Accessibility links

Американың ең ірі қалаларының бірі - Нью-Йорктің қоғамдық көлік жүргізушілері жаппай ереуіл өткізуде


10 миллионнан астам тұрғыны бар қаланың күре тамыры бірден тоқтап қалғаны қаншама адамның жұмысқа баруы мен келуін қиындатып, біреулер жаяу-жалпылап, енді біреулердің велосипед мініп, жол-жөнекей жүргінші машина ұстап, жұмысқа жетуіне тура келді. Қала әкімшілігінің айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушілерінің ереуілінен қала қазынасына бір күннің өзінде 400 миллион доллар шығын келтірілген. Штаттың заңына сәйкес жүргізушілердің ереуілі заңсыз, ереуілді ұйымдастырушы Көлік қызметкерлері одағына бір күн үшін 1 миллион доллар айып салынбақшы.

Нью-Йоркта ең соңғы рет көлік жүргізушілердің ереуілі 1980 жылы болған еді. Бірақ онда көктем кезі және ауа-райының қабағы да жылылау болғандықтан, көпшіліктің жүріп-тұру қозғалысы сәл жеңілірек көрінген. Ал 2005 жылғы жүргізушілер ереуілі қыстың аязды таңдарының бірінде, жұмыс күні орын алды.

23 жастағы Файи Симон ауруханалардың бірінде қызмет етеді. 34-көшедегі Манхеттеннен, 135-көшедегі жұмыс орнына жету үшін оған 8 шақырым жерді жаяу жүріп өтуіне тура келген.

«Бұл бір сұмдық болды, мен соншама жерді жүріп өттім, екі аяғымнан түк қалмады. Мен олар өте тез арада бір келісімдерге келеді ғой деп ойлаймын, үміттенемін», - дейді ол.

Симон жүргізушілер ереуілі осы аптаның аяғына дейін аяқталса екен деп тілейді, дегенмен де ол жүргізушілер одағының ереуіл жасау туралы шешім қабылдағанымен келіспейді.

«Мен әр адамның жоғары жалақы мен жақсы өмір үшін күресуге хұқысы бар екеніне сенімдімін. Дегенмен де бәрінің бұлай бірден тоқтап қалғаны шындығында тек өзін ойлаушылық, эгоизм», - дейді Симон.

Көлік жүргізушілер одағының президенті Роджер Тоуссэйнт одақ басшылығы ереуілге шұғыл шақырғанын және қала тұрғындарының қолдау көрсетулерін сұрайды.

«Біз сіздердің түсінгендеріңізді және шыдамдылық танытуларыңызды өтінеміз. Біз символикалық кабиналарды ашық жағдайда, поездарда кондукторларды ұстау үшін, жолақысын жоғарылатуға қарсы тұру үшін тоқтадық. Сіздер де бізбен бірге болыңыздар деп сұраймыз», - деді Тоуссэйнт.

Ереуіл зейнетке шығу жасы мен зейнеткерлік жоспары, денсаулық мәселелерін басты назарға алған. Келіссөздер сейсенбі күні таңғы үште үзіліп қалды. Нью-Йорк қаласының мэрі Майкл Блумберг былай дейді:

«Роджер Тоуссэйнт пен Көлік қызметкерлері одағы ұятты шешім қабылдап, жұмыс істейтін адамдар туралы ойламады және олар заңды құрметтемеді. Көлік қызметкерлері одағының басшылығы Нью-Йорк қаласына арқаларын беріп, коммуналдық қызмет көрсету саласының жақсы атына кір келтірді».

Ереуіл салдарынан қалада жаппай бей-берекеттік орын алады деген қорқынышқа қарамастан, мұнда біршама тыныштық деуге болады. Халық жаппай жұмысқа баратын немесе қайтатын қарбалас кезде арнайы қозғалыс ережелері енгізілді, сөйтіп, көшелерде көліктердің тығындалып қалуы болған жоқ. Манхэттен көшесінде әдеттегіден тыс тыныштық байқалды. Жолаушылардың кейбірі үйлерінен де шықпаған. 49 жастағы Корилас Хейти үйде көмек беретін денсаулық қызметкері, бірақ, төлейтін қағазы болғандықтан кеңсеге баруы тиіс болған, ол жолға екі сағаттай уақыты кеткенін айтады.

«Мен, әрине, мұны ұнатпадым, бірақ мен қажет шаруамды істедім. Науқас адамдарға қамқорлық жасауым керек еді, сол себепті де мен жұмысқа бардым».

Тоғыз шақырымдай жүрдім жолды жаяу жүріп өткенін, бұның өзіндік бір қызық болғанын айта келіп, ол ереуілшілерді қолдайтынын білдірген, өйткені көлікшілер де өз отбасыларын асырауы керек қой, сол себепті олардың талаптары әділетті деп ойлаймын дегенді айтады Корилас.

Нью-Йорк қаласының әкімі Блумберг ереуілдің бір күні қала үшін 400 миллион доллардан астамға түседі, бұл өзімшілдік, заңсыз ереуіл дейді. Нью-Йорк соты Көлік жүргізушілер одағының жұмыскерлеріне ереуілдің әр күніне 1 миллион айып сала алады екен. Осы штаттың заңына сәйкес, Көлік жүргізушілер қоғамының 33 мыңнан астам жұмысшысы ереуілге шыққан әр күні үшін екі күннің еңбекақысынан айрылады. Жаңадан ешқандай келіссөздің уақыты белгіленбеген, дегенмен де Одақтың заңгерлері арағайындармен кездесуді жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG