Accessibility links

Әлем: Зерттеу “құс тұмауы” вирусының өзіне қарсы дәріге төтеп беруге тез жадықтанатынын көрсетіп берді


“Құс тұмауының” пандемиясына алаңдаған бүкіл дүние жүзінің елдері “Tamiflu” деген атауымен белгілі вирусқа қарсы дәрі-дәрмекке миллиардтаған қаржы жұмсауды жоспарлап отыр. “Tamiflu” – бірқатар Азия елінде 70-ке жуық адамның қазасына себеп болған “құс тұмауының H5N1 вирусына айтарлықтай қарсы тұра алған санаулы препараттың бірі болып табылады. Алайда “Жаңа Англияның медициналық журналы” ("The New England Journal of Medicine") бетінде жарық көрген жаңа зерттеу “құс тұмауының” вирусы “Tamiflu” дәрісіне қарсы тұруға тез жадықтану мүмкіндігін нұсқап отыр.

Мұның тарихы жергілікті дәрігерлердің “құс тұмауына” шалдыққан 13 жасар қыз бала мен 18 жастағы бойжеткеннің өмірлерін құтқармақ болған Вьетнамнан басталады. Екеуіне де “Tamiflu” дәрісі егілді. Бірталай күннен кейін екеуінің де денсаулығы түзелгендей болып, бірақ дәріні егу доғарылған соң қыз бала да, бойжеткен де көз жұмды. “Жаңа Англияның медициналық журналында” ("The New England Journal of Medicine") шыққан зерттеуге қарағанда, “құс тұмауының” H5N1 деген вирусы әлгі дәріге еркін қарсы тұра алатын жаңа үлгісіне өзгерді. “Tamiflu” дәрісі егілген тағы 8 адамның төртеуі “құс тұмауынан” көз жұмып, аталған зерттеудің қорытындысы расталғандай болды және бұл оқиға “H5N1” вирусы жұққан адамның аман қалмайтынын дәлелдеп берді. Ағылшын басылымында жарық көрген осы зерттеудің авторы, доктор Менно де Йонгтың (Menno de Jong ) атап көрсетуінше, ендігі жерде “Tamiflu” дәрісін әлдеқайда мол егу немесе ол дәріні ұзақ егу арқылы ол препаратқа күш бітіруі мүмкіндігін зерттеу керек. Нью-Йорк қаласындағы Корнелл университетінің медициналық колледжінің (at the Weill Medical College of Cornell University) вирус аурулары бойынша маманы Энни Москона ханым “Жаңа Англияның медициналық журналында” ("The New England Journal of Medicine") шыққан зерттеуді оқып, одан шығарған қорытындысы қатты алаңдатып отырғанын мәлімдеді.

“Вьетнамдағы оқиғаны қарастырған ”Жаңа Англия журналындағы” зерттеуден туатын қорқыныш – олар “құс тұмауына” шалдыққан сырқат адамдар болатын. Оларды, біз зерттеп жатқандай, “Tamiflu” дәрісінің толық дозасымен емдеді. Дәріні егудің барысында вирус оған төтеп бере алатындай өзгеріп үлгерді”, - дейді маман.

Энни Масконаның пікірінше, әлгі журналдағы зерттеу “Тamiflu” дәрісімен қамтамасыз етуді жоспарлаған үкіметтер үшін жақсы идея, бірақ халық үшін жаман идея болып тобылады. Дәрі-дәрмекке қарсы тұра алатын “құс тұмауы” сынды вирусқа немесе тіпті СПИД-ке қарсы күресудің ең дұрыс жолы, деп түсіндіреді Энни ханым, ол емнің толық курсын қолдану болып табылады. Энни Масконаның айтуынша, әлгі препараттың күші жойылмас үшін және вирустың қарсылығын мейлінше ерте жеңу үшін препаратты мейлінше толық егу керек. Жұрттардың дәрі-дәрмекті достарымен, отбасы мүшелерімен бөлісіп, вирустың тірі қалуына және өзгеруіне мүмкіндік беретіндей дәрі-дермекті толық қабылдамағанында – проблема басталады деп атап көрсетеді Энни ханым. Бұл проблеманы ол былай деп сипаттайды:

“Вирустар грипп тәрізді тез өзгереді. Олардың гендері ылғи да өзгеріп отырады. Егер осындай өзгерістердің бірі артықшылық беретін болса, онда оларға вирус ретінде аман қалуына мүмкіндік береді де, өзгерген вирус көбейіп, вирустың ең басты бөлігіне айналады. Вирустың бірі өзгерген болса, ол “Tamiflu” дәрісіне төтеп беретін вирус болып шығады...”

“Құс тұмауынан” емдеуге жарайды деп есептелетін “Реленза” (Relenza) атаулы басқа бір препарат бар. Энни Масконаның айтуынша, тұмау вирусының осы препаратқа төтеп беретін қасиетін дамытатын нақты уақыты бар. Бірақ оның өзіндік кемшілігі де жоқ емес. Relenza дәрісі, әдетте, тыныс алу жолдары мен өкпені емдейтін болса, ал “құс тұмауы” вирусының дененің өзге мүшелеріне нұқсан келтіретіні мәлім.

Әзірге Азия елдерінде “құс тұмауы” 139 адамға жұқты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы дерттен 70-тен астам адамның көз жұмғанын хабарлады. “Құс тұмауының” қазіргі үлгісі адамға оңай жұқпайды. “Құс тұмауы” дертке шалдыққан құстарға жақындаған адамдарға ғана жұғады деп есептеледі. Алайда ғалымдар “құс тұмауы” адамнан адамға жұғатындай болып өзгергенде ғаламдық пандемия бұрқ етіп шыға ма деп алаңдайды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG