Accessibility links

Адвокат Серікқали Мусин: «З.Нұрқаділовтің қазасы отбасылық жайттан болды дегенмен келіспеймін»


Сейсенбі күні «Интерфакс» агенттігі Қазақстанның заң орындарындағы дерек бұлағына сілтеме жасай отырып, тергеушілер саясаткер Заманбек Нұрқаділов өзін-өзі өлтірген деген тұжырымға келгені жөнінде ақпарат таратты. Алайда, сол күні Алматыда баспасөз өкілдері алдында З.Нұрқаділовтің зайыбы Мақпал Жүнісованың адвокаты Серікқали Мусин бұндай байламмен келіспейтінін мәлімдеді.

Адвокат Серікқали Мусин соңғы аптада Заманбек Нұрқаділовтың қаза болуының себебін тезірек ашудың орнына, марқұмның жақын-туысқандарымен қатар, Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Бауыржан Мұқамеджановтың мемлекеттік электронды ақпарат құралдары арқылы марқұмның зайыбы Мақпал Жүнісованың жағымсыз бейнесін жасауға тырысып жатқаны байқалғанын айтады.

«Нақты айтқанда, Мақпал Жүнісоваға спирттік ішімдіктерге салынып кеткен, долы әйелдің бейнесін телу кім үшін және не үшін қажет? Бұл ретте, қайғылы қазаны отбасылық-тұрмыстық ұрыс-керістердің салдары деп қараудың ешқандай негізі жоқ. Сондықтан, тысқары үшінші күштердің қазаға тікелей себепкер болғаны анық», - дейді Серікқали Мусин.

Сондай-ақ М.Жүнісованың адвокаты Серікқали Мусин марқұм Заманбек Нұрқаділовтың белсенді өмір сүргенін, шығармашылық жағынан тың серпілісте болғанын және оның көрсеткіші іспетті, ішінде зайыбы Мақпалға арнаған бірнеше өлеңдері бар, 3 мың данамен тараған кітап шығарғандығын айтады.

Және де Серікқали Мусин тергеу жұмыстары толық аяқталмай жатып, З.Нұрқаділовтың өзін-өзі өлтіруі мүмкін деген ішкі істер министрі Бауыржан Мұқамеджановтың болжам жасауы асығыстық әрі ешқандай негізсіз екенін айтады. Осы ретте ол тергеу жүргізіп жатқан топтың жұмысына қанағаттанбайтындықтарын алға тартады.

«Іске қажетті кісі өліміне қатысты бірнеше дәлелдер мен деректер назарға алынбай отыр. Айталық, Заманбек Нұрқаділовтың үйінде тұрған бейнекамераларды орнатқан «Азия МТ» фирмасы өкілдерінің 12 сағаттан артық уақыттағы ауладағы жағдайларды аталған құрылғы жаза алмайды деген уәжге заң органы құлақ аспай жатыр», - дейді Серікқали Мусин.

Ал қарашаның 29 күні «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі елдің заң органдарындағы ақпарат бұлағына сілтеме жасай отырып, саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың өзін-өзі өлтіргендігі жөнінде байлам жасалғаны турасындағы ақпарат таратты. Алайда адвокат С.Мусин бұнымен келіспейді.

«Заң бойынша мұндай жағдайда тергеу ісіне екі айдай уақыт беріледі. Ал жаңағыдай байлам жасау асығыстық деп санаймын, әрі бұның соңғы шешім екенін аталған істі тергеп жатқан ресми орган мақұлдау қажет», - дейді Серікқали Мусин.

Осы ретте «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі таратқан аталған ақпаратқа орай, қарашаның 29-күні істі тергеп жатқан Алматы қалалық ішкі істер департаментіне хабарласқанымызда, баспасөз қызметкері Арман Жусанбай бұл іс бойынша әлі нақты қорытынды шығарылмағандығын жеткізді. Сонымен қатар аталған істі толық тексеріп шығу үшін құқық қорғау органы қызметкерлерінің әлі бір ай уақыты бар дейді Арман Жусанбай.
XS
SM
MD
LG