Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.18.2005 жыл


18-қарашада жарық көрген басылымдарда Қазақстанда әдетінше жыл сайын желтоқсан айы жақындап қалғанда әңгіме өзегіне айналатын желтоқсан оқиғасымен қатар Қазақстанда алдағы президент сайлауы барысында «түрлі-түсті төңкеріс» болуы мүмкін бе деген мәселелер туралы материалдар жарияланыпты.

Жұма күні жарық көрген «Central Asia Monitor» апталығы сәрсенбі күні құрылтай сьездерін өткізген «Желтоқсан» республикалық халықтық-патриоттық қозғалысы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларды екі жікке бөлгенін айтады. Жаңадан құрылып жатқан аталған қозғалыс мүшелері өздерінің алдағы елдегі президенттік сайлауға ешқандай қатыстары жоқ дегенмен президенттікке үміткерлердің біріне нақтылай айтқанда «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайға өкпелері қара қазандай екені белгілі болды дейді мақала авторы. Ал екінші бір желтоқсан оқиғасына қатысушылар, бұл жиынға кіре алмаған әсіресе әйел адамдар аталған шараның саяси астары бар екенін және сайлаудың алдында ғана қозғалыстың құрылуы тектен тек емес екенін газет тілшісіне айтып беріпті. Сөйтіп, желтоқсаншылар «Желтоқсан оқиғасын» өзара бөлісе алмай отыр деген тұжырым жасапты мақала авторы.

Сондай-ақ осы тақырыпты кеңінен қаузаған «Жұма-Таймс» апталығы өзінің соңғы санында «Желтоқсан көтерілісі» биліктің мазағына айналды» деген мақала жариялапты. Онда мақала авторы Марат Уатқан: «Желтоқсан» республикалық халықтық-патриоттық қозғалысының бірінші құрылтайы билік тарапынан ұйымдастырылып отырғаны белгілі болды. Өйткені, делегаттар арасында 1986 жылғы көтеріліске қатысқаны үшін сотталып, «Желтоқсанның» барлық азап-зардабын тартқан нағыз қахарман азаматтар мен бірге оппозициялық басылымдардың тілшілері құрылтайға қатыстырылмады» дейді. Және де мақала авторы наразы желтоқсаншылардың айтуы бойынша, «Желтоқсан» республикалық халықтық-патриоттық қозғалысын құрып жатқандардың «Желтоқсан оқиғасын» саудаға салып жатқандығы жөнінде бірнеше деректер келтіреді. Онда аталған шараны ұйымдастырушылардың биліктің ықпалымен қаржы-қаражат алып, «Желтоқсанды» қоғамдық ұйым емес, коммерциялық ұйымға айналдырып отырғандары айтылған.

Ал 18 қараша күнгі санында «Қазақ әдебиеті» газеті «Мемлекет күшті ме, олигарх күшті ме?» деген тақырыпта сараптамалық мақала жариялапты. Онда елдегі кейбір шектен тыс байып алған қалталы топтардың енді билікке ұмтылуы қауіпті құбылыс екендігі айтылады. Мақала авторы Қуанбек Боқаев олигархтардың елдің қазына байлығын мемлекеттің мүддесіне емес, өздерінің пайдасына ғана иеленуді көздейтіні мен енді ол алпауыттар бүтіндей мемлекетті бопсалап, қалайда өздерінің мақсаттарын жүзеге асыру жолында билік орындарын да иемденіп алғысы келетін сыңай байқатқаны белгілі болғанын айтады. Бұл тұрғыда елдегі алпауыттардың адымын аштырмайтын және арам пиғылдарын жүзеге асыруға жол бермейтін заң жобалары қабылдануы қажеттігі туындап келе жатыр дейді мақала авторы.

Алайда жұма күні жарық көрген бірінші санында «Республика» газетінің ізбасары «Право. Экономика. Политика. Культура» апталығы Қазақстанда қандайда бір төңкерістердің болуы мүмкін еместігіне қатысты материалдар жариялапты. Тек биліктегілердің соңғы кезде оппозиция өкілдерін қыспаққа ала бастауы жақсы үрдіс емес екендігі айтылыпты. Оған мысал ретінде басылым өткен аптадағы президенттіктен үміткер Жармахан Тұяқбайдың Маңғыстау облысындағы сайлау штабының жеткешісінің соққыға жығылуы мен Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілі, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының жақын туысқандары да әлдекімдерден қатты таяқ жеп, ауруханаға түсуі сынды оқиғалар кездейсоқтық еместігі жазылған. Оппозиция өкілдері өздеріне қатысты жиілей бастаған мұндай әрекеттердің астарында саяси сипаты бар екенін айтып отыр. Сондықтан мұндай жағдайлардың қайталана беруі биліктің саяси оппоненттерінің ашу-ызасын туғызуы мүмкін екені атап көрсетіліпті.

Сонымен қатар «Жас қазақ» газетінің соңғы санында жарияланған саясаттанушы Берік Әбдіғалиевпен болған «Қазақстанда сайлау мәдениеті әлі толық қалыптасқан жоқ» атты сұхбатта саясаттанушы қалай болғанда да Қазақстанда әзірше түрлі-түсті төңкерістердің ауылы алыстау екенін атап көрсеткен.
XS
SM
MD
LG