Accessibility links

ЕҚЫҰ бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауы барысында көптеген заң бұзушылықтары орын алғанын сынға алды


Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан сайлауды бақылау жөніндегі халықаралық миссия өкілдері, Қазақстандағы президент сайлауы кейбір ұйымдастыру мәселелерінің жақсарғандығына қарамастан көптеген бұзушылықтармен өтті деп бағалады. Ал, президентпен кездесуден кейін журналистерге шыққан Тәуелсіз мемлекеттер достастығының бақылаушылар миссиясының басшысы Владимир Рушайло Қазақстандағы сайлауды демократиялық және легитимді деп таныдық деді.

Сайлауды бақылау жөніндегі халықаралық миссия үйлестірушісі Брюс Джорджтың айтуынша, бұл сайлау Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі міндеттемелерге және демократиялық сайлау өткізу жөніндегі басқада халықаралық стандарттарға сәйкес өткен жоқ. «Біз мұғалімдердің үміткерлердің біреуіне дауыс бергізу үшін, университет студенттеріне қысым көрсеткендігін көрдік», деді Брюс Джордж.

Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы миссиясының басшысы Одри Гловердің айтуынша, Орталық сайлау комиссиясының жұмысы жалпы ашық болды.

«Бірақ, осы уақытқа дейін 2004 жылы сайлау кезінде жасалған сайлау заңдарына өзгеріс енгізу туралы ұсыныстардың біреуі де орындалмады», - деді Одри Гловер.

Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы миссиясының басшысы Одри Гловердің айтуынша, президенттіктен үміткерлерге бірдей жағдай жасалмады.

«Және президенттің сайлау еркін және әділ өтеді, деген уәдесіне қарамастан осындай жағдай болды. Бұл заңдарға өзгеріс енгізумен сайлауға деген қатынасты өзгертуге қажет саяси жігердің жоқтығын көрсетеді», - деді Одри Гловер.

Кемшіліктер қатарында сайлау науқаны кезіндегі жиналыстар өткізуге қойылған шектеулер, жарнамадағы шектеулер айтылады. Оның сыртында, дауыс беру және дауыстарды есептеу кезінде осы үрдіске құзіреті жоқ адамдар араласқандығы айтылады. Сайлауды бақылау жөніндегі халықаралық миссия үйлестірушісі Брюс Джордждың айтуынша, олар оппозициялық үміткерлердің жұмысына шектеу қойылғандығын бақылаған.

«Сайлау штабтарының өкілдеріне, үгіт-насихат жүргізушілерге және оппозицияны қолдаған адамдарға қысым көрсету, қорқыту және тоқтату сияқты фактілерді айта аламыз», - деді Брюс Джордж.

Ал, президентпен кездесуден кейін журналистерге шыққан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы миссиясының басшысы Владимир Рушайло Қазақстандағы сайлауды демократиялық және легитимді деп таныдық, деді.

«Техникалық бұзушылықтар болды, сайлау тым таза өтуі бірде бір елде болмайды. Бірақ, олар көп емес», - деді ол.

Мысалы, «кабинаға екі адамнан кіру, ондада біреуі екінші қарт адамға көмектескен. Оның сыртында тізім жасауда бұзушылықтар болды, бірақ, бұл тізімдер қайтадан толықтырылып отырды», деді Рушайло. Ал, Жармахан Тұяқбайдың Орталық сайлау комиссиясындағы өкілі Мұрат Раевтың айтуынша, олар сайлау нәтижесіне қанағаттанбайды және шара қолданады:

«91 пайыз деген ұят нәрсе, біз сотқа береміз, бірақ, қандай шара қолданатындығымызды әлі ақылдасамыз».

Қосымша айтарымыз, Қазақстандағы президенттік сайлаудан кейін сауалнама жүргізген ұйымдардың мәліметінше, Назарбаев орта есеппен 85 пайыз дауыс жинаған, ал, Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Назарбаев 91 пайыз жинады деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG