Accessibility links

Ауғанстан: саясаттағы өзінің заңды орнына отыра білген әйелдер


30 жылдан астам уақыттан кейін сайланған Ауғанстан парламентінің дүйсенбі күні ашылған алғашқы сессиясында жоғарғы палата – Мешрано Жирға мен төменгі палата – Волеси Жирғаның 350-дей депутатының арасынан 90-ға жуық депутат әйелдің бейнелерін оңай байқауға болатын. Ауғанстанның кертартпа дәстүріне сай сайлау науқаны барысында әйел үміткерлер жан-жақтан түрлі қоқан-лоққылық, зорлық-зомбылық пен шектеу-шеттету көрді. Соған қарамастан олар алған беттерінен қайтпай сайлау науқанын табандылықпен жүргізе берді. Соның нәтижесінде ауған әйелдерінің бір топ өкілі ұлттық парламенттің жоғарғы және төменгі палатасынан едәуір депутаттық мандатқа ие болды.

Волеси Жирға немесе төменгі палатадағы барлық 250-дей депутаттық орынның ¼-і немесе 25 пайызы үміткер әйелдердің үлесіне тиді. Ауған парламентінің әйел депутаты Шүкірия Барқзай ұлттық парламенттегі осы жағдайды “өте маңызды” деп бағалады.

Шүкірия Барқзай – жаңа сайланған Ауғанстан парламентінің төменгі палатасындағы 68 әйелдің бірі әрі Валеси Жирға спикерлігіне үміткерлердің бірі болып табылады. Ауғанстан парламенті – 1973-інші жылдан кейін алғаш рет сайланып отыр. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Шүкірия Барқзай ұлттық парламент сессиясының дүйсенбі күнгі ашылуы барысында өзінің алған сезімдерін былайша сипаттап берді:

“...атмосферасы тыныш, сүйіспеншілік пен түрлі сезімге толы... керемет болды. Біздің алдыңғы көсемдеріміз халықты тілдеріне, облыс-аймақтарға немесе ру-тайпасына қарай жік-жікке бөлуге тырысып бақты ма, білмеймін. Бірақ парламенттегі қазіргі көңіл-күй – мәңгі сақталады, мен оған 100 пайызға сенімдімін”.

Ауғанстанның Волеси Жирғасы немесе Ұлттық Жиналысындағы 249 депутаттық орынның 25 пайызы әйелдердің үлесіне берілді. 102 депутат сайланған Жоғарғы палата – Мешрано Жирғада тағы 17 сенатор әйел отыратын болады. Шүкірия Барқзай жаңа парламент бүкіл елге үлгі-өнеге болады ғой деп үміттенеді.

“Біз Ауғанстанға пайдалы заңдарды қабылдауға міндеттіміз және біз осы елдегі заңдардың орындалуын қадағалайтын қауқарлы билік болуға тиіспіз. Біз тың бастамаларды қадірлеуге, қолдауға тиіспіз. Біз демократияға сенбейтін кейбіреулерді ұстауымыз керек. Бірақ олар да жаңа үдеріске атсалыса бастады. Біз оларға демократияның пайдасын көрсете білуге тиіспіз. Мен осы парламент елдің жарқын болашағы үшін өнегелі парламент болады ғой деп үміттенемін”, - деді Шүкірия Барқзай.

Малалай Жойя (Malalai Joya) – парламенттің төменгі палатасына Ауғанстанның батысындағы Фараһ (Farah) өлкесінен сайланды. М.Жойя – негізінен кешегі әскери басшыларынан, қарулы жасақтардың қолбасыларынан және кешегі Талибан қозғалысының өкілдерінен жасақталған парламенттің құрамына ашықтан-ашық сын айтқандардың бірі. Оған қоса парламент депутаттарының басым көпшілігіне саяси тәжірибе жетіспейді.

“Мен езілген халықтың мұңын мұңдайтын және әйелдердің құқын қорғайтын заң жобасын енгізуге тырысып көремін. “Демократия” деген үндеуді бүркеніп сайланған адамдарға осы демократия үндеуімен өздерінің қылмыстық істерін әрі қарай атқара беруіне мүмкіндік беруге болмайды. Бұл, біріншіден, мен өзімді сайлаған адамдардың мұң-мүддесін қорғаймын деген сөз, ал екіншіден – мен елдің астан-кестеңін шығарған дала қолбасшыларына қарсы күресімде, олардың қандай партияға жататынына немесе олардың жынысына қарамай, жалғастыра беремін деген сөз. Мені халық сайлады, мен соларға үміт артамын”, - деді Малалай Жойя.

Малалай Жойяның айтуынша, ол парламенттің депутаттарын әйел немесе ер деп жікке бөліп қарамайды. Бірақ, деп ескертеді депутат әйел, Ауғанстанның күні кешегі тарихында адам құқын аяққа таптаған немесе тағы басқа қылмыстарды жасағандарға да дәл осылай қарауға болмайды.

Қыркүйек айындағы парламент сайлауында ауған халқы, сондай-ақ, өлкелік кеңестердің депутаттарын сайлады. Өз кезегінде өлкелік кеңестер Ұлттық парламенттің жоғарғы палатасына 102 депутаттың 2/3-ін сайлады. Ауғанстан президенті Хамид Қарзай сенаторлардың қалған 1/3-бірін тағайындады. Малалай Жойяның пікірінше, осы сайлаудың барысында Х.Қарзай тым көп уәжге барды.

“Ең өкінішітісі, біз оны көріп отырмыз, жоғарғы палатаға іріктелген мүшелердің кейбірі қолы қанға боялған. Олардан еш пайда жоқ, олар Ауғанстан халқына төнген қатер болып табылады. Бір кезде қылмыс жасаған адамдарға үкімет тағы да сенім артуға тиіс емес. Оның орнына билік заңнамадан хабары бар және ешқандай қылмысы жоқ кісілерді таңдап алуға міндетті. Х.Қарзайдың осындай шешім қабылдағанын қаншама халық асыға, толғана тосып отыр”, - дейді Малалай Жойя.

“Рейтер” агенттігі Ауғанстандағы соңғы президент сайлауында Х.Қарзайға қарсы дауысқа түскендердің бірі әрі бұрын дала қолбасы болған Юнус Канунидің сөзін келтіреді. Оның пікірінше, дала қолбасыларының дәуірі ескірді, өтті-кетті. АҚШ-та тіркелген адам құқықтарын қорғайтын “Хьюман райтс уотч” (Human Rights Watch) ұйымы тарапынан “әскери қылмыстар жасады” деп айыпталған тағы бір қуатты қарулы топтың қолбасшысы Әбу Расул Сайяфтың мәлімдеуінше, жаңа парламент – Ауғанстанның қазіргі болмысының айнасы болып табылады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG