“Свобода слова” басылымында жарық көрген “министр Мұхамеджанов Мақпалды қудалап жатыр” атты мақалада адвокат Серікқали Мусиннің бірнеше фактілерді жария еткендігі баяндалыпты. Оның айтуынша, тергеу жұмыстары дер кезінде жүргізілмеген, Заманбек Нұрқаділовтың денесі табылған сәтте қылмыскердің ізіне түсу үшін кинологтар шақырылмаған. Қылмыс болған жер мұқият тексерілмеген. Қанның жасырын іздерін анықтау Заманбек Нұрқаділовтың қазасынан екі жұма өткеннен соң ғана жүргізілген. Ал, аталмыш басылымдағы Гүлжан Ерғалиеваның мақаласында билік тарапынан шындыққа сәйкес келмейтін түрлі болжамдардың жасалуы Заманбек Нұрқаділовтың жұмбақ өлімінің артында саясаттың жатқандығын аңғартады деген болжам айтылыпты. Сонымен қатар автор өз мақаласында Заманбек Нұрқаділовтың өліміне байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстап отырған позициясының түрлі күдік туғызатындығын да айрықша тоқталыпты. Мақала авторының айтуынша, Заманбек Нұрқаділовтың жұмбақ өліміне қатысты Нұрсұлтан Назарбаев ол өзін-өзі өлтірді деген сыңайдағы адам нанғысыз болжамдардың жасалуына жол бермей, шынайы қылмыскерлердің табылуына ықпал етуі тиіс.
Адвокат Серікқали Мусин “Жұма таймс” газетіне берген сұхбатында Заманбек Нұрқадаловтың жұмбақ өліміне қатысты тергеу орындарының оның жұбайы Мақпал Жүнісованы айыптауға ешқандай да негіздерінің жоқ екендігінен хабардар етіпті. Газет тілшісіне берген сұхбатында Серікқали Мусин тергеу орындары қызметкерлерінің жұмысына разы еместігін сөз қылып, олардың әрекеттерінен жоғары жақтан берілген бір тапсырысты орындап жатқан секілді іс-қимылдардың байқалатындығы туралы өз ойын білдіріпті. Сондай-ақ Серікқали Мусин қазіргі уақытта Мақпал Жүнісованың қатты жан күйзелісіне ұшырап ауырып қалғандығын да айтып өтіпті.
“Сөз” басылымына берген сұхбатында Мақпал Жүнісова Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхаметжановтың күйеуінің өліміне байланысты түрлі өсектер мен қаңқу сөздерді ресми түрде жариялап жатқандығына наразылық білдіріпті. Сондай-ақ Мақпал Жүнісова тергеу орындары оны күйеуін өлтірді деген айып таға бастаса, халықтан көмек сұрауға мәжбүр болатындығын хабарлапты.