Accessibility links

Қазақстанда өткен президент сайлауы нені көрсетті?


Қазақстанда президент сайлауы додасы басталғаннан бері оңтайлы қорытынды жасаған қазақстандық сарапшылар өзі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрі кетсе 70 процент дауыс алатындығы туралы болжам жасаған еді. Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау додасында үздік шығып, 91,02 процент дауысқа ие болуы көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды.

Журналист Сергей Дувановтың айтуынша, оппозицияның жеңіліске ұшырауының басты себептерінің бірі сайлау нәтижесінің бұрмалануында ғана емес, ресми биліктің барлық үміткерлерге тең мүмкіншілік туғызбағандығында.

“Ең алдымен оппозицияға насихат жұмысын жүргізуге жол берілмеді. Мұны осы өткен сайлаудағы ең басты заң бұзушылыққа жатқызуға болады. Сол себептен де үгіт-насихаты жүргізілетін кезеңде оппозияны сайлаушылардан оқшауландырып тастады. Кейбір әлеуметтік зерттеушілердің қорытындысына сүйенсек, халықтың 40 проценті Жармахан Тұяқбайдың кім екендігін мүлде білмейтін болып шыққан. Мұның өзі оппозицияның өз насихатын жүргізуіне жол берілмегендігін аңғартады”, - деді журналист Сергей Дуванов желтоқсанның 5-күні «Азаттық» радиосының тілшісіне.

“Әділетті Қазақстан” қозғалысының баспасөз хатшысы Айдос Сарым болса оппозицияның жеңіліске ұшырауына сайлау барысында түрлі заң бұзушылықтардың орын алуы ғана себеп болды деп есептейді. Ал, журналист Ораз Әлімбековтың айтуынша, оппозицияның жеңіліске ұшырауына сайлау жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмауы себебін тигізді. Ораз Әлімбеков оппозиция сайлау науқанына ертерек кірісуі керек еді деп есептейді. Алайда, тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи мұндай пікірмен келіспейтін болып шықты. Оның айтуынша, оппозицияға түрлі қысым көрсетілуіне кінәлі бір-ақ адам бар. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, сайлау барысында оппозиция түрлі кемшіліктерге жол беріп алды.

“Жармахан Тұяқбай оппозиция қатарында жарты жылдан аз уақыт қана болды. Міне, осы азғантай мерзімнің ішінде одан Нұрсұлтан Назарбаевпен тепе-тең түсе алатын бәсекелес жасау мүмкін емес еді. Екіншіден, оппозицияда айқындалған нақты стратегия болған жоқ. Үшіншіден, оппозиция өте кеш бірікті. Өйткені оппозицияның бірігуі бұдан әлдеқайда бұрынырақ, бірнеше жыл бұрын болуы керек еді”, - деді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Андрей Чеботаревтың пікірінше, бұл Қазақстан тарихындағы өте ауыр жағдайда өткен президент сайлауы болды. Оның айтуынша, Заманбек Нұрқаділов сынды белгілі саяси тұлғаны өлтіру немесе оппозиция өкілінің баласының жоғалып кетуі секілді оқиғалар осы сайлаудың қаншалықты ауыр жағдайда өткендігін аңғартады.
XS
SM
MD
LG