Accessibility links

“Әндіжан қантөгісі” туралы жазған Галима Бухарбаева халықаралық баспасөз бостандығы сыйлығына ие болды


Өзбек журналисі Галима Бухарбаева Халықаралық Баспасөз бостандығы сыйлығына ие болды. Соғыс және Бейбітшілік жөніндегі Институттың бұрынғы тілшісі Бухарбаева мамыр айындағы Әндіжан оқиғасы жайындағы хабарлары үшін сейсенбі күні Нью-Йоркте салтанатты түрде марапатталды. Тәуелсіз бақылаушылардың айтуынша, Әндіжан оқиғасында үкімет күштері наразылық танытушыларға қарсы оқ жаудырып, жүздеген адамды өлтірген. Бұл оқиға кезінде өзінің өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, Галима Бухарбаева Әндіжан қантөгісі жайлы бірнеше хабар жасаған болатын.

Галима Бухарбаева Лондонда орналасқан Соғыс және бейбітшілік жөніндегі институттың Өзбекстандағы тілшісі болып жұмыс істеген. Мамырдың 13-күні Әндіжанның “Бобур” алаңында үкімет күштері наразылық танытушыларға оқ атқан кезде, журналист Бухарбаева “Азаттық” радиосына былай деп хабарлаған болатын.

“Мен, мысалы, арықтың ішіне жасырындым. Сол жерден мен жараланған адамдардың шығарылып жатқанын көрдім. Менің жанымда жарақат алған адамдар үсті басы қан болған бес кісіні сүдіреп алып шықты. Олар бұлар өлді деді. Тағы басқалардың да жарақат алып жатқандарын көрдім. Адамдар бізге ‘журналистер, қараңдар, мына жерде тағы 2-3 өлген кісі жатыр’ деді. Бірақ біз оларға қарай алмадық, өйткені атыс одан әрі жалғасты,” - деді Галима.

Куәгерлер мен құқық қорғаушылардың айтуынша, үкімет күштері 700-ге жуық адамды өлтірген. Бірақ ресми Ташкент 187 адам қаза тапты, олардың қөбі терроршылар дейді.

Өзбекстандық күштердің халыққа қарсы оқ жаудырған кезінде Галима да сол қарапайым халықтың арасында болған. Бірнеше сағаттан кейін Бухарбаева өзінің өміріне де қауіп төнгенін түсінген, өйткені сол атыста оның арқасына таққан сөмкесі мен пластиктен жасалған журналисттік куәлігіне оқ тиген екен.

Сейсенбі күні Нью-Йоркте Галима Бухарбаева Әндіжан оқиғасы жайындағы хабарлары үшін Халықаралық баспасөз бостандығы сыйлығымен салтанатты түрде марапатталды. Нью-Йоркте қуғында жүрген Бухарбаева жақында Азаттық радиосына сұхбат берген болатын.

“Өміріме бірінші рет нақты қауіп төнген болатын. Әндіжандағы сол күнгідей өлім маған жақын болған емес,” деді Галима.

Журналистерді қорғау жөніндегі комитет өкілі Алекс Лупис:

“Сондай қиын жағдайда Галима Әндіжан оқиғасы туралы айрықша хабарлар беріп тұрды. Ол полиция тарапынан жәбірлеп-азаптау, исламшыл белсенділерді қуғындау және журналистер мен құқық қорғаушыларды тұншықтыру сияқты күрделі саяси мәселелерді көтерд.”

Галима Бухарбаева Әндіжан туралы хабарлары үшін Өзбекстанда қылмыстық қудалауға түсіп отыр. 31-жастағы журналист қазір Нью-Йорктегі Колумбия Университетінде оқып жатыр. Жақында ол тұрмысқа шықты.

Галима бұл сыйлық Өзбекстанда батыл журналистердің қиын жағдайда жұмыс істеп жатқандарының мойындалғанын білдіреді дейді.

“Бұл марапат Өзбекстандағы өте ауыр және күрделі жағдайдың нышаны деп ойлаймын. Бұл жергілікті журналистердің қаншалықты қиын жағдайда жұмыс істеп жатқандарының мойындалғанын білдіреді,” дейді Галима.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG