Accessibility links

Шешенстанда 40-қа жуық адам жұмбақты науқаспен ауруханаға түсті


Сенбі күні Шешенстанның Ресейшіл әкімшілігі бірнеше оқушы балалардың белгісіз нәрседен уланып, ауруханаға түскенін хабарлады. Жаңа хабарларға қарағанда, Шешенстанда бұл жұмбақты науқаспен емханаға жеткізіліп жатқан балалардың саны өсіп жатыр.

Сейсенбі күні Шешенстанның Ресейшіл әкімшілігі бірнеше адамның бір белгісіз нәрседен уланып, ауруханаға түскенін хабарлады. Олардың көпшілігі Шешенстанның шығысындағы Старогладовская ауылынан екен.

Ал осыдан бірнеше күн бұрын жас қыздар мен екі мектеп мұғалімі денелері дірілдеп, қолдары мен аяқтары ұйып, тұншыға бастаған соң, жақын арадағы Шелковская ауруханасына жеткізілген. Ал жағдайы ауыр болғандарды кейін республиканың астанасы Грозныйға көшірген.

Шешенстанның денсаулық сақтау министрінің орынбасары әрі Грозныйдағы республикалық балалар ауруханасының бас дәрігері Сұлтан Алимхаджиев “Азаттыққа” берген сұхбатында былай деді:

“Старогладовская ауылында адамдардың жаппай уланғандығы туралы хабар бізге желтоқсанның 15-і күні түсті. Белгісіз нәрседен уланып, ауруханаға түскендердің барлығы 12 мен 16 жастың арасындағы қыздар болып шықты. Келесі күні түстен кейін үш бала біздің ауруханамызға жеткізілді. Олардың біреуі өте ауыр халде еді. Қазір оларды реанимациядан палатаға көшірдік”, - деді Алимхаджиев.

Ал сенбі күні Шешенстанның билік орындары адамдарың жаппай жұмбақты дертпен ауырғандарына байланысты тергеу жұмысын бастаған болатын. Билік орындарының айтуынша, екі күн жағдай тыныш болған және осы диагнозбен ешкім ауруханаға түспеген. Алайда Сұлтан Алимхаджиев дүйсенбі күні тағы бірнеше бала ауруханаға жеткізілді деп хабарлады.

“Желтоқсанның 19-ы күні Старогладовскаядан тағы басқа 12 бала біздің ауруханамызға түсті. Олардың көбі дірілдеп, төсектерінде секіріп, дүрбелеңге түскендей бақыра бастаған. Ауруханаға түскен балалар жүйке ауруына шалдыққан сияқты боп көрінді. Бастапқы диагноз улану еді. Екі қыздың жағдайы өте ауыр. Ауруханамызға тағы екі бала түсті. Қазір ауруханамызда жалпы 19 бала бар”, - деді Грозныйдағы республикалық балалар ауруханасының бас дәрігері Султан Алимхаджиев.

Оның айтуынша, балалардың науқасы 2 минуттан 15-минутқа дейін қатты ұстайды ал басқа уақытта олардың ауруы білінбейді. Бұл жұмбақты дертпен ауырғандардың барлығы қыздар болып шықты. Денсаулық сақтау саласының ресми өкілдері балалар астан уланбаған дейді. Шелковская әкімшілік ауданының басшысы Хусейн Нутаев балалар жүйкені бұзатын газдан уланған болуы мүмкін дегенді айтады.

Сенбі күні “Интерфакс” ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Нутаев соңғы жылдары осымен үшінші рет жұмбақты дерт тіркеліп отыр деді. Оның айтуынша, осыдан бұрынғы екі кезде де дәрігерлер аурудың себебін таба алмаған. Ал Алимхаджиев бұған сынап сияқты ауыр металлдар себеп болуы мүмкін деген болжам айтты.

Шешенстаннан келіп түскен хабарларға қарағанда, осы белгісіз науқаспен ауырғандардың саны өсуде. ИТАР-ТАСС ақпарат агенттігі олардың жалпы саны 39-ға жетті деп хабарлады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG