Accessibility links

Жұмбақ жағдайда қаза болған оппозиция қайраткерінің жесірі Қазақстанның Ішкі істер министрін сотқа бермек


Қарашаның 12-і күні Алматыда жұмбақ жағдайда қаза болған Заманбек Нұрқаділовтың жесірі, танымал әнші Мақпал Жүнісова Қазақстанның ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановты сотқа бергелі отыр. Бұл туралы “Азаттық” радиосына сәрсенбі күні Нұрқаділовтер отбасының қорғаушысы Серікқали Мусин хабарлады. Адвокаттың айтуынша, Жүнісова ханымның бұндай қадамға баруына қарашаның 22-сі күні министр Б.Мұхамеджановтың қоғам қайраткері З.Нұрқаділовтің қазасына байланысты жүргізіліп жатқан тергеу ісіне орай, Астанада баспасөз өкілдеріне жасаған мәлімдемесі түрткі болған.

Адвокат Серікқали Мусиннің айтуынша, сейсенбі күні Астанада баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстанның ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов: «Мақпал Жүнісова жұмбақ жағдайда қаза болған жары Заманбек Нұрқаділовтың тағдырына қатысты мәліметтер беруге құлықсыз» деген жалған ақпарат таратқан.

«7 күннен бері Алматы қалалық ішкі істер басқармасында тергеуде жүрген Мақпал Жүнісова министрдің жоғарыдағы мәлімдемесінен кейін депрессияға түсіп, ауырып қалды. Енді жалған ақпарат таратып отырған министрді жауапқа тарту жөнінде сотқа жүгінбекпіз», - дейді М.Жүнісованың қорғаушысы Серікқали Мусин.

Бұдан бір күн бұрын, қарашаның 22-сі күні, Астанада баспасөз мәслихатын өткізген Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов «сараптама аяқталғанға дейін Заманбек Нұрқаділовтың қазасына қатысты «кісі қолынан өлу немесе өзін-өзі өлтіруі мүмкін» деген жормалдардың біреуін де ысырып тастауға болмайды. Әзірге біз бұл жорамалдардың қайсыбірін де жоққа шығара алмаймыз» деп мәлімдеген болатын.

«Тергеушілер сонымен бірге Нұрқаділовтар отбасында көптен бері тұрмыстық негіздегі жанжалдар орын алғанын анықтап білді. Соңғы уақытта Заманбек Нұрқаділов пен оның зайыбы Мақпал Жүнісованың арасындағы татулық бұзылған. Соның әсерінен марқұм соңғы уақытта ұйықтатын дәрілерді пайдаланыпты. Бұны оқиға орнынан табылған “Имован” және “Семнол” дәрілерінің бос құтылары дәлелдейді,”- деген еді министр Б.Мұхамеджанов.

Оның айтуынша, қазір полиция қызметкерлері Нұрқаділовтың туыстары мен жақындарын сұраққа мұқият алуда. Алайда, марқұмның жесірі мен оның жақын туыстарының тергеуді қызықтырған мәселенің кейбір егжей-тегжейін шын көңілмен ортаға салудан бас тартуына байланысты қиындықтар туындап отыр.

Ал Нұрқаділовтер отбасының қорғаушысы Серікқали Мусин: “Мақпал Жүнісова министрдің жоғарыдағы сөзімен келіспейді” дейді. Оның айтуынша, Мақпал Жүнісова Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жариялап, онда Заманбек Нұрқаділовтің қазасына қатысты әділ әрі ашық тергеу тексеру жұмыстарын жүргізуге, қылмыскерді тездетіп табуға көмек сұраған. Сондай-ақ, марқұмның жесірі, өзіне қатысты қандай да бір туындаған сұраққа жеке жағдайда президентпен кездесіп жауап беруге дайын екендігін айтқан.
XS
SM
MD
LG