Accessibility links

Газпром компаниясы газ беруді тоқтатамын деп қорқытып, Киев пен Мәскеудің таласы қыза түсті


Сәрсенбі күні Ресейдің мемлекет меншігіндегі газ компаниясы көрші Украинаға сатылатын көгілдір отынның бағасын күрт көтеретінін мәлімдеді. Ресейдегі газ өндірісі мен саудасына монополия орнатқан Газпром компаниясының ресми өкілі осы күні Украинаға сатылатын газдың бағасын Еуропаның нарықтық бағасына сәйкестентідіру мақсатында газдың қазіргі бағасын 4 есеге ұлғайтатынын хабарлады. Газпром компаниясының сәрсенбі күнгі бұл мәлімдемесі газ мәселесіне байланысты ресми Киев пен Мәскеу арасындағы қыза түскен талас-тартысқа “май құйғандай” болды. Ал сейсенбі күні Газпром компаниясы егер газдың бағасы бойынша 1-інші қаңтарға қарай ешқандай келісімге қол қойылмаған болса, Украинаға газ сатуын мүлде доғаратынын ескертті.

Газпромның соңғы талап-шарты іске асатын болса, осы күні әрбір мың текше метр газға 50 доллар төлеп келген Украина үшін бағаның күрт қымбаттағаны болып табылады. Демек Украина орыс газының 1 мың текше метрі үшін 4 еседен де көп бағасын төлеуге мәжбүр болады. Сәрсенбі күні Ресей телеарнасынан сөйлеген сөзінде Газпром басқармасы төрағасының өкілі Александр Медведев газ бағасының қалыптасуын былай деп сипаттап берді:

“Бұл нақты белгіленген баға болмайды, халықаралық ережелердің негізінде қалыптасқан бағаның пішіні (формасы) болады. Ол – мазут, дизель майы сынды өзара бәсекелескен отындардың орташа құнынан туатын баға болып табылады. Демек, біздің Еуропадағы тұтынушыларымыздың орташа бағасы негізінде қалыптасқан баға пішіні - Украина шекарасына жеткенде – 1-інші қаңтардан бастап шамамен 220-230 АҚШ долларын құрайтын болады”.

Украина өзіне сатылатын газдың әрбір текше метрін 160 долларға дейін көтеру мәселесі бойынша Газпром компаниясымен талай айдан бері кескілескен келіссөз жүргізіп келеді. Батыс Еуропаға экспортталатын Ресей газының өз территориясы арқылы өтуіне байланысты Украина газды арзандатылған бағамен сатып алып келді және Ресейді еш уәжге барғысы келмейді деп айыптады. Сәрсенбі күні таңертең Газпром басқармасы төрағасының өкілі А.Медведев “өзінің келіссөз процесімен Украина уақытты оздырып алды”, енді “экономикалық ахуалдың өзгеруіне байланысты Ресей нарықтың қазіргі жағдайына қарай газдың бағасын күрт көтереді” деп мәлімдеді.

“Іс жүзінде Украина өзінің келіссөзімен уақытты оздырып алды... Бүгін енді 160 доллар туралы сөз қозғау мүмкін емес. Нарықтың ахуалы өзгеріп кетті, ол үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан да бүгін газды, әрине, Украина жерімен тасымалдаудың шығындарын және Еуропаның орташа бағасын ескере отырып, Ресей мен Украина шекарасында жаңа бағаның қалыптасуы жөнінде айтуға болады”, - деді А.Медведев.

Алексей Миллер басқаратын Газпром компаниясы сейсенбі күні егер газдың бағасы бойынша келісімге 1-інші қаңтарға дейін қол қойылмаса, Украинаға газ сату түгел доғарылады деп қорқытты. Енді Украина Газпромның осы қоқан-лоққылық әрекетіне жауап қатуға тиіс. Сәрсенбі күні украин премьер-министрі Юрий Ехануров Ресей компаниясымен арадағы келіссөзді “өте қиын” деп бағалап, өз үкіметінің мүшелерін бұл талас-тартыс жайында тіс жармауға шақырды.

Газпром компаниясы өзінен газ алатын Беларуссиядан басқа ТМД елдері үшін отынның бағасын көтеріп жатыр. ТМД-ның көптеген елі Газпромның бұл қадамын “саяси арандатушылық”, бетін Батысқа бұрған елдерге қысым көрсету деп бағалады. Газпром оны, әрине, жоққа шығарады. Өткен айда Газпром Грузияға сатылатын 1 мың текше метр газдың бағасын 60 доллардан 100 долларға дейін көтеретінін мәлімдеді. Грузин үкіметі мен Газпром өкілдерінің осы сәрсебіге тағайындалған кездесуі өтпей қалды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG