жылға сотталған Құрманғазы Рахметов «жаңа ұйым құрушылардың неліктен желтоқсаншыларды осылай екіге бөліп, яғни керекті, керексіз адамдар етіп тұрғанына» өзінің ренішті екендігін жасырмады.
Тағы бір жайт, «Желтоқсан» атты осы республикалық халықтық-патриоттық жаңа қозғалысты құрушылар, неге екені белгісіз, ішінде «Азаттық» радиосының тілішілері бар бірқатар БАҚ өкілдерін де құрылтай өтіп жатқан залға кіргізбеді. Жиын өтіп жатқан залдың есігін екі жағынан қорғап тұрған еңгезердей жігіттер «ешкімді де ішке аяқ бастырмаңдар» деген тапсырма алғанын айтып, өз міндеттерін адал орындап тұрды. Ал сыртта қалған журналистер жаңадан құрылған қозғалыстың құрылтайында өздерінен жасыратындай қандай құпия талқыланатын мәселе барын біле алмай, әркім әртүрлі жорамал жасады. Бірақ, бұл кезде әлгі залға бірқатар мемлекеттік телеарналар мен үкіметтен қаржыландырылатын баспасөз өкілдері еш кедергісіз емін-еркін кіріп жатты.
Ақыры жаңа қозғалыстың алғашқы құрылтайы да «Менің Қазақстаным» әнімен аяқталды. Жиын соңында «Азаттық» тілшісіне қозғалыс жетекшілерінің пікірін сұрауға сәті түсті. Құрылтайда жаңа ұйымның теңтөрағасы болып сайланған Зиядин Исабеков құрылтай жиыны бағдарлама бойынша өтіп, онда барлығы 7 түрлі мәселе қаралғанын жеткізді.
«Оның біреуі әрі маңыздысы - алдағы сайлауға байланысты президентіктен үміткер Ж.Тұяқбайға дауыс бермеуге халықты шақырған үндеу», - дейді ол.
Оның себебін Исабеков мырза Ж.Тұяқбай прокурор кезінде желтоқсан көтерілісіне қатысқан көп азаматтарды соттатқан деп түсіндірді. «Ал сол сотталған азаматтарды сіздер неге осы құрылтайға қатыстырмай қойдыңыздар» деген сұраққа, жаңадан сайланған ұйым төрағасы:
«Біз олармен құрылтай алдында кездесіп сөйлескеміз, бірақ олармен бір сөзге, бір мәмілеге келе алмадық, содан құрылтай өткіземіз оған келмей-ақ қойыңыздар дегенді айтқан болатынбыз», - деді Исабеков мырза.
Құрылтайға арнайы шақырылып қатысқан «Желтоқсан жаңғырығы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Төлеген Әлжан «сыртта көптеген желтоқсаншылардың ішке кіре алмай, қалып қойғаны дұрыс болмады, ал егер бұлар қазірден бастап бір жерге бастары симаса, онда өзім де бұлармен жақын бола алмаймын» деген пікірін білдірді.
Ал Қазақстанның «Тәуелсіздік қырандары, халық қаһармандары» қозғалысының төрайымы Гүлбахрам Жүнісова:
«Жаңа құрылып жатқан ұйым «желтоқсандықтарды» өз ішінен ірітіп, бөлу үшін жасалып жатқан нәрсе. Сондықтан біз бөлінбейтінімізді, өзіміздің бірге екенімізді танытуымыз керек, саясатта біздің жұмысымыз жоқ, сондай-ақ сайлауда халық кімді сайлайды, оны халықтың өзі шешетін мәселе, оған желтоқсандықтар араласпауы тиісті», - деген ойын жеткізді.
Сәрсенбі күні Қазақстандық мемлекеттен қаржыландырылатын телеаналардан жаңадан құрылған «Желтоқсан» қозғалысының осы күні Алматыда өткен құрылтайы туралы хабар беріліп, онда ұйым жетекшілерінің президентікке оппозициялық кандидатқа деген сыни пікірлері берілді.