Accessibility links

Қазақстан президенті ұлттық қауіпсіздік мәселесіндегі ұстанымдарын білдірді


Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақыттағы Ұлттық қауіпсіздіктің негізгі басымдықтары турасындағы ұстанымдарымен таныстырған болатын. Алайда, сарапшы-мамандар бұл тұжырымдарда жаңашылдықтың жоқтығы байқалатынын айтады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің Ұлттық қауіпсіздігіндегі басым бағыттар ретінде ішкі және сыртқы бірнеше мәселелерді атаған болатын. Бірінші кезекте Азия аймағындағы жетекші мемлекеттермен бірлесе отырып, Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздік жүйесі мен саяси ынтымақтастықты нығайтуға Қазақстанның қатысуы басым міндеттердің бірі екенін, сонымен қатар Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына және Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысуы маңызды әрі бұл салада НАТО-мен өзара пайдалы әскери-техникалық және саяси ынтымақтастықты дамыту қажеттігін айтқан еді.

Сондай-ақ президент Н.Назарбаев ұлттық қауіпсіздік пен қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кешенді жалпыхалықтық бағдарламаны жүзеге асыру да басым міндеттердің бірі саналатынын атап көрсеткен. Осы орайда мемлекеттік кәсіпорындар мен ұлттық компаниялардың ақша ағымдары мен қызметтерінің ашықтығын қамтамасыз ететін заңнамаларды жақсарту қажет деген болатын. Алайда, Қазақстан басшысының ұлттық қауіпсіздік мәселесіндегі бұл ұстанымдарына орай сарапшылар мен саясаткерлер кереғар пікірлер білдіріп отыр.

Саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам өткен сайлау кезінде Ұлттық қауіпсіздікті бақылайтын қызметкерлердің саясатқа қатты араласатындығы байқалып қалды дейді. Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім:

«Саяси жүйе өзгермейінше бұл ретте де билік сол бұрынғы бағыттарынан жаңылысқысы жоқ», - дейді.

Алайда президент қарамағындағы экономикалық қылмыстармен және жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттіктің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев: «Ұлттық қауіпсіздікпен қатар коррупция мәселесіне президенттің басым бағыт беруі оның алдағы кезде қатаң қолға алынатындығын көрсетеді», - дейді.

Дегенмен Қазақстандағы ірі өндіріс орындарының бірі Қарметкомбинат сияқты кәсіпорындардың заңды түрде жекешеленгендігіне күмәнмен қарайтын «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының мүшесі Төлеген Жүкеев Қазақстан президентінің аталған ұстанымдары іс жүзіне аспайтындығын айтады.
XS
SM
MD
LG