Accessibility links

Табиғи монополия субьектілерінің тарифтерді көтеру туралы ұсыныстары бұдан былай жылына 2 рет емес, 1 рет талқыланатын болады


Табиғи монополия субьектілерінің, тарифтерді көтеру туралы ұсыныстары бұдан былай жылына 2 рет емес, 1 рет талқыланатын болады. Бұл туралы желтоқсанның 15-інде Сенаттың жалпы отырысында осы мәселеге қатысты заң жобасын қарау барысында хабарланды. Олигархтардың бұл мәселеге қатысты қарсылықтары нәтиже әкелмеді, дейді Қазақстанның Монополияға қарсы агенттік төрағасы Бақытжан Сағынтаев.

«Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасында табиғи монополия субьектісінің тарифтік сметаларын бекітудің он екі айда бір реттен жиі емес кезеңділігін белгілеу ұсынылды. Монополияға қарсы агенттік төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, заңға енгізілетін өзгерістерден кейін тауар және қызметтердің бағасы сирек көтерілетін болады:

- Қазіргі уақытта жылына екі рет тарифтер өзгеріп келсе, осы өзгерістерден кейін, табиғи моноплия субьектілерінің бағасы жылына бір рет қана қаралады. Сосын тарифтерді өкілетті органдардың қарау мерзімі 60 күннен 90 күнге ұзарады.

Сағынтаевтың айтуынша, егерде бағаны көтеру мәселесін қарауға берілген мерзім ұзаратын болса, тұтынушыларға бағаның көтерілуі туралы мәлімет бір ай бұрын беріледі, демек, тұрғындарға керек-жарағын арзан бағаға бір ай бұрын алуына мүмкіншілік беріледі деген сөз. Ал, Парламент сенатының депутаты Тасбай Симамбаевтің айтуынша, ірі компаниялар бұл өзгерістерді енгізбеуге тырысып баққан:

- Мен ойлаймын қазіргі қабылдаған заңымыз дұрыс. Оны үлкен компаниялар, олигархтар лобби жасап, заңды қайтармақшы болған.

2000-ыншы жылы монополистер агенттікке жылына төрт рет бағаны көтеруге рұқсат сұрап келетін, кейін жылына екі рет тариф өзгертуге рұқсат берілген. Ал, соңғы өзгерістерден кейін бұл мерзім тағы қысқарды. Ал, «Атамекен» кәсіпкерлер қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Ербол Өмірәлиевтің айтуынша, бұл мәселеге орай қауымдастықтың ортақ позициясы әлі жасалмаған.

Заң жобасына өзгеріс енгізу керек деген ұсыныс жасаған Монополияға қарсы агенттік төрағасының айтуынша, бұл өзгерістерге кәсіпкерлер қарсы болған, бірақ, жұмыс тобындағы қарсылықтар шешілгенсоң лоббистердің пиғылдары жүзеге аспай қалды. Енді, сенат пен мәжілістен өткеннен кейін заңды бұрыңғы қалпында қалдыру тіпті қиын болады, дейді ол. Ал, Парламент сенатының депутаты Тасбай Симамбаевтің айтуынша, заң жобасына тұтынушыларға тағы бір тиімді пункт енгізілген:

- Бір пункт бар, жергілікті атқару органдарының шешімін тексеріп, бақылап отыру жөнінде. Ол дұрыс, өйткені әр аймақта әкімдер коммуналды және басқа істердің бағаларын көтеріп жібереді.

Алайда, әлімдік банк өкілдері Қазақстандағы монополияға қарсы заң ескірген, деген пікірлерін білдірген. Кейбір сарапшылар осы заңның олқылықтары кесірінен мегахолдингтер шағын кәсіпорындарды базарға кіргізбей бәсеке таласын әділетсіз етеді, деген болатын. Ал, Монополияға қарсы агенттік төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, заң жыл сайын жаңарып отырады. Бірақ, шет елдік банк өкілдерінің заңда бюрократияға көп жол берілген деген пікірімен келісемін, деді ол. Ал, жаңа жылда баға көтеріле ме деген журналистердің сұрағына Монополияға қарсы агенттік төрағасы Бақытжан Сағынтаев былайша жауап берді:

- Мараторий жарияланған жылдың аяғына дейін. Енді, қазір облыстардан мәлімет алып жатырмыз, менің ойымша негізгі субьектілердің барлығы тарифті көтеру ұсыныстарын жасауға дайындалып жатыр.

Ал, заң жобасын талқылау барысында сенаторлар жобаны жетілдіру мақсатында 7 өзгеріс пен толықтырулар енгізіп, оны Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.
XS
SM
MD
LG