Accessibility links

1 қаңтардан бастап, «Қазақстан темір жолы» компаниясының темір жолдағы жүк тасымалы бағасы 11 пайызға көтеріледі


Жаңа жылдан, яғни алдағы қаңтардың 1-інен бастап, «Қазақстан темір жолы» компаниясының темір жолдағы жүк тасымалы бағасы 11 пайызға көтеріледі. Бұл туралы Ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлады. Ал, Монополияға қарсы агенттік басшыларының хабарлауынша, жаңа жылдан бастап, Қазақстанда көптеген монополистер өз қызметтерімен тауарларының құнын көтеруді жоспарлап отыр. Дегенмен, тұтынушылар үшін жұбатарлық жаңалықта бар, дейді агенттік өкілдері.

Монополистердің қатысуымен өткен Тариф құру және мемлекеттік реттеуге арналған екінші форумда хабарланғандай, жаңа жылдан бастап жылу беретін кәсіпорын бағаларын агенттік реттеп отыруы мүмкін. Бұл туралы Агенттік төрағасының орынбасары Нұрлан Алдабергенов хабарлады:

- Былтыр заң шыққан, электр қуатының заңы. Сонда жылу бағасын бәсеке анықтайтын, ал жаңа жылдан бастап, жаңа заңда жылу бағасы бекітіледі.

Ал, «Астанажылутранзит» кәсіпорнының бас директоры Айтмұхан Жұмабаевтың айтуынша, монополияға қарсы агенттік тарифтерді реттеуге араласатын болса, жағдай қиындап кетуі мүмкін:

- Өйткені, бізде мысалы, Астананың жылу жүйесі тозған. Уақытында айырбастамасақ, ол жылдан жылға тозады. Оны халық төлеу керек. Егер, халықты ойласақ, онда жергілікті бюджеттен субсидияны ойластыру керек.

Астана тұрғыны Еркін Жанғаскиннің айтуынша, жабдықтар қанша тозғанымен монополистер өз күшімен оны жөндей алады:

- Тозған дегенімен жаңалауға мүмкіншілік барғой. Бірақ, олар оны істемей отыр. Ал халықтың 50 пайызы кедей. Жас жігіттер арба айдап жүр Астанада. Ең жақсы деген Астанада бәрі пәтер жалдайды. Қыздардада жұмыс жоқ. Астанада Бөгенбай, ал Алматыда Сейфуллин көшелерінің бойында тұр.

Монополияға қарсы агенттік төрағасының орынбасары Нұрлан Алдабергеновтың айтуынша, жаңа заңда жылу беретін компаниялардан ашықтық сұралады:

- «Қарағанды жылу компаниясын» мысалға алсақ, 2002 жылы шығындары 22 пайыз болатын. Қазір ол 30 пайыз болып белгіленді. Әрине тариф өседі. Оны ешкімге көрсетпей бекітеді. Біздің айтатынымыз соны тұтынушылар бәрін білу керек. Мысалы, қазір қыстар жылырақ бұрыңғыдан. Бірақ, тарифте бұрыңғы Кеңес одағы кезіндегі шығын бар, әрине, ақша үнемделеді.

Ал, «Қарағанды су» кәсіпорнының өкілі Виссарион Кимнің айтуынша, агенттік табиғи монополиялардың тарифтеріне келгенде кемсітуге барады.

Астана тұрғыны Серік Өмірзақовтың айтуынша, монополистер Қазақстандағы пайдалы қазбалардың барлығын алып алсада, шығынымыз көп дегенді жиі айтады, дейді:

- Бізде әлі монополистер көп. Шағын бизнес көтерілген жоқ. Жердің байлығының бәрі монополистер. Мүмкін үкіметтің өзі бюджеттен бірдеңе қарастырар олардың жағдайы үшін, бірақ, олардың жағдайы жасқы мен білемін. Мысалы, энергетиктерді алсаңыз пайдамыз жоқ деп, пайдасын көрсетпейді, бірақ, қызметкерлері сонша айлық алып жай отырады. Халыққа қызмет көрсетудің орнына кедергі жасайды.

«Қарағанды су» кәсіпорнының өкілі Виссарион Кимнің айтуынша, әкімшілік ресурстар қатты қолданылып келеді. Ал, бұл экономикаға жақсылық жасау үшін жасалып жатқанымен, керісінше кесірін тигізуі мүмкін.

Осылайша, монополистермен монополияға қарсы агенттік арасында пікірталас туғызған мәселе шешілмей келеді. Бірақ, форум ұйымдастырушылары осындай келіссөздердің пайдалылығын айтып, үшінші форум өткізу қажет деп тарқасты.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG