Accessibility links

Сыни ұстанымдағы бірқатар сайттар қазақстандық Интернет кеңістігінен ығысуға мәжбүр


Биылғы жылы елдің жоғарғы биліктегілеріне сыни ұстанымдағы бірқатар сайттар қазақстандық Интернет кеңістігінен әртүрлі себептермен көрінбей кетсе, қайсыбіреулері ығысуға мәжбүр болып отыр. Қазақстандық Интернетке қатысты бұл жағдайды елдегі журналистер мен мамандар саясатпен байланыстырып отыр.

Қазақстандық билік саясатын сынайтын мақалалар жарияланатын ақпараттық парақша - бұрынғы www.navi.kz, қазірде www.mizinov.net редакциясы Қазақстан ғана емес, ТМД кеңістігінен кетіп, алыс шетелдің бірінде тіркелуге мәжбүр болғандығын аталған ақпарат құралының басшысы Юрий Мизинов айтады. Бұның алдында қазақстандық Интернет кеңістігінен кетіп, Ресейге барып тіркелуге мәжбүр болған олар Қазақстандағы президент сайлауы кезінде тағы да тығырыққа тап болыпты.

«Қазақстандағы президент сайлауына бір-екі күн қалғанда Федералдық қауіпсіздік қызметінің адамдары Ресейдің Интернет кеңістігінен кетуімізді талап етті», - дейді Юрий Мизинов.

Басқа елдің арнайы қызметінің бұндай талабына не түрткі болуы мүмкін деген сауалға Юрий Мизинов: «Қазақстан Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметіне өтініш айтып отырса, әрине, бұл жайттың астарында саяси мәселе тұр» дейді.

Сондай-ақ, батыс ақпарат құралдарында Борат Сағдиев деген есіммен танымал сайқымазақ Саша Коуэннің сайтына (www.borat.kz) осыдан бірнеше күн бұрын тосқауыл қойылды. Борат бейнесінде ол әдеттінше жақында Қазақстанда өткен президент сайлауының нәтижелерін келемеждеп айтқан сөздері Интернетте тараған еді. Бұған жауап ретінде енді оның сайты Қазақстаннан ашылмайтын болды.

Қазақстандағы сөз бостандығын қорғайтын халықаралық «Әділ сөз» қорының сарапшысы Ғалия Әженова бұл шектеулер Қазақстан үкіметінің беделін түсіреді деп санайды. Қарағандыдағы «Арқа ақпарат» интернет-газетінің шығарушысы Мейрамхан Жәпек болса Юрий Мизинов басқаратын сайттың әлі де көп кедергіге тап болатындығын айтады.

Биылғы жылғы қазан айында Алматыда өткен Интернеттегі сөз бостандығына арналған халықаралық жиында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ-ның еркіндігі жөніндегі өкілі Миклош Харасти Қазақстан үкіметінің жақында қабылдаған Интернет-парақшаларының тіркелуіне қатысты жаңа ережелерді тоқтату қажеттігі турасында өтініш білдірген еді. Онда елдегі аталған салаға әлгі ережелер бойынша мемлекеттің бақылауы күшейіп, ақпарат тарату мен баспасөз еркіндігі мәселелеріне қайшы келгендігі айтылған болатын.
XS
SM
MD
LG