Accessibility links

Президент сайлауының күмәнді өткені жайында деректер жариялаған оппозициялық басылымды полиция тағы да тәркіледі


Желтоқсанның 8-күні “Жұма таймс” газеті өз оқырмандарына жетпей қалды. Бейсенбі күні таңертең баспаханадан шыққан оппозициялық бағыттағы басылымның 20 мыңдай данасын полиция сақшылары ұстап әкетті. Полиция сақшылары қандай да бір түсініктеме бермегендіктен, газет редакциясы бұл тәркілеудің себебі неде жатқанын білмей отыр. Алайда бұған басылым бетінде президент сайлауындағы шикіліктер жайлы деректердің жариялануы себеп болуы мүмкін деп санайды.

Желтоқсанның 8-күні түнгі сағат үшке дейін жүріп, “Жұма таймс” газетінің кезекті санын әзірлеген редакция қызметкерлері, басылымды баспаханадан алып шығар сәтте полиция сақшыларының бөгетіне тап болған. Өзін “Жұма таймс” газетінің бас оқырманымын деп атайтын, тәуелсіз журналист Ермұрат Бапидың айтуынша, басылым ұжымы газеттің не себептен алынғанын анық білмейді.

«Басылымды Медеу аудандық полициясының қызметкерлері тартып алды. Олар өз құжаттарында газетті полиция маманы, газет тасымалданып келе жатқан автокөліктен алды деп жазған. Ал оның не себептен алынғаны және кімнің рұхсатымен алынғанын жазбаған”, - дейді тәуелсіз журналист Е.Бапи.

Бұл оқиғаға байланысты желтоқсанның 8-күні Алматы қаласы Медеу аудандық полиция бөліміне хабарласқан «Азаттық» тілшісіне заң өкілдері бір-біріне сілтеп, нақты жауап бермеді. Ресми орган өкілдері оппозициялық басылымның не себептен алынғанын ресми түрде айтпағанымен, газет ұжымы мен басылым оқырмандары мұның себебі неде жатқанын өздерінше тұспалдап отыр.

«Газеттің бірінші бетінде үлкен екі бөлмелі, қирап тұрған жер үйдің суретін жариялағанбыз. Семей қаласында осы үйге, сайлаушылардың тізімі бойынша, 78 пәтер тіркеліпті. Әр пәтерде 3 адамнан, жалпы алғанда 250 адам осы мыжырайған жер үйге тіркелген, яғни іс жүзінде жоқ адам тіркелген, солардың орнына студенттер дауыс берген. Полиция қызметкерлері бар мәселе осы дерекке байланысты болып отыр дегенді айтты. Сонда билік өкілдері сайлау барысында бұрмалаушылық немесе заң бұзушылық бар деген басылымдарды жібермеңдер деген тапсырма берген деп санаймыз”, - дейді Ермұрат Бапи.

Соңғы 3 айда «Жұма таймс» газеті осымен үшінші мәрте Алматы полициясының тәркілеуіне ұшырап отыр. Редакция осы жайтарға қатысты енді сотқа шағымдануға бел байлап отыр. Оппозициялық басылымның сөзін сөйлеу үшін ол сотқа “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының өкілдері де бармақшы.

«Өткен сайлауды заңды деп айтуға болмайды. Себебі, заң бұзу мен бұрмалаушылық көп болды. Мәселен, біз Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдайды зерттедік. Бұл облыста оппозициялық күштердің лидері Жармахан Тұяқбай дүниеге келген. Осы облыстың Созақ ауданында 60 мың адам бар екен. Орталық сайлау комиссиясы берген мәліметтерге қарасақ, Жармахан Тұқбайға 56 адам ғана дауыс берген. Бұл енді шындыққа жанаспайды ғой. Бізде бар мәселелерді айтып, біз сотқа шағымданамыз”, - дейді “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының мүшесі, экс-сенатор Зауреш Батталова.

Ал Қазақстанда жексенбі күні өткен президент сайлауындағы кейбір күмәнді жайттар туралы деректер елдегі өзге де оппозициялық басылымдарда жарық көре бастады. Мәселен, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековтың республика президенті әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековке жазған хатының көшірмесі “Республика” газетінің редакциясына келіп түсіпті.

«Бұл хатта Оңалсын Жұмабеков Әділбек Жақсыбековке: Сізбен келісілген сайлау қортындысы жарияланғаннан кейін сайлау қортындысын шығару процессі қиындап кетті. Сол себептен біз облыстар бойынша сайлау қортындысы қалай болғанын және электронды дауыс беру жүйесі арқылы алынған дауыстардың нәтижесі қандай болғанын жариялауды тоқтаттық. Осыған байланысты сайлаудың ресми қортындысын желтоқсанның 6-күні сағат 23.00-те жариялауға рұхсат етіңіз, деп жазған”, - дейді «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Төлен Тоқтасынов.

Бұл хатқа байланысты «Азаттық» тілшісі Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясына қойған сауалына жауап ала алмады. Ал Қазақстан оппозициясы бар мәселені айтып, Жоғарғы сотқа шағымданатынын айтып отыр.

«Қазіргі кезде біз керек құжаттарды жинап жатырмыз, сот арқылы мәселені шешіп біз өз құқымызды пайдаланамыз,” - дейді “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалыстың белсендісі Әміржан Қосанов.

Бейсенбі күні жасаған мәлімдемеде Қазақстанның оппозициялық күштері өз жауапкершіліктерін сезіне отырып, сайлау қортындысы жарияланғаннан кейін де халықты көшеге алып шықпағанын айтты.

Ал желтоқсанның 8-күні кешке Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков «менің қолымды сыртымнан қойып, жалған ақпарат таратты» деп айыптап, оппозицияны сотқа бергені хабарланды. Алматы қаласының прокуроры Ж.Байтұқбаев бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG