Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жылдан бастап, елде үлкен саяси реформалар басталады дейді


Бейсенбі күні 19 - тамыздағы сенат сайлауының қорытындысы бойынша сайланған депутаттар жұмыстарына кірісті. Үшінші шақырылымдағы бірінші сессияның алғашқы отырысын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Күн тәртібіндегі мәселе жаңадан спикер және оның орынбасарын тағайындау болды. Мемлекет басшысы спикерлікке Нұртай Әбіқаевтың кандидатурасын қайтадан ұсынды. Сенаторлар бір ауыздан қолдап дауыс берді. Қайтадан спикер болған Нұртай Әбіқаев өзінің орынбасарлығына бұрынғы Төтенше жағдайлар жөніндегі министр болған Мұхамбет Көпеевті ұсынды. Осыған дейін саяси сарапшылар арасында келесі спикер болып тағайындалған адамды қазіргі президенттің болашақ орнын басатын адам ретінде қарау керек деген пікірлер айтылған еді. Нұртай Әбіқаев шын мәнінде Нұрсұлтан Назарбаев өзінің орынтағына қалдырып кететін тұлға ма?

Үстіміздегі жылдың 19 - тамызында биыл мерзімі аяқталған сенат депутаттарының орнына қайтадан сайлау өткен еді. Сенат сайлауының қорытындысы бойынша 15 аймақтан 15 сенат депутаты сайланды. Оларды Конституция бойынша, мәслихат депутаттары сайлады. Ал жеті депутатты президент тағайындады. Енді үшінші шақырылымдағы сенат депутаттарының алғашқы сессиясындағы бірінші отырысын басқарған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сенат төрағалығына осыған дейін спикер қызметін атқарған Нұртай Әбіқаевтың кандидатурасын қайта ұсынды.

Сенат депутаттарының дауыс беру нәтижесінде 38 депутаттың барлығы президенттің ұсынысын қолдап, Нұртай Әбіқаевқа дауыс берді. Осыдан кейін спикерлік қызметіне кіріскен Нұртай Әбіқаев өзінің орынбасары болуға президент тағайындаған Мұхамбет Көпеевтің аты-жөнін ұсынды. Бұған да депутаттар сөзге келмей, жақтап дауыс берді. Нұртай Әбіқаев президенттің алдында алдағы жеті жылда да сіздің жүргізіп отырған саясатыңызды қолдап, соларды іске асыру үшін жұмыс істеймін деп уәде етті.

Ал Сенат төрағасының орынбасары қызметіне кіріскен, бұрын Мәжіліс төрағасының орынбасары болған Мұхамбет Көпеев президентке қаратып, бір-екі күнде Сізді үлкен жеңіс күтіп тұр деп, Нұрсұлтан Назарбаевтың болашағын болжам жасады:

– Нұрсұлтан Әбішұлы енді сайлауға екі-ақ күн қалды. Үлкен жеңістің алдында тұрмыз. Бұл жеңіс тек ғана сіздің жеңісіңіз емес, елдің жеңісі, халықтың жеңісі деп білем, - деді Мұхамбет Көпеев.

30 қарашада депутаттық мерзімі аяқталған бұрынғы сенат депутаты, президенттікке үміткер болған Уәлихан Қайсар Қазақстан Парламентінің екі палатасында да енді бірде-бір оппозиция өкілінің қалмағандығын айтады. Ол бұл үдерістер елдегі саяси реформалардың жүруіне үлкен кедергі келтіреді дейді.

Алайда Нұрсұлтан Назарбаев сенат депутаттарына жаңа жылдан бастап елде үлкен саяси реформалар күтіп тұрғанын жеткізді. Ол бұл үдеріске сенатта белсене араласатын болады деді. Сонымен қатар ол «Қазақстанда сенат палатасының қажет жоқ дегендер қателеседі. Ол адамдар елде тұрақтылықтың болғанын қаламайды», - деді.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Алтынбек Сәрсенбайұлы заң шығарушы орган үшін сенаттың қажеті жоқ деп есептейді. Ол сонымен қатар Сенат төрағалығына Нұртай Әбіқаев уақытша сайланған тұлға деп есептейді:

– Конституция бойынша, сенаттың спикері деген ауыспалы тұлға. Болашақта Назарбаев орнына біреуді қалдырам десе Әбіқаевты жылжыта салу оған көп қиын емес. Оған қажеті жарлықты басатын бір жапырақ қағаз. Егер желтоқанның 1-күні сенат төрағасы тағайындалса, сол болашақ президент екен деп жорамал жасауға болмайды,– дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Осыған дейін саяси сарапшылар арасында «президент сайлауы қарсаңында немесе кейін сенат төрағасының орны ауысады. Ол адамды болашақ президент ретінде қарауға болады» деген болжамдарын айтқан еді. Бірақ бұрынғы сенатор Уәлихан Қайсар да қазіргі президент әзірге ешкімге орнын бермейді дейді.
XS
SM
MD
LG