Accessibility links

«Қазақстан сайлаушылар лигасы» президент сайлауы бақылаушыларды қорқытып-үркіту жағдайында өтті деп отыр


Желтоқсанның 20-күні Алматыда «Қазақстан сайлаушылар лигасы» бейүкіметтік ұйымы республикада осы айдың басында өткен президент сайлауы елдің «Сайлау заңын» бұзу арқылы, тәуелсіз бақылаушылардың құқығын шектеп, атқарушы биліктің сайлау процесіне кеңінен араласуы арқылы өтті деген мәлімдеме жасады. Ұйымының берген бағасы бойынша бұл сайлау халықаралық талаптарға сай болмаған. Сондықтан, бейүкіметтік ұйым президент сайлауы еркін әрі ашық өткен жоқ деген қорытындыға келген.

- Біз өз есебімізде айтатын тағы бір жайт: сайлау тәуелсіз бақылаушыларды қорқытып-үркіту және оларға қысым көрсету жағдайында өтті. Мұндай жағдай бұрын ешқашан болған емес! Барлық аймақтардағы үйлестірушілерге қысым көрсетілді. Кей жерлерде олармен бейбіт түрде әңгімелесу өткізілсе, кейбір аймақтарда тікелей қоққан-лоққы көрсетілді. Бақылаушылардың арасында әсіресе студенттер көп қысым көрді. Сондықтан, көп студент бақылаушыларымыздан айырылып қалдық, - дейді «Қазақстан сайлаушылар лигасының» төрайымы Наталья ЧУМАКОВА.

Бұл ұйым осы жолғы президент сайлауы алдында 2 мыңнан астам бақылаушыны арнайы оқытып, жаттуғылар ұйымдастырған екен. Бірақ, дәл сайлау болатын күні олардың тек үштен бір бөлігі ғана сайлау учаскелерінен табылғанын айтады осы ұйымның үйлестірушісі Еркен Ақкөзов:

- Біз бақылау жүргізген 700-800 сайлау учаскесіне 1400 адам шықпай қойды. Әкімшілік қысып, қорқытып-үркітті.

Жалпы, бақылаушылар құқығының бұзылуы биылғы сайлауда өте жиі кездесті деп есептейді «Қазақстандық сайлаушылар лигасының» мүшелері. Мәселен, оларға сайлау учаскелерінде толыққанды бақылау жүргізуге мүмкіндік берілмейтін жерлер ұсынылды дейді «Қазақстан сайлаушылар лигасының» төрайымы Наталья Чумакова.

- Ал көп жағдайда учаскелік сайлау комиссиясының төрағалары тәуелсіз бақылаушылар анықтаған заң бұзушылықтар бойынша актілер әзірлеуге қатыспады, яғни, заңсыздықтарға ешқандай тосқауыл қоймады. Тіпті дауыс беру аяқталған күннің өзінде бақылаушыларға дауыс берудің нәтижесі бойынша хаттамалар көшірмелері тек сайлау учаскелерінің 44 пайызында ғана берілді. Кейбір жағдайда хаттамалардың тек ксерокөшірмелері ғана ұсынылды, - дейді Наталья Чумакова.

«Қазақстан сайлаушылар лигасы» үйлестірушісі Эдуард ПАК болса, өздерінің ешқандай саяси ұйым тапсырмасын орындамағандықтан да, есептерінің әділ жасалғанын алға тартады:

- Бізді оппозицияның да, биліктің де тапсырмасын орындады деп айыптауға болмайды. Сондықтан да, бізге қатты қысым жасалды. Біз ешқандай тапсырыс орындамағандықтан, қорытынды есебіміз де ең объективті болып есептеледі, - дейді Қазақстан сайлаушылар лигасы үйлестірушісі.

Қазақстанда биылғы жылдың желтоқсан айының 4-інде болған президент сайлауына қатысты бақылаушы ұйымдардың пікірлері әртүрлі. Бұған дейін Тәуелсіз Мемлекеттік Достастығы елдеріне кіретін көптеген қоғамдық ұйым өкілдері сайлауды әділ де ашық өтті деп жарияласа, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы сайлаудың халықаралық талаптарға сай өтпегенін мәлімдеген болатын.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG