Accessibility links

Ауыл мәдениетін көтеруге қатысты жобаның іске аспауына алаңдаған зиялы қауым өкілдері үндеу таратты


Қазақстандық «Жарық» компаниясы ТМД мемлекеттері арасында алғаш рет ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері мен клубтарға электронды кинотеатр желісін орнату жобасын 2004 жылдың күзінен бастап іске асыра бастаған болатын. Осы жобаға Қазақстанның инновациялық қоры 2,5 млн доллардың қаржы бөлген еді. Содан бері Қазақстаның 8 облысындағы 133 ауылдық елді мекендерде ұйымдастырылған кинотеатрлар желісі қазіргі таңда қаржы қиындығынан жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр.

«Жарық» компаниясы жүзеге асырған бұл жоба жер серігінің көмегімен алыстағы елді мекендердегі әлгі кинотеатрлар желісі арқылы ауыл халқына көркем және деректі фильмдерді тамашалау мүмкіндігін береді. Алайда, жоба басталғаннан кейін арада жылдан сәл астам уақыт өткенда «Жарық» компаниясы өзін-өзі ақтамай отырған осы жоба жұмысын желтоқсан айының 4-інен бастап тоқтатуға мәжбүр болды.

Ауыл тұрғындары үшін аса маңызды бұл жобаның тағдырына енді Қазақстандық зиялы қауым өкілдері көпшіліктің назарын аударып үн қосып отыр. Желтоқсанның 22-сі күні Алматыда бір топ қоғам және мәдениет қайраткерлері осы жобаға қатысты үндеу таратты. Оған қол қойғандардың бірі - қоғам қайраткері Болатхан Тайжан, ауылдық жерлерде қазақстандық және шетелдік тарихи, танымдық фильмдерін қазақша және орысша екі тілде бірдей көрсете алатын бұл жобаны мәдениет, ақпарат және спорт, білім, ғылым министрліктері, президент әкімшілігі қолдағанына қарамастан орта жолдан өз пайдасын көксегендер жобаның іске асуына кедергі келтіріп отыр дегенді айтады.

«Жарық» компаниясының бас директоры Нұрлан Әлібаевтың айтуынша, әрбір ауыл кинотеатрына қажет құрал-жабдықтың бағасы 2 млн теңге екен.

«Әр ай сайын компания қажет фильмдерді сатып алуға және телебайланыс спутнигін пайдаланғаны үшін 25-30 мың доллар төлейді. Бүгінгі күні жоба бойынша құрылған ауыл кинотеатрлары компанияға 18 млн теңге көлемінде қарыз болып отыр, солайша бұл жобаны тоқтата тұруға мәжбүр етті. Алайда, бір топ зиялы қауым өкілдері компания басшылығына қайырылып, ауыл қазағына қажет бұл жобаны тоқтатпайық, іске асырайық деп кеңес еткен соң амалсыз 2006 жылдың қаңтар айының 1-інен бастап жобаны қайта іске асыруды қолға алуға тәуекел етейік деп отырмыз», - деді ол.

Оның айтуынша, компания үшін қаржы қиыншылығынан құтылудың ең дұрыс жолы бұл жобаны мемлекет бюджетінен қаржыландыру болмақ. Алайда осы мақсатпен компания мемлекет бюджетінен 268 млн теңге қаржы сұраса да ол бюджет талқылауы кезінде қолдау таппаған.

М.Әуезов, Г.Бельгер, Д.Исабеков, Б.Тайжан секілді зиялы қауым өкілдері желтоқсанның 22-күні өздерінің таратқан үндеулерінде осы мәселеге үкімет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінсе, 2006-2008 жылдарға арналған ауылды қолдау бағдарламасы бойынша электрондық кинотеатрлар жөнінде арнайы бағдарлама қабылданса деген тілек білдіріпті.
XS
SM
MD
LG