Accessibility links

Әлем елдерінің бәрінде әйелдерге күш қолдану, олардың отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырауы ұлғайып барады


Францияда әрбір төрт күннің бірінде әйелдер отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болады екен. Азия мен Африка елдеріндегі әйелдер жағдайының күрделілігі де алаңдаушылыққа негізгі себеп болады. Әйелдер өміріндегі осындай мәселелерді назарға ала отырып, БҰҰ 1999 жылы 25 қарашаны әйелдерге күш қолдануға қарсы күресудің халықаралық күні деп жариялап, арнайы декларация қабылдаған болатын.

Бұл сөз болып отырған шешім 1999 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 54 сессиясында мақұлданды. Дөңгеленген бұл дүниеде тіршілік ететін әйелдердің әрбір үшіншісі өз күйеулерінің немесе басқа да таныстарының соққысын жеп, таяғына жығылады немесе жыныстық зорлау қатынастарына душар болады. Тіпті, әрбір төртінші әйел аяғы ауыр болып жүрген айлардың өзінде түрлі күш қолдануларды бастан кешіріп, жәбірленеді екен.

Міне, әйелдер өмірінде зорлық-зомбылық пен күш қолданулардың осындай түрлері кездеспейтін әлемде бірде-бір ел жоқ десе болады. Бұл ретте «Амнести интернешнл» ұйымының өкілі Сара Робертс «Азаттық» радиосына берген сұхбатында аталған ұйымның зерттеулері жер бетінің барлық елінде әйелдерге күш қолданып, оларды ұрып-соғу мен азаптау мысалдарының көбейіп бара жатқанын байқатты дейді:

«Біз жасаған зерттеулердің көрсеткені бойынша, жер бетінің қай бөлігі мен қайсы елінде болсын, әйелдерге күш көрсетіп, қол жұмсаудың кең етек алғанын көрсетті және мұның өзі адам хұқтарын қорғашуылар мен қоғамға бірден-бір белгілі мәселелер», - деп атап көрсетеді.

Жоғарыда айтылған Францияға келетін болсақ, тек 2003-2004 жылдардың өзінде мұнда барлығы 164 әйел мен 47 ер адам отбасылық дау-жанжал құрбандары болған. Мұндай деректер француз полицейлерінен алынған. Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының осыдан бір күн бұрын жариялаған хабарламасында әйелдердің көпшілігі өмірлік серіктері мен таныс немесе таныс емес ерлерден соққыға ұшырап, болмаса зорлық көреді екен. Мәселен, Камбоджияда әйелдердің 16 проценті өз күйеулерінен соққы жеп, таяқтауына ұшырайды, жәбір көреді.

Британия әйелдерінің 30 проценті бұрынғы жолдас болған, не жолдас болып жүрген ер адамдарынан түрлі дене жарақатын алып, таяқталса, Батыс жағалауда мұндай тағдыр әйелдердің 52 процентінің басында кездеседі екен. Жалпы алғанда соққыға жығылатын әйелдер Никарагуада 21, Канадада 29, АҚШ-та 22 процент болады екен.

«Амнести интернешнлдың» дерек-мәліметтеріне сәйкес, Ресей Федерациясында күн сайын 36 мың әйел күйеуінің болмаса күйеуі қатарында жүргендердің соққысына душар болады екен. Ал әрбір қырық минут сайын бір әйел отбасылық жанжалдың құрбанына айналады. Ресейдің ресми деректеріне сүйенсек, Ресейдегі әрбір төртінші үйде отбасылық ұрыс-керіс, ұрып-соғу жайттары болып тұрады екен. 2002 жылы Ресей үкіметінің БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетіне берген деректерінде әр жыл сайын 14 мың әйелдің күйеуінің немесе басқа да туыстарының қол жұмсауынан қаза табатындығы тіркелген. Ал АҚШ-та жыл сайын 700 мың әйел жыныстық зорлау және басқа да осындай шабуылдарға душар болады екен.

Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының Женевадағы директоры Ли Жонг-ук Қытайда арнайы зерттеулер жүргізілмегенімен де, бұл ел де отбасылық жанжал, ұрып-соғу кең етек алып бара жатқан ел дейді. Бейжіндегі әйелдер орталығында дәрігерлер мен мамандар мұндай әйелдерге түрлі көмектер көрсетеді. Міне, мұнда келген әйелдердің бірі былай дейді:

«Мен күйеуіммен ажырасқан кезімде, ұрып-соғылған денемде сау-тамтық қалмаған еді. Менің сүйектерім сынып, жараланған болатын. Оларды дәрігерлік сарапшылар тексеріп, көздері жеткен. Қазір жағдайым жаман емес, бірақ мені мазалайтын денсаулық мәселелері аз емес».

Сарапшылар болса, Қытай нарықтық экономикаға қадам басқан қазіргі таңда бұл мемлекетте отбасылық дау-жанжалдың артып бара жатқандығымен келіседі.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG