Accessibility links

АҚШ президенті Дж.Буш осы аптада американдықтарды Ирақ турасындағы өз саясатын қолдауға және бұл қиын да игілікті аса қажет істе үміттерін жоғалтпауға шақырды


Біздің Бағдадтағы тілшілеріміз АҚШ-тың Ирақтағы мақсатын сипаттап, Ирақ адамдарының алдағы Жаңа жылда өз өмірлері қалай болады, елінің болашағы қандай деген тұрғыдағы көзқарас-пікірлерін білуге тырысқан еді.

Жалпы, АҚШ президенті Дж.Буштың әкімшілігі 2005 жылдың ең соңғы айын Ирақтағы жеңіс үшін американдықтардың қолдауына қайта ие болуға талпыныс жағдайында өткізді. Қарашаның аяғынан бері Буш пен оның жоғары кеңесшілері 2006 жыл мен одан кейінгі мерзімдегі президенттің бағдарламасын айқындаған арнайы баяндамалар жасап, баспасөз-мәслихаттарын өткізді. Мәселен, сейсенбі күні Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Стефен Хадлей Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығында сөйлеген сөзінде дәл қазір барлық американдықтардың Буштың Ирақтағы жеңіс үшін жоспары аясына бірігетін уақыты деп атап көрсетті.

Хадлей АҚШ Ирақта қандай істер атқаратыны турасында тереңнен толғап шешті дей келе, ешкім де Ирақтағы Америка жасақтарын кері қайтарудың жайын президент Буштан артық қаламайды, дегенмен де американдықтардың барлығы да Ирақта қауіпсіздік пен демократия түбегейлі орныққанын жақсы көреді және бұны екі жақтың да Ирақтың да, АҚШ-тың да қауіпсіздігі үшін деген.

- Ирақтың табысы үшін маңызды дегенді түсінетіндердің жалпы бұл істерді бірлесіп атқаратын уақыты келді. Ирақ халқы мен біздің ұлтымыздың қауіпсіздігі бұдан төмен нәрсеге лайықты емес.

Хадлей Ирақ өз қауіпсіздігін тек ішкі бүлікшілерден қорғауы тиіс емес, сондай-ақ басқа да жайттардан, әсіресе, көршілес жатқан Ираннан да қорғауы керек, Иран АҚШ-тың да, сондай-ақ халықаралық қауымдастықтың да алаңдаушылығын туғызып отыр дейді.

Ал Ирақ азаматы 28 жастағы Лаитс Халил Амара провинциясындағы денсаулық орталығында жұмыс істейді. Ол Ирақтың экономикасы қатты алаңдатады дегенді айтады.

- Мен келесі жылы экономика жақсара түседі деп үміттенемін. Мемлекеттік қызметкер ретінде мен жалақымның жоғарырақ болғанын қалаймын, азық-түлік және басқа да күнделікті қажетті деген заттардың бағасы өсіп барады. Біздің еңбекақымыз да сол қымбаттауға сай болады ғой деген ойдамын.

Ирақтың бұрынғы мәдениет министрі Мұфид әл-Жазари 2006 жылы Ирақтың демократиялық мемлекет ретіндегі дамуында маңызды кезең болады деген сенімдемін дегенді айтады.

- Мен биылғы жылдың өзінде болған үшінші сайлаудан кейін ең үлкен оптимистік ойдамын. 2005 жыл шындығында Ирақтың болашақ дамуы үшін шешуші жыл болды. Біз өтпелі кезең аяқталды деп есептейміз. Жаңа Ирақты құру мен Конституциялық, демократиялық мекемелердің негізін қалаудың алғашқы қадамдары келесі жылы басталады.

Бағдадтағы университеттің студенті, болашақ инженер Самер Абдел Разақ Ирақтағы өмір жайында өз ойларын ортаға салып, қазір қауіпсіздіктің бұдан бұрынғы кездерімен салыстырғанда жақсара түскенін тілге тиек етсе, Ирақ астанасындағы қыздар мектебінің мұғалімі Рафида Али мұнда әлі де кейбір құрбандықтар кездесіп жатқанына қарамастан, өзінің болашақ туралы оптимистік ойда екендігін айтады. Жалпы алғанда 2003 жылы АҚШ Ираққа кіргеннен бергі уақыттың ішінде барлығы 30 мыңдай Ирақ азаматы қаза тапқан делінеді кейінгі деректерде.
XS
SM
MD
LG