Accessibility links

Қырғызстанда "Пирамида" телекомпаниясы таласқа тап болды


Қырғызстанда "Пирамида" телекомпаниясының төңірегінде дағдарыс қалыптасты. "Пирамида" телекомпаниясы жеке қарыздарын өте алмай, "Инвест-Медиа" компаниясының қолына өтті. "Инвест-Медиа" өкілдері өткен сенбі күні телекомпания кеңсесіне кіріп, бақылау орнатпақ болды. Алайда "Пирамида" телекомпаниясының қызметкерлері мұны саяси қысым ретінде қабылдады, үкіметті сынағанымыз үшін қудалауға тап болдық дейді. Компанияның жаңа қожайындары болса бұл жерде саясат жоқ, өз еншімізді алып, компанияның ақпарат бағытын өзгерткіміз келеді дейді.

"Пирамида" телекомпаниясының болашағы бұлынғыр болып тұр, компанияның жаңа қожайындарымыз дегендер компания акцияларының 50 пайызын қалай қолдарына түсіргені түсінкісіз. Әйтеуір, 15-25 шақты азамат компания жаңа басшылығының өкілдеріміз деп сенбі күні тәңертен "Пирамида" телекомпаниясының кеңсесіне кірмек болды, бақылау орнатпақ болды. Үкімет өкілдері мен жеке азаматтар дереу келген соң олардың қаһары басылып, кері қайтты. Компания қызметкерлері жаңа басшылар хабар құрылымын өзгерткісі келетіндерін айтты, жаңалықтар мен ақпарат бағдарламаларының орнына музыка және драматикалық сияқты көркем хабарларды қалайтындарын айтты дейді.

"Пирамида" телекомпаниясының редакторы Елена Чернявская әзірше қызметімдемін, бәлкім, сенбі күнгі оқиға президент Құрманбек Бақиевтың саясатын сынайтын хабарларымызбен байланысты шығар дейді. Бақиев билікке наурыз айында халық толқуларының арқасында келді, бұрынғы президент Асқар Ақаевтың орнына сайланған. Елена Чернявскаяның көзқарасын кейбір ұйымдар қолдап отыр, иә, Қырғызстан үкіметінің қызметін сынайтын тәуелсіз компаниялар қысымға ұшырап жатыр дейді. Қырғызстан президентінің баспасөз-хатшысы Нәдір Момынов "Азаттық" радиосына берген сұхбатында мұны жоққа шығарады.

Кейбір сарапшылар "Пирамида" телекомпаниясы проблемасының тамыры Асқар Ақаевтың билігінде жатыр дейді. Ақаевтың билігі кезінде "Пирамида" телекомпаниясы "Аэропаг" компаниясынан қарыз алған екен. "Пирамида" кепілдікке 50 пайыз акцияларын қойған. Елена Чернявская қарыз екі жыл мерзімде қайтарылған жоқ дейді. "Аэропаг" компаниясының бұрынғы президентің ұлы Айдар Ақаевқа қатысы бар. "Аэропаг" компаниясы "Пирамиданың" 50 пайыз акцияларын осы айдың басында "Инвест-Медиа" компаниясына сатып жіберген екен. "Инвест-Медиа" компаниясының өкілі Иларион Адамян "Пирамида" енді біздің қолымызда, мұнда ешқандай саяси мәселе жоқ дейді. Иларион Адамян компаниямыздың тарапына айтылып жатқанның барлығы бос сөз, барлық қимыл-әрекетіміз Қырғыз Республикасының заңдарына сәйкес жүріп жатыр деп мәлімдеді.

"Инвест-Медиа" компаниясының өкілі Иларион Адамян қаржы мүддемізді сотта қорғауға дайынбыз дейді. "Инвест-Медиа" компаниясының артында кімдер тұрғанын айтудан, не болмаса басқа егжей-тегжейлі мәліметті айтудан Иларион Адамян бас тартты. Үкімет тарапынан бас министр орынбасары Адақан Мадумаровқа тергеу жасату бұйырылды. "Пирамида" телекомпаниясының қызметкерлері болса Адақан Мадумаров тексеруді таза жасайды деп сенбейді. Осылайша текетірес көше ереуіліне ұласты. Компанияның жиырма шақты қызметкері үкімет кеңсесінің алдына демонстрацияға шықты, олар "Пирамида" компаниясын үкімет тұншықтырып жатыр деп наразы, "Инвест-Медиа" компаниясы жайында көбірек мәлімет ашылсын деп талап етеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG