ЛОНДОН. Саяси партиялар мен полиция және заң жүйелері – қазіргі дүниедегі ең жемқор мекемелер. “Транспаренси Интернэшнл” ұйымының 69 елде жүргізген қоғамдық сауалнамасы осындай қорытындыға келді. Аталмыш ұйымның кеше жарық көрген баяндамасында көрсетілгендей, әлемнің 45 еліндегі сауалнамаға қатысқан халық екінші жыл қатарынан қазіргі кездегі ең жемқор институттар ретінде саяси партияларды атаған. 48 мемлекеттің азаматтары сыбайластық жемқорлық соңғы 3 жылда үнемі өсіп келеді деп есептейді. Тек Колумбия, Грузия, Индонезия, Гонгконг, Кения және Сингапур тұрғындары ғана өз елдеріндегі жемқорлық ауқымы тарылып барады деп атап көрсеткен.