Ресейге аттанары алдында архиепископ Джиованни Лайоло журналистермен кездесіп, өзінің осы сапары екі шіркеудің арасындағы “қиын қарым-қатынасты” түзетуге септігін тигізер деген үмітін білдірді. Ватиканға қайтқан бойда ол, алайда, екі жақты байланысты айтарлықтай жақсартуға әлі тым ерте болса керек дегенді айтты. Дипломатиялық мүддемен барған кардинал Мартино Мәскеуге сапарының соңында Лайолоның осы пікірін қолдағандай болды. Журналистердің “ХХҮІ-ншы Бенедикт жуырда Мәскеудің және бүкіл Ресейдің Патриархы ІІ-нші Алексийге қонаққа бара ала ма?” деген сауалына кардинал Мартино ондай кездесудің дереу бола қоймайтынын атап көрсетті.
“Біз кіші қадамдардан бастаймыз. Содан кейін ғана нақты іс басталады. Метрополит Кирилл және мен өзара кездесуіміздің барысында жүрекжарды түсіністік тапқанымызды мен бірнеше рет айттым және біздің бірлесіп атқара алатын істеріміздің барлығын көруге дайынбыз. Біз мұны ынтымақтастық деп мәлімдедік және бұл бастама ғана... одан кейін ісіміздің алға басқанын көре аламыз. Біз соған үміт артамыз”, - дейді Р.МАРТИНО.
Орыстың православие шіркеуімен арадағы текетірес - Бенедиктің алдындағы Рим Папасы, марқұм ІІ-нші Иоанн Павелдің 1991-інші жылы Совет Одағының ыдырауынан кейінгі Ресейге бармақ болған арманының орындалуына бөгет болды. Әділ сот және Бейбітшілік жөніндегі Ватиканның епископтар Кеңесінің басшысы болып табылатын кардинал Мартино өз ықтияры бойынша Патриарх ІІ-нші Алексиймен кездеспекші болды. Алайда орыс шіркеуі “техникалық себеп” деген желеумен бұл кездесуден бас тартты. Кейінірек ІІ-нші Алексий сырқаттанып қалды деп жарияланды.
Ресей үкіметі осы 2 шіркеудің арасындағы қатынасты жылытуға және Рим Папасының Мәскеуге сапармен келуіне жол ашуға тырысып көрді. Ресей президенті В.Путин осы бастаманы жеке өзі қолдап, сыртқы істер министрі С.Лавров өткен маусым айында Ватиканға сапарға барып қайтты. Патриарх ІІ-нші Алексий, алайда, католик шіркеуін Ресейде халықты өз дініне тартты деп айыптаған райынан қайтпай, оның өз сөзімен айтқанда, егер Ватикан Ресейдегі агрессивтік миссионерлік іс-қимылын ауыздықтамаса, Рим Папасын күтіп алмайтынын кесіп айтты.
Вильфрид Вейлинг (Wilfried Wehling) – 1999-ыншы жылдан бері Ресейде жүрген неміс священнигі. Оның атап көрсетуінше, 2 шіркеудің арасындағы теке-тірес – көбіне орыстың православие шіркеуінің өзін Ресейдегі христиандықтың бірден-бір әрі заңды өкілі деп қарастыруынан туып отыр.
“Ортодокс немесе шіркеуін ресми шіркеуге айналдыру ұмтылысының барлығы айқын. Православие шіркеуімен бірге еврейлерді, мұсылмандарды және буддистерді Ресейдің тарихи 4 діни қауымдастығы ретінде мойындайтын құжат бар. Және, әлбетте, православие шіркеуінің өзін христиандықтың өкілі ретінде көргеніне христиандар қаншалықты мүдделі”, - деді В.ВЕЙЛИНГ.
Екі жақтың арасы Рим Папасы ІІ-нші Иоанн Павел Ресейдегі католик шіркеуінің мәртебесін көтеріп, жаңа да тұрақты 4 епархияны тағайындаған 2002-нші жылы алшақтай түсті. Мәскеу Патриархы бұл шараны “жауыздық актісі” деп бағалап, Ватиканның аға өкілі, кардинал Уолтер Каспермен кездесуден бас тартты. Өз кезегінде Ватикан Ресейдің шағын ғана католик қауымдастығын қолдағысы келгенін айтып, шіркеудің мәртебесін көтерген әрекетін ақтауға тырысып бақты. Соңғы бірнеше жыл ішінде талай католик өкіліне Ресей визасы берілмей, бұл әрекетті бірқатар бақылаушының Ресей католиктеріне қарсы “науқан” немесе “репрессия” деп бағалауына себеп болды.
Мәскеудегі католик метрополиті, архиепископ Тадеуш Кондрусиевичтің (Tadeusz Kondrusiewicz) пікірінше, “репрессия” деген тым асыра айтқандық болады. Бірақ, “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында ол Ресей үкіметі мен дін басшыларының, әрине, католик шіркеуіне бөгет қойғанын мойындады.
“Өте қиын әрі нақты бюрократиялық бөгет бар – виза алудың проблемасы бар, аймақтарға бару проблемасы, шіркеуге рұқсат алудың проблемасы... Бізді діниаралық Кеңеске қабылдамады, олар бізді қабылдамайды, біз үнемі оған кіруге тырысып жүрміз. Олар, сонымен қатар, бізді Қоғамдық Палатаға да алмады. Белгілі қолайсыздықтар бар, бірақ мен оларды “репрессия” деп атай алмаймын”, - деді Т.КОНДРУСИЕВИЧ.
Міне осындай қиын-қыстауларға қарамастан, католик шіркеуі өз қауымдастығының қатарын кеңейту мен бүкіл елдегі қайырымдылық шараларын белсенді түрде жалғастырып отыр. Кейбір бақылаушыны католик шіркеуінің осы белсенділігі орыстың православие шіркеуінің католиктерді жақсы ұйымдастырылған және жақсы қаржыландырылатын бақталасы ретінде сезініп, оларға қарсы тағы да арыздануына түрткі болып отыр деген ойға жетелейді. Қалай дегенде де, Ватиканның қазіргі іс-қимылы екі шіркеудің арасындағы қарым-қатынастың ендігі жерде көбіне орыстың православие шіркеуінің іс-әрекетіне, атап айтқанда – орыс шіркеуінің Ватиканға деген бұрынғы өкпесін ұмыта алуына байланысты болатынын аңғатып отыр.