Accessibility links

Алматыдағы “Шаңырақ” ауданындағы мыңдаған азаматтар дауыс беру құқығынан айырылып отыр


Бейресми деректерге жүгінсек, “Шаңырақ” ауданында 20 мыңнан астам адам тұрады. Алайда, алдағы жексенбі күні Қазақстанда өткелі отырған президент сайлауында осы азаматтардың басым көпшілігі өзі қалаған үміткеріне дауыс бере алмайды. Өйткені, сайлау комиссиясының мүшелері 4-желтоқсан күні ресми тіркеуі жоқ қазақстандық азаматтардың дауыс беруге құқысы жоқ дегенді айтып отыр.

Алматының шетіндегі “Шаңырақ” ауданында тұратын Мәрзия апай 4-желтоқсан күні өзінің қалаған кандидаты Жармахан Тұяқбай үшін дауыс бере алмайды. Желтоқсанның 2-сі күні “Шаңырақ” ауданындағы сайлау учаскесіне сайлауда дауыс беру жайын білуге келген Мәрзия апай ондағы сайлаушылар тізімінен өз аты-жөнін таба алмады. Мәрзия апай секілді сайлаушылар тізіміне енбей қалған адамдардың қатары аз емес дейді жергілікті тұрғындар. “Шаңырақ” ауданында тұратын Күлсанан есімді әйелдің айтуынша, бұл жерде тұратын азаматтардың басым көпшілігі еш жерде ресми тіркеуге алынбаған. Міне, сол себепті енді олар осы сайлауда дауыс беруге де қатыса алмайтын болып отыр.

“Шаңырақ” ауданындағы №425 сайлау учаскесінің хатшысы Жақсыгүл Еңсепова жұма күні «Азаттық» тілшісіне жауабында осы елді мекенде тіркеуге алынбай отырған, саман кірпіштен салынған көптеген үйлердің бар екендігін растады. Оның айтуынша, «Шаңырақ» ауданында тіркеуге алынған төрт мыңға жуық азамат қана сайлаушылар тізіміне жазылған. Ал, Мәрзия апай болса, қаладағы тиісті мемлекеттік мекемелердің барлығының есігін қағып, сан мәрте барғанымен саманнан тұрғызылған өз үйін қалалық билік орындары тіркеуге алмай қойғанын айтады. “Шаңырақ” ауданында негізінен табысы аз, әлеуметтік жағдайы жақсы деуге келмейтін отбасылар тұратындықтан, олардың көпшілігі әлгіндей саманнан соғылған құжыраны баспана етіп тұрып жатыр. Ара-тұра қала билігі ол үйлерден бұл жерді тазартпақ болып жатыр екен деген хабарлар айтылады. Қайрош есімді жергілікті тұрғын «Азаттық» тілшісімен әңгімесінде, бұл жердегі тіркеуге алынбай отырған саман үйлерде тұратын азаматтардың арасында, әсіресе оппозициялық кандидаттардың беделге ие екендігін айтып берді.

«Шаңырақтағы» тіркеусіз азаматтардың дауыс беру құқығына қатысты «Азаттық» тілшісінің сауалына берген жауабында, Алматы қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Жанна Бейсентайқызы Асанова, тұрақты тіркеуі жоқ Қазақстан азаматтарының 4-желтоқсан күні дауыс бере алмайтындығын хабарлады.

Ал, “Әділетті Қазақстан” қозғалысының мүшесі Асылбек Қожахметов, Алматының “Шаңырақ” ауданында әлгіндей тіркеуі жоқ азаматтардың саны шамамен жиырма бес мыңға жуық екенін айтады.

“Тіркеуде жоқ екенін сылтау етіп, Қазақстан азаматтарын өздерінің конституциялық құқығынан айыруды Ата заңға қайшы әрекет деп қана бағалауға болады», - дейді оппозициялық қайраткер.

Бірақ, ресми орындардың өзін тіркемей, сайлау тізіміне енгізбей әуре-сарсаңға салып қойғанына қарамастан Мәрзия апай алдағы жексенбі – желтоқсанның 4-күні сайлау учаскесіне келіп, өзінің қалаған кандидатына дауыс беруге әрекеттенетінін айтады.
XS
SM
MD
LG