Accessibility links

ТМД аумағында алғаш рет мұнайды Қытайға тасымалдайтын «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбыры іске қосылды


Желтоқсанның 15-күні, тәуелсіздік күні қарсаңында, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Қытай елдерін жалғайтын «Атасу – Алашаңқай» магистралды мұнайқұбырын іске қосты. Бұл ТМД елдері аумағындағы қытай энергетикалық базарына мұнайды таситын тұңғыш экспорттық бағыт болып отыр. «Атасу – Алашаңқай» мұнай құбырының жұмысына 800 млн АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалған.

«Атасу – Алашаңқай» қазақ-қытай мұнай құбыры құрылысының аяқталуына байланысты бейсенбі күні Астана мен Атасу арасында телекөпір өтті. Астанадағы «ҚазТрансОйл» ғимаратының бас диспетчерлік басқармасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде «Атасу – Алашаңқай» магистральды мұнай құбырын іске қосты. Осыдан кейін сөз алған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ-қытай мұнай құбыры құрылысының жұмысына 800 млн АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалғанын айтты.

– Еліміздің тәуелсіздік мерекесі қарсаңында елеулі табысқа жетіп отырмыз. Қытай Халық республикасының төрағасы Ху Тзин Тао мырзамен екеуміздің достық қарым-қатынасымыз, екі елдің достығының арасында тағы бір үлкен экономикалық жүйе іске қосылып отыр. Қытай Халық республикасы Қазақстан үшін бүгін ең үлкен әріптес. Биылғы жылы сауда-саттығымыз 5 млрд АҚШ долларынан асатын болады. Бір жарым жылдың ішінде мың шақырымдық үлкен мұнайды тасымалдайтын құбыр іске қосылды. 4500 адам жұмыс істеді. Жарты мыңнан астам қазақстандықтар құбыр бойында жұмыс алатын болады, – деді Қазақстан президенті құбырды іске қосу рәсімінде.

Сонымен қатар президент сөзінде: «Қазақ-қытай мұнай құбырын салу жөнінде алғаш рет 1997 жылы айтқан болатынмын. Бірақ мұны барлығы іске аспайтын арман деп қабылдады. Алайда тәуелсіздіктің барлық кезеңінде Қазақстан қиялдарды шынайы өмірге айналдырып келеді», деді. Ал Қытай Халық республикасы президентінің арнайы өкілі Ижан Го Бао Қытай басшысы Ху Тзин Таоудың құттықтау хатын Қазақстан президентіне жеткізді. Қытай президентінің құттықтау сөзінде екі мемлекет магистралды мұнай құбырын салып тарихта үлкен іс жасағандығы айтылған.

«Атасу – Алашаңқай» мұнай құбырының құрылысы 2004 жылдың 28 қыркүйегінде басталған болатын. Жоба бойынша «Атасу – Алашаңқай» құбыры Қарағанды облысындағы «Атасу» бас мұнай айдау станциясынан Қытай аумағындағы Алашаңқай темір жол бекетіне дейін салынған. Мұнай құбырының желісі Атасу – Ағадыр – Ақшатау – Ақтоғай – Үшарал – Алашаңқай бағытымен жүріп, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының аумағынан өтеді.

Мұнай құбырының ұзындығы – 962,2 шаршы қашықтық, диаметрі – 813 мм. Мұнайды бірінші кезеңдегі өткізу қабылетіне байланысты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының вице-президенті Махамбет Батырбаев іске қосылған күннен, яғни 15-желтоқсаннан бастап жылына 10 млн тоннадай мұнай тасымалданатын болады дейді:

– Қазақ-қытай мұнай құбырының жолын салу арқылы Қазақстанның, Қытайдың және Ресейдің мұнай құбыры жолдары жүйесін біріктіруге қол жеткізіп отыр. Бүгінгі күннен бастап жылына 10 млн тонна қазақстандық Құмкөл, Жаңажол кеніштерін және Ресейдің батыс-сібір аймағының мұнайы «Атасу – Алашаңқай» құбыр жолы арқылы Қытайға тасымалданатын болады, – дейді «ҚазМұнайГаздың» вице-президенті Махамбет Батырбаев.

Бүгінгі күнде «Атасу» мұнай құю эстакадасына Қытайдың иелігіндегі «CNPC – Ақтөбемұнайгаз» мұнайының алғашқы 44 цистернасы келіп жеткен. Бұл мұнай одан әрі «Атасу – Алашаңқай» құбыры арқылы Қытайға жөнелтіледі. Қазірдің өзінде «Атасу» бас мұнай айдау станциясы батыс сібір мұнайын «Омбы – Павлодар – Шымкент» құбыры бойынша және «Құмкөл – Атасу» құбыры бойынша қабылдауға мүмкіндігі бар екен.

Қазақстанның Энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник: «2010-2020 жылдары Қытай елінің мұнайға деген сұранысы 350 млн тоннадан – 500 млн тоннаға дейін артады, ал тапшылық 240 млн тоннаға дейін өседі», деп отыр. Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келесі кезекте Қазақстан мен Қытай арасында газ құбырын салу жоспары тұрғандығын айтты.

«Атасу – Алашаңқай» мұнай құбырына тапсырыс беруші әрі иесі «Қазақстан – Қытай Трубақұбыры» ЖШС деп аталатын Қазақстан-Қытай біріккен компаниясы болып табылады. Серіктестіктің құрылтайшысы – «ҚазТрансОйл» АҚ 50 пайыз акция пакетіне ие болса, қалған 50 пайыз акция пакетіне Қытайдың Мұнай мен газды барлау және өндіру жөніндегі ұлттық корпорациясы иелік етеді.
XS
SM
MD
LG