Accessibility links

НАТО министрлері терроризмге қарсы қалай күресу керек деп бастарын қатырып отыр


Брюссельде НАТО елдері сыртқы істер министрлерінің мәслихаты өтіп жатыр. Жиын тұсында Америка Құрама Штаттары терроризмге қарсы күресте заңсыз тәсілдерді қолданады деген әңгіме көп шықты. Америкалық әскер соғыс тұтқындарын құпия түрмелерге салады, оларды азаптайды деген мәлімет пікірталас туғызды. АҚШ сыртқы істер министрі Кондолиза Райс мұндай жорамалдарды жоққа шығарды. Керісінше НАТО-ның Ауғанстандағы қызметі кеңейіп отыр, Орталық Азияда есірткі тасымалына қарсы шаралар басталды, Ирақ офицерлерінің дайындығы ұлғайтылды деп айтылды.

АҚШ сыртқы істер министрі Кондолиза Райс НАТО одақтастарын Вашингтон терроризмге қарсы соғыс барысында халықаралық заңдарды бұзбайды деп сендірді. "Өз саяси жүйелеріміздің іс басшылары ретінде барлығымыздың қабылдап отырған ойымыз белгілі, біз кінәсіз адамдардың өмірлерін қорғауымыз керек", - деді АҚШ сыртқы істер министрі Кондолиза Райс. НАТО өкілі Еуропа министрлері Кондолиза Райстың түсініктемесін қанағатпен қабылдады дейді. Германия сыртқы істер министрі Франк-Валтер Штейнмейер Райстың уәдесін жылы қабылдап отырмыз, терроризмге қарсы соғыс барысында халықаралық заңдарды Америка Құрама Штаттары орындайды деген уәдені жылы қабылдап отырмыз дейді:

- Әлем басшылары халықаралық заңдарды өз қалауына бұрмауы керек. НАТО және Еуропа Одағының министрлері бұл мәселе жайында алаңдаушылықтарын білдіре алды.

Райс терроризмге қарсы соғыс барысында халықаралық заңдарды да сақтаймыз, АҚШ конституциясы мен АҚШ заңдарын да сақтаймыз деді. Райс, сол сияқты, Орталық барлау агенттігінің ұшақтары қонған елдерде сол елдердің заңдары құрметтеледі деді. Райс мұның алдында жасалған мәлімдемелерін қайталап, АҚШ әскері әлемнің қай жерінде қызмет етсе де азаптауларға жол бермейді деді. Сол сияқты терроризмге қарсы соғыста құпия мәліметтерді уақытында жинаған жөн, жаппай өлтірулердің алдын алған жөн, "алдымен қылмыс жасалады, жаза сосын болады" деген қағиданың орны бөлек деп те айтылды.

НАТО министрлерінің жиналысында Ауғанстандағы Халықаралық бітімгершілік жасақтың қызметі ел оңтүстігінде ұлғаятыны баяндалды. Райс бұл қауіпсіздік саласындағы әріптестіктің ұзақ мерзімді жоспарына сай, Ауғанстан жасақтарын үйрету, олардың реформасын қолдау Ауғанстан қорғаныс мекемелерін жақсартады деді. Ауғанстанда қазір 9500 НАТО сарбазы болса оларға тағы алты мың сарбаз қосылмақ. НАТО бас хатшысы Яап де Хууп Схеффер НАТО бұл бағытта Еуропа Одағы мен "Үлкен сегіздіктің" көмектерін мұқтаж етеді дейді. НАТО бас хатшысы Яап де Хууп Схеффер НАТО одағы Ирақ офицерлерін оқыту жобасын ұлғайтуға келісті дейді.

НАТО сыртқы істер министрлері мәслихатының күн тәртібінде ортаазиялық бес елдің қызметкерлеріне арналған дайындық шарасын өткізу талқынанады деп айтылды. Басшылыққа есірткі тасымыланы қарсы күрес әдістемелері алынып отыр. Алайда НАТО жиынына Өзбекстан сыртқы істер министрі қатыспай отыр. Әндіжан көтерілісінен кейінгі саяси араздықтан соң Өзбекстан үкіметі мұндай халықаралық жиындарға қатысудан қалды. Ресми өкілдер Өзбекстан қатты сөгіске тап болып отыр дейді.
XS
SM
MD
LG